САЛАҒА МОЛ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛУДА

133

Биылғы Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз. Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет», — деген болатын.

Осы орайда Сауран ауданының агроөнеркәсіп саласының мамандары «Алтын күзді» толайым табыстармен қарсы алып отыр. Ауыл шаруашылығы саласына биылғы жылы 8,1 млрд.теңге инвестиция тартылды. Бұдан бөлек, 2024 жылға жалпы құны 10,9 млрд теңгені құрайтын бірнеше инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда. Атап өтетін болсақ, Шорнақ ауылдық округінен «Мусабеков Қуанышбек» шаруа қожалығы 400 гектарға тамшылатып суғару әдісі арқылы жоңышқа егу жобасын іске асырмақ. Инвестициялық жобаның құны 1,4 млрд. теңгені құрайды. Жібек жолы ауылдық округінен «JMJ Агро» ЖШС 1000 гектарға жаңбырлатып суғару әдісін енгізбек. Инвестициялық жоба құны 1,6 млрд. теңгені құрайды. Жаңа Иқан ауылдық округінен «АгроХолдинг Түркістан» ЖШС 1400 гектарға жаңбырлатып суғару әдісін енгізу жобасын қолға алғалы отыр. Инвестициялық жоба құны 1,6 млрд. теңгені құрайды. Жаңа Иқан ауылдық округінен «Казтекс» ЖШС-і 5 гектар жерге мақта кластерін дамыту үшін ғимарат құрылысы жұмыстарын жүргізуде. Инвестициялық жоба құны 800 млн. теңгені құрайды. Оранғай ауылдық округінен «БНК Агро» ЖШС-і 20 гектар жерге 400 басқа арналған тауарлы сүт фермасын салуды жоспарлауда. Жалпы, инвестиция құны 2 млрд. теңгені құрайды. Сонымен қатар, Шаға ауылдық округінен «SULTAN AGRO GROUP» ЖШС 10 гектар жерге 600 басқа арналған тауарлы сүт фермасын салу жоспарлауда. Жалпы, инвестиция құны 3,5 млрд. теңгені құрайды.