ШАҒЫН ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІ САҚТАП ҚАЛУ ӨҢІР САЯСАТЫНА БАЙЛАНЫСТЫ

144

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет кулуарында журналистерге берген сұхбатында Қазақстанда 50 немесе одан аз адам тұратын мыңға жуық ауыл бар екендігін мәлімдеді.

Қазақстанда 6 293 ауылдық елді мекен бар, оның ішінде 2800-дей ауылдың даму әлеуеті төмен.

«50 және одан да аз адам тұратын, айтарлықтай алыс жерлердегі ауылдар бар. Ол жақтарға қымбат тұратын көлік жолдарын тартып, шағын жинақты мектеп тұрғызу қисынсыз. Ресурс барлығына бірдей жетпегендіктен, рационалды тұрғыда қарап, кей жерлерде мек-тепті бірнеше ауыл қарайтын ауыл-дық округтің орталығына салып, оқушыларды тасымалдау тиімдірек болуы мүмкін. Сонымен қатар, емханаларды да сондай ауылдар жақын орналасқан тірек ауылдарға салуға болады. Қазір елде 3500 тірек және спутниктік ауыл бар. Бұл ауылдарда 7,8 млн-ға жуық адам тұрады», – деді Әлібек Қуантыров.

Министрдің айтуынша, Қазақстанда 50 немесе одан аз адам тұратын 1 мыңға жуық ауыл бар. Олардың басым бөлігі Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола облысы сынды солтүстік облыстарда орналасқан.

Әлібек Қуантыров мұндай әлеуеті төмен ауылдардың ел картасынан жойылып кетуі қалыпты процесс екенін айтты.

«Соңғы 15 жылда шамамен 1 мың ауыл бір жерлерде пайда болып, бір жерлерде жойылып жатыр. Себебі адамдар табиғи түрде ауылдан көшіп жатыр. Жартысы қалаға, жартысы басқа ауылдарға, аудан орталықтарына көшіп кетеді. Кей жерлерде, керісінше, жаңа ауылдар пайда болып жатады. Ал кей ауыл-дар жойылып кетеді. Бұл қалыпты процесс», – деп түсіндірді министр.

Министрдің дерегінше, соңғы 15 жылда ауыл халқының саны 47 пайыздан 40 пайызға төмендеген. Бірақ халық саны да өсіп жатқандықтан, ауылдағы адамның саны өзгермеген. Министрдің айтуынша, онда жалпы ауыл халқының 10 пайыздан астамы тұрады. Шамамен 700 мың адам. «Әлбетте, бұл ауылдардан алдағы уақытта халық көше береді. Кейбіреулерін қолдап, қалпына келтіретін болармыз. Бәрі де аймақтың саясатына байланысты», — дейді Қуантыров.

«Сауран-ақпарат».