ЕСКЕРТКІШТЕР МЕН КЕСЕНЕЛЕР ЕЛ НАЗАРЫНДА

140

Шымкентте 20 сәуірден бастап «Таза Қазақстан» республикалық акциясының «Киелі мекен» апталығы жүріп жатыр. Қалаға қарасты бес аудан аумағында орналасқан тарихи орындар мен мәдени кешендер маңында тазарту жұмыстары жүргізілді.

 

ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫ: Экологиялық апталық барысында Әл-Фараби ауданының коммуналдық мемлекеттік мекемесі және «Эталон» ЖШС мекемесінің қызметкерлері Ә.Молдағұлова ескерткішінің айналасын қоқыстардан тазартып, ескерткішті жуып-тазалады. Одан кейін аудан тазалықшылары Д.Қонаев және Тәуке хан даңғылының қиылысында орналасқан Д.Қонаев ескерткішін тазартты.

Тазалық акциясына қатысушылар қаладағы туристік аймақтарды күтіп ұстау тек мемлекеттің емес, барша азаматтың міндеті екенін тілге тиек етті. Аудан белсенділері қала жастарын тазалық акциясына белсене қатысуға және қаланы таза ұстауға шақырды.

Келесі күні Әл-Фараби ауданындағы тазалық жұмыстарына зейнеткерлер мен жастар да атсалысты. Олар «Цитадель» аумағында санитарлық тазалау, абаттандыру жұмыстарын жүргізді.

– Тазалық жұмыстары республикалық науқаннан кейін де жалғасын табады. Әрбір тұрғын қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруы тиіс. Қоқысты арнайы жәшікке салудың өзі үлкен мәдениеттің белгісі. Сондықтан сүйікті қаламыз Шымкенттің гүлденуі үшін барлығымыз атсалысуымыз керек, – деді Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев.

«Цитадель» аумағындағы жұмысқа 11 арнайы техника, 130 адам жұмылдырылды.

 

АБАЙ АУДАНЫ: «Киелі мекен» апталығы аясында тазалық жұмысын Абай ауданы әкімдігі Шымкенттің кіре берісіндегі Темірші әулие кесенесінен бастады.

– Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынып отырған республикалық «Таза Қазақстан» акциясын бүкіл халық болып қолдаймыз. Игі шараның аясында қаламыз көркейіп, қоршаған ортаның тазалығына ерекше назар аударылып отыр. Ең бастысы жастарымыз бұл істен үлгі алып, тазалық шараларында белсенділік танытуда, – дейді қоғам белсендісі, зейнеткер Орынша Тәжібаева.

Абай ауданының әкімдігі акция аясында Темірші әулие кесенесінің аумағын, «Алтын төбе» мешітінің айналасын, Бадам станциясына дейінгі көше бойын тазалады. Сонымен қатар, мыңға жуық тал-дарақ әктеліп, шөп орылды. Жол бойындағы аялдамалар тазаланып, орындықтар сырланды. Тазалық жұмыстарына 500-ге жуық мекеме қызметкері мен қоғам белсендісі, жастар атсалысты. Сондай-ақ, іс-шараға 10 техника жұмылдырылып, «KazStroi» ЖШС, «СуШар» мекемесінің 300-ге жуық қызметкері атсалысты.

Акция келесі күні аудандағы «Асар» аллеясында жалғасты. Қазақтың үш данасы – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би ескерткіштері орналасқан гүлзар аумағында тазалықпен қатар, абаттандыру жұмыстары жүзеге асты. Аталмыш жұмысқа 250 жұмысшы мен 17 техника жұмылдырылған, 40 текше метр қоқыс шығарылып, 3000 шаршы метрді құрайтын көше бойы тазаланды.

 

ЕҢБЕКШІ АУДАНЫ: «Киелі мекен» апталығы аясында өтіп жатқан #TazaShym жалпықалалық іс-шарасы Еңбекші ауданындағы Жібек жолы көшесінде жалғасты. Тұрар Рысқұлов гүлзары аумағы, оның айналасындағы ескерткіштер, аялдамалар, көшелер мен өткелдер күл-қоқыстан тазартылып, ағаш көшеттерінің түбін қопсыту, түптерін әктеу, орындықтарды, қоқыс жәшіктерін, шамдарды тазалау жұмыстары атқарылды. «Киелі мекен» апталығы аясындағы іс-шараға Еңбекші ауданы әкімдігі, «Группа Интеко» мекемесі, қала тұрғындары атсалысты.

– Айнала көгеріп жатқанда Мемлекет басшысының бастамасы дер кезінде және өте орынды қолға алынып отыр. Шараға біздің аудан да белсене атсалысып, ауданға қарасты әрбір аймақ жоспар бойынша тазартылып жатыр. Әрбір елін-жерін сүйетін ұлтжанды азамат қоршаған ортаға деген қамқорлығын осы тазалық акциясына атсалысу арқылы көрсете алады. Елімізде осындай пайдалы, игі шаралардың көбеюі тазалықты ғана емес, қаламызға деген сүйіспеншілікті де дәріптейді, – деді Еңбекші ауданының әкімі Досбол Күздікбайұлы.

Еңбекші ауданында өткен экологиялық шараға 500-ге жуық адам атсалысып, аталған аумақта тазалық жұмыстарын жүргізді.

Акция келесі күні Сабыр Рахымов атындағы «Жеңіс» саябағында жалғасты.

– Бүгінде акцияға тек жұмысшы топтар ғана емес, қала тұрғындары да белсенділік танытып, ерікті түрде қатысып келеді. Бұл дегеніміз әрбір азамат ел алдында өз міндетін, жауапкершілігін жоғары деңгейде сезінетінін көрсетеді. Сондай-ақ, белсенді жастарға ерекше алғысымды білдіремін, — деді «Группа Интеко» ЖШС директорының орынбасары С.Зауырбеков.

Саябақтағы жұмысқа барлығы 600-ден астам тұрғын, 5 техника жұмылдырылды.

 

ҚАРАТАУ АУДАНЫ: «Киелі мекен» апталығы аясында Қаратау ауданында орналасқан кесенелер мен зираттардың маңын тазарту көзделген. Игі іс Сайрам тұрғын алабындағы Қарашаш ана кесенесін тазалаудан басталды.

Экологиялық шараға аудан әкімдігі, «Қаратау» коммуналдық мекемесі, аудан тұрғындары, еріктілер, оқушылар атсалысты. Акция барысында кесене маңындағы ағаш, бұталар ретке келтіріліп, түптері ағартылды. Жол жиектері мен орындықтар, қоршаулар сырланды. Кесененің іші-сырты тазарлытып, маңайдағы шөп орылды.

– Экологиялық шараға ауыл тұрғындары – жас-кәрісі түгел атсалысып отыр. Бұл тазалық акциясы тазалықты ғана насихаттап қоймай, елімізді бірлікке, өзінің Отанын, туған жерін, қаласын сүюге тәрбиелеп жатыр. Біз Мемлекет басшысының игі қадамын қолдаймыз, — деді Сайрам тұрғын алабының төбе биі Хавазмат Төлеметов.

Айта кетейік, шараға ерікті жастар, тазалық мекемелері, зиялы қауым өкілдері, аудан жастары, мектеп оқушылары, жалпы 100-ге жуық адам атсалысып, аталған аумақта тазалық жұмыстарын жүргізді.

«Таза Қазақстан» республикалық экоакциясы Сайрам тұрғын алабында орналасқан Ибрагим ата кесенесінде жалғасты. «Киелі мекен» апталығындағы шараға Қаратау ауданы әкімі аппаратының мамандары, тұрғындар, «Қаратау» КММ-нің 25 қызметкері, 20 ерікті жас қатысты. Акция барысында тарихи орын аумағында абаттандыру, сырлау, әктеу және тазалық жұмыстары жүргізілді.

 

ТҰРАН АУДАНЫ. Республикалық «Таза Қазақстан» акциясы Тұран ауданында жалғасын тапты. «Киелі мекен» апталығында Тұран ауданы әкімі аппаратының ұйымдастырумен Қ.Мұңайтпасов атындағы стадион аумағы мен спортшылар аллеясы, «Балалар темір жолы» аллеясы тазартылды.

– Өткен мен бүгіннің сабақтастығын сақтап, келесі бір буынға беру үшін тарихи орындарда іс-шараларды жиі ұйымдастырып тұру керек. Қажымұқан стадионында өтетін түрлі жарыстар мен жиындарға шетелдіктер де көптеп келеді. Сондықтан бұл аумақтың абаттандырылып, таза тұруы өте маңызды,- дейді Тұран аудандық қоғамның орта сапасын дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жәңгірхан Байсал.

Айта кетейік, стадион маңындағы жұмысқа 50 адам мен 2 техника жұмылдырылды.

Гүлнұр СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ,
Гүлжауһар ТЕМІРХАНҚЫЗЫ