ЖҮЙНЕКТІКТЕР ЖЕКЕШЕЛІК ЖЕРЛЕРДЕН ЖЕРІНУДЕ

197

Тұрғындар мен билік арасындағы байланыстың бір көрінісі – есептік кездесу. Өйткені, мұнда халық ауданның дамуы, экономикалық жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы мәліметтерден атқарушы биліктің өз аузынан хабардар болады. Сондай-ақ, өздерінің ұсыныс-талаптарын ортаға салуға мүмкіндік алады. Есепті кездесуін аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев Жүйнек ауыл округінің тұрғындарымен жалғады. Алдымен аудан басшысы ІІ тоқсанда атқарылған жұмыстарға егжей-тегжейлі тоқталды. Жалпы алғанда былтырғы жылы ауданда іргелі істер мен ірі жобалар іске асырылып, көптеген жұмыстар қолға алынған.

Аудан әкімінің баянынан кейін ауыл тұрғындары көкейкесті сұрақтарын қойып, талап-тілектерін айтты.

Тұрғындар жер қойнауын заңсыз пайдаланғандарды тоқтату, шалғайдағы егістік жерлерге құдық қазу, электр бағаналаларын ауыстыру, Қарнақ ауылының жерін Жүйнек ауыл округіне қайтару сынды бірқатар мәселелерді көтерді. Аудан әкімі өзіне қойылған сұрақтарға нақты әрі тұщымды жауап берді.

-Расында аудан үшін ағын су, жайылымдық жер өткір мәселе. Жерлерді мемлекетке қайтару жұмыстары жолға қойылды. Нәтижесінде кейбір ауыл округтерінде ортақ жайылымдық жердің көлемі артып жатыр. Ал, ағын су тек бір ауданға ғана қатысты мәселе емес. Оны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Проблема бүгін ертең шешіледі деп уәде бере алмаймын. Ол үшін өңір бойынша жүйелі жұмыстануымыз керек. Ал жол салу, бағаналарды жаңарту ретімен шешілетін мәселе,-деді жиында Ғалымжан Қарабайұлы.

Жасыратыны жоқ, қала іргесіндегі қойнауы құт байлыққа толы қоныс Жүйнектің жеріне көз сүзгендер кезінде көп болған. Келмеске кеткен Кеңес дәуірі тараған тұста ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен шұрайлы жайылымдық жерлер қазір құдды майдан даласындағы қанды қырғыннан кейінгі бомба түскендей шұрық-тесік, шаңы аспанға шыққан. Оған жақын ауылдардың тұрғындары қоқыс қалдықтарын, малдың терілері мен өлекселерін апарып тастайды. Бұдан жер асты сулары да ластанып, қоқыстың иісі мен бықсыған түтіні қасынан өткендердің жүрегін айнытып, басын айналдырады. Мұны жасап жүрген кімдер деген орынды сұрақ туындайды. Әрине, оларды елдің бәрі біледі. Билікке жақындар мен бай-бағыландар.

Түркістан облыс орталығы атанғандықтан, Сауран ауданының мәртебе алуына байланысты, қала іргесіндегі жерлердің бағасы шарықтаған тұсында ғана халық көптеп шоғырлана бастағандықтан оң-солын түгендеген қаймана қазақтың есіне кезіндегі пай үлестері түсті. Бірақ кеш қимылдады. Алайда «ештен кеш жақсы».

Ауыл тұрғыны Бақтыбай Омардың айтуынша, жақын маңдағы қиыршық тас өндіретін зауыттардың жартысынан астамының лицензиясы жоқ. Жұртшылықтың талабы — заңсыз жұмыс жасап жатқан, ауылға экологиялық апат алып келген, табиғи балансты өрескел бұзып отырған кәсіпорындардың лицензиясын тартып алып, жайылымдық жерлерді қалпына келтіру. Бұған Сауран аудандық әкімдігінің Кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Сұлтанғали Шакиров тыңғылықты жауап берді.

— Қазіргі таңда аудан көлемінде 31 жер қойнауын пайдаланушы бар. Бұл жерде халықтың шағымы тұрғындардың ауыз суын ішіп отырған құдықтарының суының күн санап тартылып бара жатқандығы. Кей қиыршық тас зауыттары төрт метрден тереңнен қиыршық тас алып жатыр. Мұның барлығына кешенді тексеру жүргізіледі. Біз осыған орай Түркістан облысының әкіміне шығып, маркшейдерлік тексерулер жүргізуге рұқсат алып отырмыз. Заңды бұзғандардың лицензиясы қайтарылатын болады.

Мұндағы жаңадан жер иеленушілер бау-бақша және балық шаруашылығы үшін деп алып, жерлерін қоршалаған. Сол аумақтың барлығының жерін, мемлекеттік актісін, жерді қазу жұмыстарының заңдылығын тексереміз. Оның экологиялық эмиссиясы болады. Олар жерді қазбас бұрын жергілікті халықпен кездесіп, тұрғындардың рұқсатын алуы керек еді. Оны түбегейлі тексереміз. Облыстан маркшейдер шақырып жатырмыз. Солармен бірлесіп, қазылған жердің аумағын анықтап, экология басқармасына және полицияға шағымданып үлкен көлемде айыппұл салынатын болады. Немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

А.Югнаки мектебінің жылыту қазандығы қайта жөндеуді қажет ететін көрінеді. Оған бюджеттен бөлінген 27 миллион теңге қаржының аздығы тілге тиек етілді. Ауыл тұрғындарының қыстың көзі қырауда балалары жылы мектепте оқыса деген тілегі бар. Аудан әкімінің айтуынша, мәселе оңтайлы шешіледі. Оқушылар жылы мектепте оқиды. Тиісті сала маманы да осылай жауап берді.

Тұрғындарды алаңдататын тағы бір мәселе, мектептің алдындағы көше. Тұрғындар мектепке баратын келетін балалардың қауіпсіздігі үшін жаяу жүргіншілер жолағына сақшы немесе қоғамдық жұмысшы қоюды сұрады. Жүйнек елді мекенінде ұялы телефон байланысы нашарлығы айтылды. Ұялы байланыс антеннасы қойылса дейді тұрғындар.

Сондай-ақ, әкім ауданның әлеуметтік – экономикалық даму бағдарламасына айрықша көңіл бөлетінін жеткізді. Жиын соңында жаңадан сайланған ауылдық округінің әкімі Төребай Асқарұлына Жүйнектегі жұмыстарды жүйелеуді тапсырды. Алдағы уақытта ауданның қарқынды дамуы үшiн ауыл шаруашылығы және құрылыс, коммуналдық мәселелердi шешу, инвестиция тарту жұмыстары жанданатынына ауыл тұрғындары сенім білдірді.