БИЫЛ 14 ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ
Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы саласында өткен жылы барлық көрсеткіш бойынша өсім болған. Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі басшысының міндетін атқарушы Талғат МЕКАМБАЕВ Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте 2023 жылы атқарылған жұмыстар мен 2024 жылға арналған жоспарлар туралы айтты.
Талғат Мекамбаевтың айтуынша, 2022 жылмен салыстырғанда былтыр ет өндіру 16 пайызға, сүт 10 пайызға, жұмыртқа 21 пайызға өскен. Биыл 8,5 мың тоннадан астам ет,
52,5 мың тонна сүт және 160 миллионнан астам жұмыртқа өндіру жоспарлануда. Жұмыртқа өндірісінің айтарлықтай артуына құс шаруашылығының жаңа жобаларын іске асыру ықпал еткен.
Өткен жылы Шымкентте 171,5 миллион дана жұмыртқа, 1,5 мың тонна тауық еті өндірілген.
«Қалада тауық етін бір кәсіпорын – «Шымкент құс» өндіреді. Дегенмен, 2024 жылы қала әкімдігі құс еті мен жұмыртқасын өндіру бойынша тағы екі ірі жобаны енгізуді жоспарлап отыр. Осылайша, жақын арада оңтүстік мегаполисте екі ірі кәсіпорын – «Аймар құс» және «Шахар Агро» жұмыс істей бастайды.
Былтыр рекордтық көлемде көкөніс өсірілді – 30 мың тоннадан астам. 15 млрд теңгені құрайтын 16 инвестициялық жоба сәтті жүзеге асырылды.
Биыл жалпы сомасы 16 млрд теңгеден асатын тағы 14 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Аталған жобаларға жаңа құс фабрикалары, мал бордақылау алаңдары, жылыжайлар, сүт-тауарлы фермалар және басқа да бірқатар ауыл шаруашылығы нысандары кірді. Бүгінде қалада жылына 15 мың тоннаға жуық өнім жинайтын 139 гектар жылыжай кешендері тіркелген.
«Жылыжай шаруашылығын дамыту мақсатында түркиялық «Alarko Holding A.S.» компаниясымен бірлесе 100 га аумаққа жылыжай салу жоспарланған. Нәтижесінде қаладағы жылыжай кешендері 239 га ұлғайып, қосымша 1 000-нан астам жұмыс орындары ашылады. Жиналатын өнім көлемі 30 мың тоннаға артады. Аталған жылыжай шаруашылықтарына құрылыс жұмыстарына кеткен шығындардың 30 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланып, комуналдық шығындарға 1 гектарына 4 — 8 миллион теңге аралығында мемлекеттік қолдау көрсетіледі, –деді Т.Мекамбаев.
Брифингте ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы тақырыбы да қозғалды. Т.Мекамбаевтың айтуынша, өткен жылдың қараша айынан бастап әкімдік жалпы алғанда 19 тармақ бойынша әлеуметтік өнім бағасының жағдайын ерекше бақылауда ұстап отыр. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын көтерген кәсіпкерлерге бірден айыппұл салынады деп түсіндірді басқарма басшысы.
«Шымкент қаласының жаңа бас жоспарына сәйкес егін шаруашылығына арналған егіс көлемі жартылай қысқартылды. Мысалы,
2022 жылы 30 мың гектар жерге егін егілген болса, өткен жылы –
27,5 мың га. Биыл кейбір егіс алқаптарының нысаналы мақсатының өзгеруіне байланысты 26,5 мың гектар алқапқа егін егіледі. Баланстағы суармалы жерлерді тиімді пайдалану өнімділікті 86,0 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді», – деді спикер.
Брифингте үй жануарларын вакцинациялау мәселесі де қозғалды. 2023 жылдың қыркүйегінен бастап үй жануарларын міндетті тіркеу жүргізуде. Иттер мен мысықтарды ұстау ережелері қатаңдады, егер талап бұзылса, үй жануарларының иелері 5-тен 10 АЕК-ке дейін айыппұл төлеуге мәжбүр болады. 2024 жылы 40 мың қаңғыбас жануарды аулап, 25 мыңын кастрациялау және зарарсыздандыру жоспарлануда.
Жануарлар мен адамдарға ортақ 29 аса қауіпті ауруға қарсы
240 255 бас ауыл шаруашылығы жануарларына диагностикалық зерттеулер жүргізу жоспарлануда.
1 422 815 бас ауыл шаруашылығы жануарлары 14 түрлі жұқпалы ауруға қарсы профилактикалық егіледі.
Гүлнұр БАЛАБАСОВА