ЖАЗ МЕЗГІЛІНДЕГІ БАЛА ҚАУІПСІЗДІГІ: НЕНІ БІЛГЕН ЖӨН?
Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада. Жаз мезгілі басталғанда дәл осы көрініс орын алады. Ата-ана үшін де, бала үшін де жаз мезгіліндегі демалыстың орны ерекше ғой. Ойын баласы болғандықтан, оны шектеп, суға түсудегі қауіпсіздікті түсіндіріп көр. Бала ойын ойнап, ән айтып, асыр салмаса, ол бала бола ма? Жазғы демалыстың басталуы, әрине, көңіл қуантады, алайда баланың қауіпсіздігі мен өміріне бірқатар қауіп төнетіні де ақиқат. Ата-аналар жаз маусымындағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, естен шығармағаны орынды. Осы мақсатта, өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Жазғы демалыстағы балалар қауіпсіздігі» тақырыбында брифинг өтті. Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Еркін Отарғалымұлы мен Шымкент қаласы Білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева бірқатар мәселелерге тоқталды.
Еркін Отарғалымұлының айтуынша, жаз мезгілінде судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау маңызды. Себебі жазатайым оқиғалардың басым бөлігі шомылу маусымында жиі тіркеледі.
Айта кету керек, қала аумағында шомылуға рұқсат етілген 3 ресми орын бар. Ал, 13 су аймағына шомылуға тыйым салынған. Онда 86 ескерту белгілері орнатылған екен. Жазатайым оқиғалар тек шомылу кезінде ғана емес, одан басқа бірнеше себептерден болады дейді мамандар. Бұл турасында, бірнеше түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, іс-шараларда ұйымдастырылған екен.
– 2024 жылдың жаз айында 258 мектеп жанындағы алаңдар есепке алынып 213400 оқушының демалысы жоспарланылған. Сондай-ақ, Департаменттің инспекторлық құрамымен өрт қауіпсіздігі мәдениетін арттыру мақсатында мектеп жанындағы алаңдардағы 1,2 ауысымының 190 мыңға жуық оқушыларға викториналар, ашық сабақтар, конкурстар өткізіліп қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 3 ауысымның кезеңіне қатысып отырған қазіргі уақытта оқушыларға (23400 оқушы) өрт-қауіпсіздігі бойынша үгіт-насихаттау жұмыстарs жүргізілді. Сонымен қатар сәуір айынан бері судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша 235 рейд жүргіздік, – дейді Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Еркін Отарғалымұлы.
Ал, жазғы лагерлердегі жағдай біршама түзелген. Кез-келген уақытта лагерлерге тексеріс жұмыстарын жүргізетіндігін айтқан Білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева осылай дейді.
– 2024 жылдың жаз айында балаларды сауықтыру, жетілдіру, бос уақытын тиімді өткізу мақсатында қала сыртындағы 7 лагерге балалар ауысыммен демалуда. Атап айтқанда, Түркістан облысы, Төлеби ауданындағы «Бәйшешек», «Көктөбе», «Тау шыңы» және Сайрам ауданындағы «Арыс» лагерлерінде, 12 шілдеден бастап «Машат – Арасан», «Гаваи» және «Тур база» лагерлерінде балалар оқу жылының басталуына дейін демалатын болады, – дейді Нұргүл Шәмшиева.
Жазатайым оқиғалардың болмауы үшін ата-аналар жауапкерішілікпен қарағаны абзал. Өйткені, біздің заңнамада баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ата-ананың тікелей міндеті болып табылады. ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 127-бабына сәйкес бұл міндеттерді орындамау әкімшілік жазаға әкеп соғады. Сонымен қатар, өмірге немесе денсаулыққа қауіпті жағдайдағы баланың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілік ҚР Қылмыстық кодексінің 119 және 141-баптарында көзделген.