ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫНЫҢ ЖАУҺАРЫ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРАДЫ

157

Көне қаланы қайта жаңғырту жұмыстары басталады. Аудан әкімінің орынбасары Мақсат Таңатаровтың төрағалығымен өткен жиында жобасы талқыланды.

Жиынға «Қазқайтажаңарту» мекемесінің бөлім басшысы Лаззат Бейсембаева, «Әзірет Сұлтан» музейінің қызметкерлері археолог Тұяқбаев Марат пен ескерткіштерді қорғау бөлімінің басшысы Асылхан Кәрім қатысты. Қалашық Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан. ЮНЕСКО-ның тізіміне енген тарихи ескерткіштің бірі. Ендігі мақсат қалашықтың тарихи келбетін сақтай отырып, қайта жаңарту. Бұл археологиялық тарихи нысанды сақтап қалудың бірден бір жолы.

— Сауран қалашығын қорғаудағы басты мақсат түсінікті. Қалашықты тек аспан асты мұражай жасап қою жеткіліксіз. Үлкен туристік аймаққа айналдыруымыз қажет. Түркістан қаласындағы «Керуен сарайдың» екінші бөлігін осы Сауран қалашығында салуға болады. Оған әлеует жетеді. Қалашықты көз алдымызда жоғалтып алсақ ата тарих кешірмейді. Өшіруге емес, қалашықты өсіруге жұмыс жасаймыз, — деді Мақсат Асылбекұлы.

Жоба қолға алынатын болса, ауқымды жұмыс басталады. Алдымен туристерге жағдай жасалынуы тиіс. Өңірлік туризмді дамытудағы басты талап нысанның тарихи келбетін сақтап қалуға күш салу қажет. Ұлы Жібек жолы жаңғырса — бабалар жолы қайта түлейді. Сауран ауданы мәдени — тарихи орталыққа айналары сөзсіз. Жиын соңында Сауран қалашығын сақтау, қорғау бағытындағы жұмыстар әр тараппен келісілген түрде жүргізілетін болып қорытындыланды.