КІШІ ФУТБОЛДАН ТУРНИР ӨТКІЗІЛДІ

140

Шаға ауылдық округінде 15-қараша Ұлттық валюта теңгенің 30 жылдығына орай, бұқаралық спортты дамыту мақсатында ұйымдастырылған аудан әкімдігінің мемлекеттік мекеме қызметкерлері арасында кіші футболдан аудандық жарыс өткізілді.

Жарысқа жалпы саны — 8 команда қатысып, өзара кіл мықтыны анықтады. Атап айтар болсақ, Сауран ауданы әкімі аппараты, аудандық кірістер басқармасы аудан әкімдігінің дербес бөлімдері мен ауылдық округ әкімі аппаратының қызметкерлері қатысты.

Айтулы жарысқа аудан әкімінің орынбасары Ербол Жанғазиев қатысып, бұқаралық спортты дамытуда осындай жарыстардың көптеп өткізуін айта келе, спортты серік еткен жандарға сәттілік тілеп, сайыста тек мықтылардың жеңіс тұғырынан көруіне игі тілегін жеткізді.

Жарыстың ережесіне сәйкес, аталмыш командалар 2 топқа бөлініп, өзара жарыс көркін қыздырды. Сонымен сайыс нәтижесі бойынша өзгелерден озық ойын өрнегін көрсеткен Сауран ауданы әкімі аппараты мен экономика және қаржы бөлімінен құралған Қаржы-герлер командасы І орынды иеленді. Ал, жүлделі ІІ орынды Үшқайық, Майдантал, Жібек жолы ауылдық округтерінен құралған Ауылдар командасы иемденсе, жүлделі ІІІ орын Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне бұйырды.

Жарыста үздік ойын көрсеткендері үшін «Үздік ойыншы» номинациясымен Болат Әлжанов, «Үздік қақпашы» номинациясымен Ердәулет Амангелді, «Үздік шабуылшы» номинациясымен Жолдас Мырзабеков танылды. Жарыс жеңімпазы мен жүлдегерлеріне аудан әкімінің арнайы дипломы және қаржылай сыйлықтар табысталды.