САУРАН АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ, МАҚСАТ ТАҢҒАТАРОВ: «ЖҰМЫССЫЗДЫҚТЫ ЖОЮ БАҒЫТЫНДА ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ЖАСАУ ҚАЖЕТ»

168

Аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен аудан көлемінде бюджеттің кіріс көздерін ұлғайту, кәсіпкерлік нысандарға түгендеу жұмыстарын жүргізу, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың санын қысқартып, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша мәселелер қаралды. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, кеңесшілері, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және тиісті сала басшылары қатысты.

Мәжілістің күн тәртібінде мәселе бойынша аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Байдулла Кішібаев жергілікті бюджеттің кірістері бойынша 2023 жылдың қорытындысымен болжамды орындалуы және 2024 жылға жоспар көлемін ұлғайту туралы хабарлама жасады. Онда жергілікті бюджет түсімдерін ұлғайту және қосымша кіріс көздерін анықтау бойынша талдау жұмыстарының жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Аз қамтылған азаматтардың табысын арттыру және өмір сүру деңгейін жақсарту мақсатында ауданда бірқатар жұмыстар атқарылып, әлеуметтік көмектер көрсетілуде. Соңғы 2022-2023 жылдың қорытындысымен салыстырғанда кедейлік деңгейін және тиісінше атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын төмендетудің оң үрдісі байқалады. 2023 жылы ауданда 3938 адам атаулы әлеуметтік көмек алған. (2022 жылы 4904 адам).

2024 жылы кедейлікті төмендету, аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік қолдау мақсатында 569 отбасы (3562 адам) 387,7 млн.теңгеге АӘК-пен қамтамасыз ету жоспарланып, оның 302,7 млн. теңгесі республикалық бюджеттен бөлінген. Ауылдық округтерде мониторинг жұмыстарын жандандыру арқылы АӘК алушылар санын 376 адамға немесе аудан халқының 3,5% төмендету межеленіп отыр.

Мәжілісті қорытындылыған аудан әкімі Мақсат Таңғатаров күн тәртібіндегі қаралған мәселелер бойынша аудан көлемінде бюджеттің кіріс көздерін ұлғайту, кәсіпкерлік нысандарға талдау жасау, түгендеу жұмыстарын жүргізуді, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың табысын арттыру мақсатында жаңа жұмыстарын ашып, жұмысқа орналастыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізуді тиісті бөлімдер мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.

Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі