ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНЫШЫ

116

Биыл қазақ халқының біртуар перзенті, ғұлама ғалым, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толып отыр. Осыған орай қалалық білім басқармасының Әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен Д.Қонаев атындағы жалпы орта білім беретін мектепте «Ғұлама ғалым: мәдени ағартушы, этнограф, геолог, минеролог, археолог» атты ғылыми конференция өтті.

Жиында Қ.Сәтбаевтың алгебра, геология, археология салаларында жеткен жетістіктері, еңбектері жайлы баяндамалар оқылды. «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Орыс тілі мен әдебиеті», «Ағылшын тілі», «Өзбек тілі мен әдебиеті», «Математика», «Информатика», «Физика», «Химия», «Биология», «География», «Тарих», «Бастауыш сынып», «Техникалық және кәсіптік білім» секцияларында қала мұғалімдерінің Қаныш Сәтбаевқа арналған ғылыми жұмыстары таныстырылды.
– Бүгінгі конференцияға қаладағы 172 мектептен директордың орынбасаралары, мұғалімдер, ғалымның өмірін зерттеп жүрген жас ғалымдар қатысты. Жасалған ғылыми баяндамалар, мақалалар ғылыми журналдарда жарияланады,– деді Әдістемелік орталық директорының м.а. Бикен Омарова.
Академик Қ.Сәтбаевтың өмірі мен қызметінің мысалы арқылы өскелең ұрпақты ғылымға, отансүйгіштікке баулу бүгінгі жиынның басты мақсаты дейді ұйымдастырушылар.
– Бүгінгі іс-шарадан өзімізге жаңа, құнды ақпарат алдық. Жиыннан алған тың деректерді сабақтарымызда пайдаланамыз. Қаныш атамыздың ғылыми мұрасын сақтап, оны ары қарай дамытуда осындай конференциялардың үлесі зор,– деді Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясының химия пәні мұғалімі Дана Сейітжапбарова.
Айта кетейік, Президентіміз «Ғылым және технологиялар» жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында ғалымның 125 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өтудің маңыздылығын сөз еткен болатын.

Абылайхан ОРАЗАЛИЕВ