«САУРАН ӨҢІРІНДЕ ТУРИЗМ САЛАСЫНЫҢ БОЛАШАҒЫ ЗОР»

224

Сауран ауданы кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Болысбек ШӘРІПБЕК:

«САУРАН ӨҢІРІНДЕ ТУРИЗМ САЛАСЫНЫҢ БОЛАШАҒЫ ЗОР»

Мемлекет басшысы Үкіметпен өткізген онлайн конференциясында елімізде барынша тұрақтылық пен тәртіпті қалпына келтіру керек деген тапсырманы қадап айтты. Өйткені, саяси жағдайы тұрақсыз елге инвестиция да келмейді.

Сауран ауданының маңындағы саяхатшыларды қызықтыратын орындарда қазіргі таңда инфрақұрылымдық нысандарды көптеп салу уақыт күттірмейді. Мәселен, Түркия мемлекеті саяхатшыларды тарту арқылы ел экономикасының табысты саласы болып отыр. Сол секілді саяхатшыларды көптеп тарту арқылы такси жүргізушілері, түрлі деңгейдегі супермаркеттер, қонақүйлер, хостелдер, мейрамхана, дәмханалар, гидтер табыс таба алады. Сондықтан осы қызмет көрсету салаларының мамандары бірнеше тілді меңгеріп, қызмет көрсету сапасын тиісті деңгейге көтеруі тиіс.

Сауран ауданының орталығы Түркістаннан он шақырым жерде орналасқан. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық магистральдың бойына қоныс тепкен Шорнақ ауылының бағы жанып аудан орталығы атағына ие болғалы Бас жоспары түзіліп, сол негізде ұйымдастыру шаралары жүргізілуде. Аудан әкімі Ғани Рысбековтың шебер ұйымдастыруы нәтижесінде өткен жылы ауданның киелі жерлері мен тарихи орындарына мыңдаған саяхатшылар келіп кетті. Аудан орталығына келген саяхатшыларды орналастыру орындарымен қамтамасыз ету мақсатында әртүрлі дәрежедегі қонақ үйлер, хостел тағы басқа нысандарды көптеп ашу үшін кәсіпкерлерге «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын түсіндіру мақсатында кездесулер ұйымдастырылуда. Биылғы жылы бір қонақ үй, бір хостелді іске қосу жоспарланып отыр.

Ауданды жалпы жұртшылыққа таныстыру мақсатында бейнероликтер түсіріліп, бейнеөнімдер телеарна арқылы көрсетіліп, бірқатар сайттар мен әлеуметтік желілерге орналастырылды.

Ауданымызда «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи- мәдени қорық-мұражайының қарамағына кіретін 61 тарихи нысан бар.

Олардың ішінде Түркістан қаласынан 43 шақырым солтүстік батысқа қарай Қызылорда облысының әкімшілік шекарасынан бір жарым шақырым жерде орналасқан «Самара –Ташкент» автокөлік жолынан екі шақырым жердегі оңтүстікке қарай темір жолдан 500 метр жерде ортағасырлық қамал Сауран үйіндісі бар. Сауран шаһары 12 ғасырда үлкен сауда орталығы болған. Аспан астындағы көне жәдігеріміз –Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік мұражай-қорығының қорғауына кіреді.

Үкаша Ата, Сауран ауданына қарасты «Серт» елді мекенінің солтүстігінде 12 шақырым жерде орналасқан. 1996 жылы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының қарамағына берілді. Қорғау аумағы 100 гектарды құрайды.

Сондай-ақ, саяхатшылар ежелгі қала Сауранға, Үкаша ата және Қаратаудағы Жылаған ата үңгіріне қызығушылық танытады. Ол жерде теңіз деңгейінен бірнеше метр биіктікте судың қалай пайда болып, бір сәтте жоқ болуын көруге болады. Бұл жерге жыл сайын екі мыңнан астам адам зиярат етуге келеді. Олардың ішінде Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан, Қытай мемлекеттерінен туристер келеді.