ҰЙЫМШЫЛ ҰЖЫМ, ҮЗДІК МЕКЕМЕ

76

Дәрігерлер сәрсенбінің сәтінде маған ота жасайтынын айтты. Бір-екі күн тамақтан тыйып, операцияға дайындады. Диагноз анықталған соң ағзадағы кеселден ертерек арылуға асыққан едім. Ал, уақыт жақындаған сайын аптығым басылып, көңілге ептеп қобалжу кіргені де рас. Егде тартқан шағыңда пышаққа түсу оңай ма?

Бірінші қабаттағы блокқа кіріп, ота жасайтын үстелге жатқызғанда қабырғадағы сағат тілінен күндізгі бірден жиырма минут өткенін көзім шалып қалған-ды. Қарсы алдымдағы компьютерлі монитор іске қосылды. Аяқ-қолымды байлап, отаға әзірлікке кіріскен мейірбикелер биылғы көктемнің жаңбырлы болғанын, жайдары жаздың кешігіп жатқанын тілге тиек етті. Білегіме капельница қойып, түрлі дәрі егіп жатыр. Ота жасайтын дәрігерлер енді келетін шығар… Әңгімені тыңдап жатып, көзім ілініп кетіпті.

«Оянатын уақытыңыз болды». Анестезиолог дәрігердің даусынан ояндым. Аузымдағы оттегі беретін құралдан тамағым құрғап қалғандай. Сөйлей алмайсың. Басымды ерсілі-қарсылы шайқағанымды байқаған мейірбике оны алып тастап, ауыз қуысында жиналып қалған түкірік көпірігін дәкемен сүртіп тастады. Тынысым ашылып, өзімді жеңіл сезініп қалғандай болдым. Терезе жаққа қарасам, күн кешкіріп қалған екен. Көп ұйықтаған сияқтымын. Әлде ота ұзаққа созылды ма екен? Наркоздың әсері ме, қарын жағым мүлде ауырмайтын секілді. Өзіме таныс хирургтан сұрап едім: «Операция сәтті өтті. Енді бәрі ойдағыдай болады» деді. Дәрігердің осы сөзі жаныма демеу бергендей болды. Алаңсыз қайта көз ілдім. Жансақтау бөлімінде екі күн болған соң, үшінші күні палатаға шығарды…

Шымкент  қалалық онкологиялық орталығының хирургия бөлімшесі отыз төсек-орынға лайықталған. Ғимараттың  үшінші қабатында орналасқан аталмыш бөлімше қатерлі және қатерсіз ісікке шалынған науқастарға хирургиялық және емдік-диагностикалық көмек көрсетеді. Медицина ғылымдарының кандидаты Аққали Мейірбеков басқаратын бөлімше дәрігерлері хирургиялық және жоғары технологиялы күрделі операцияларды жетік меңгерген. Жоғары санатты хирургтер – онкопроктолог Ерлан Байтемірге,  Нұрбол Шәуеновке, анестезиолог Мырзаділ Сәтімовке және аға мейірбике Гүлзира Исабекова жетекшілік ететін барлық арнайы медициналық қызметкерлерге алғысымды айтқым келеді. Білікті бас дәрігер Жақсылық Оразбайұлы Мәуленов басқаратын ұйымшыл ұжым ұдайы ізденіс нәтижесінде үздік медициналық мекеме атанып отырғанын айта кетейік.

 

С.МӘТҚАЛИҰЛЫ.