САУРАН АУДАНЫНДА ОБЛЫСТЫҚ «БІЛІМ БӘЙГЕ» ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫҚ САЙЫСЫ ӨТТІ

112

Сауран ауданында жастардың танымдық қабілетін арттырып, білім деңгейлерін көтеру мақсатында облыстық деңгейдегі «Білім бәйге» сайысы өтті. Интеллектуалды сайыста сөз алған аудан әкімі Мақсат Таңғатаров, аудандық мәслихаттың депутаты Хуршид Шарапов қатысушыларға сәттілік тіледі. Білімді жастардың басын қосқан сайысқа «AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Жақсыбекұлы, Сауран ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрғазы Байғазыұлы, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі басшысының орынбасары Пердебек Сержанұлы мен қоғам белсендісі Гүлнар Өстемірқызы әділ қазылық жасады.

Сайыс 4 кезең бойынша өтті. Қатысушылар салт-дәстүр, өнер және жалпылама сұрақтар бойынша сынға түсті. Облыстық деңгейде өткізілген білім жарысына Түркістан, Арыс, Кентау қалалары мен Отырар, Сауран аудандарынан 27 команда қатысты. Тартысты өткен сайыс қорытындысы бойынша үшінші орынды – түркістандық «Аль- Фараби» командасы иеленсе, екінші орынға саурандық «Жібек жолы Алау» командасы тұрақтады. Бірінші орынды – кентаулық «2/2» командасы жеңіп алды. Барлық командаларға аудан әкімі атынан арнайы алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі