“Е-ҚЫЗМЕТ”, “Е-ӨТІНІШ”, “Е-ЛИЦЕНЗИЯ” ЖҮЙЕСІНДЕГІ КЕМШІЛІКТЕР ҚАРАЛДЫ

165

Сауран аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі аппаратының басшысы Қуандық Құлажановтың төрағалығымен жиналыс болып өтті. Жиынға ауылдық округ әкімі аппаратының және дербес бөлімдердің жауапты мамандары қатысты. Жиналыстың күн тәртібінде «Е-Қызмет», «Е-Өтініш» және «Е-Лицензия» жүйесіндегі бүгінгі таңға дейін орын алған кемшіліктер туралы мәселе қаралды.

Күн тәртібіндегі алғашқы «Е-Қызмет» мәселесі бойынша аудан әкімі аппаратының персоналды басқару бөлімінің басшысы Нұрбек Әшіров хабарлама жасады. Баяндамашының мәлімдеуінше ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің 19.10.2023 жылғы №06-39-03/2571 хатының негізінде, «Е-қызмет» ықпалдастырылған ақпараттық жүйесі арқылы мемлекеттік қызметшілерге қатысты өздерінің бастамасымен өтініш, қызметтік жазба, жалақысы сақталмайтын демалыс тағы басқа құжаттар рәсімдеу кезінде қызметшілердің уақытын үнемдеуге және қағазсыз кадрлық іс жүргізуге көшуге негізделген. Сонымен қатар, «Е-қызмет» жүйесінде жұмыстарды өз деңгейінде жүргізбеген ауылдық округтер мен дербес бөлімдерді атап өтіп, тиісті шара көруге ұсыныс берді.

Бұдан бөлек, аудан әкімі аппаратының құжаттандыруды қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Нұржан Тұрысбеков 2023 жылдың 10 айының қорытындысымен аудан көлемінде түскен арыз-шағымдар туралы баяндап өтті. Жеке және заңды тұлғалардың арыз-шағымдарының мерзімінде және сапалы орындалуын, «e-otinish» ақпараттық жүйесінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік Рәсімдік-Процестік Кодексіне сәйкес жұмыс жүргізілудің тәртібі, кемшіліктерге, заң бұзушылыққа жол берілмеу керектігі түсіндірілді.

Мәжілісті қорытындылыған аудан әкімі аппаратының басшысы Қуандық Құлажанов күн тәртібіндегі қаралған мәселелер бойынша ауылдық округ әкімі аппаратының және дербес бөлімдердің жауапты мамандарына нақты тапсырма беріп, тиісті мамандарға шара көрілетінін атап өтті.