«Айтамын жарамазан есігіңе…»
Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында «Жарамазан жарасар дәстүріме» атты байқау өтті.
Байқаудың басты мақсаты – жарамазанды өз деңгейінде, мазмұнын бұзбай, мәнерін де, нақышын да құлақтың құрышын қандыратындай дұрыс жеткізу, жарамазан айту мәдениетін насихаттау, ұмыт бола бастаған дәстүрді қайта жаңғырту. Байқауға Шымкент қаласы мен Түркістан облысының төрт ауданынан өнерпаздар қатысты.
Іс-шараны Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаев ашты.
– Қаламыздың мәдениетін дамытуда, салт-дәстүрді дәріптеуде іс-шараның қосар үлесі зор. Байқау нәтижесінде қалыптасқан салт-дәстүріміз насихатталып, жаңаша заманауи үйлесімділікке ие болады, алдағы уақытта жалғасын табады деп сенеміз, – деді Бауыржан Орынтаев.
Шымкент қаласында алғаш рет ұйымдастырылып отырғанымен, жарамазан айту ертеден бар. Көрнекті жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясында Судыр Ахмет деген су жұқпас кейіпкері бар. Өзі шөп басын сындырмайтын жалқау. Жылпостығы да бар. Бірақ, әпенді адам болса да, өз пайдасын жақсы біледі. Қоңтарылау тұратын осы Судыр Ахмет жарапазан (сол кезде осылай айтылушы еді) айту кезінде бір жырғап қалады. Балаларын, әйелін ертіп алып, байшыкештердің үйінің сыртынан жарамазан айтады. Ұялып, бетін басқан балаларын қайрап, «осылай айтсаң көп тәтті, дәмді береді» деп жігерлендіреді.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі бейпіл уақыт. Жарапазан-жарамазан айтып бірдеңе береді-ау дейтін байлардың есігін торауылдаған Судыр Ахмет осылайша есімізде қалып қойған. Жарамазан бір жағынан Рамазан айының құрметіне айтылатын жыр болғанымен, екіншіден, кедей-кепшіктің ән айтып шала тоятын мейрамы екендігін біліп өстік.
Әдет-ғұрып және салт дәстүр орталығында өткен байқау үш кезеңнен тұрды. Сән-салтанаты келіскен сері жігіттерден құралған бес топ жарамазан жырын айту, бата беру, викториналық сұрақтарға жауап беру бойынша сайысты.
– Біз жарамазан айту дәстүрін жаңғырта отырып, әннің береке-бірлікке үндеудегі мәнін ашып, жастардың шығармашылығы арқылы ежелден қалыптасқан салт-дәстүрге жаңаша леп бергіміз келді. Ол мақсатымыз орындалды. Аудандардан келген жастар кішкентай залымызды әуелеген әнге толтырды, – дейді орталық басшысы Бақтияр Спанов.
Ең алдымен үй иесін мақтаудан бастап, ислам дінінің шарттарын уағыздап, имандылыққа шақырып, өсиетке құралған жарамазан айтуышылар ішінен жеңімпаздарды анықтау қазылар алқасына оңай болмады.
Алғашқы болып сахнаға көтерілген «Арыс абадандары» жарамазан жырын жақсы айтып шыққанымен, жеңіске жетуге бұл өте аздық қылатын еді. Қазақтың дін мәселесінде бетке ұстар қазығы Құл Қожа Ахмет Иассаудің ата-анасының топырағынан келген сайрамдықтар жарамазанның бар болмысын көз алдымызға әкелді. Композициясы шырқау шегінде. Әдемі ән. Домбыра, сырнай, дабыл, тастұяқ. Үй иесі шығып батасын беріп, жарамазан сыйына үлкен түйіншек ұстатты. Жастардан отбасына бата сұрады. Бәрі келісіп тұр. Бірінші орынға кімдер бара жатқандығы белгілі бола жаздаған.
Қазақтың хан ордасының орталығы болған сырлы Созақтың серілері жарамазан дәстүріне атақты Сүгірдің Қаратау шертпесімен кірді. Мұнда да тұтастық бар. Сексеннің сеңгіріне шыққан қарт өзімен бірге жасап келген кәрі серігі — қалақ домбырасын жарамазан айтқан жас жыршыға аманаттады. Қалған өнерпаздарды көрдік. Сайрам мен Созақтың мықты дайындықпен келгендігі анық байқалып тұрды.
Бірақ, бас жүлде біреу. Сайрам тобы сүрінді. Бата беруден. Осыдан кейін-ақ, Созақтың айы оңынан туатындығын бағамдағанбыз. Расында, солай болды. Үш кезеңде де мүдірмеді. Бата берген жігіт асабалық өнерді меңгерген, жанынан сөз шығара алатын ақынжанды азамат екен. Жаттанды емес, өз жанынан да қосып, біз көп естімей жүрген, құлаққа әлі сіңісті бола қоймаған бата берді.
Жарыс қорытындыланды. Ардагер актер Әскер Құлданов бастаған, ғалым Мұхтар Анарбеков, имам Мұхамеджан Естеміров қостаған қазылар алқасы шашасына шаң жұқтырмаған «Созақ серілерін» жеңімпаз деп тапты. Сәйкесінше Сайрамнан келген топ екінші, Шымкенттік жыршылар үшінші орынды қорытындылады.
– «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» дегендей, әркім өз шамасымен шапты. Өте жоғары деңгейде, тартысты өтті. Дәстүрді дәріптеп, ұрпаққа жеткізу сіз бен бізге аманат, – дейді байқаудың жеңімпазы, Созақ ауданынан келген «Созақ серілері» тобының жетекшісі Абай Төлегенұлы.
Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаев халықты ырыс-берекеге, достыққа шақыратын, мәдениетіміздің бір мәйегі жарамазан айту мерекесін болашақта халықаралық деңгейге көтеру жайын айтты. Құптарлық жағдай.
Жарамазан — қасиетті Рамазан айының келгенін хабарлайтын, халықты жақсылыққа, ізгі амалдарды жасауға шақыратын жыр. Оразаны сүйіншілеп, дәстүріміздегі жақсы құндылықтарды дәріптейді.
Дәстүрімізге берік енген жарамазанды көршілес өзбек, қырғыз, тәжік және түркімен ағайындар да айтады. Сондықтан, халықаралық деңгейге көтеріп жатсақ, бауырлас мемлекеттермен достығымыз, бауырластығымыз нығая түсер еді.
«Шымкент келбеті»