Қазақстанда мүгедектігі бар азаматтар тегін шипажайларды өздері таңдайтын болады
Түркістан облысының тұрғындарының назарына мүгедектігі бар адамдарға ем-дом қабылдауға тегін жолдама берілетіндігі жөнінде мәліметтерді ұсынамыз. Елімізде 700 мыңнан астам көмекке мұқтаж адам тұрады. Бұдан былай мүмкіндігі шектеулі жандар мемлекет белгілеп берген емес, өздері қалаған кез келген шипажайға бара алатын болды. Сонымен қатар, шілде айынан бастап мүмкіндігі шектелі жандарға берілетін жәрдемақы мөлшері де артпақ.
Жеке көмекші статусы бойынша бірінші дәрежелі мүгедектігі бар азаматтарға қамқорлық көрсетіп жүрген бауырлары, туыстары енді ресми түрде жұмыс істейтін болады. Бұған дейін олар тек жәрдемақы алып келген. Министрліктің мәліметінше, ол үшін шамамен қазынадан әр адамға 99 мың теңге айналасында төленсе, бұдан былай мүгедек жанға қарайласып жүрген азамат әлеуметтік жағынан толықтай қорғалады.Енді мүмкіндігі шектеулі балаларға оңалту құралдарының заманауи және күрделі түрлерін пайдалану мүмкіндігі туады. Ал ауылдағы мүмкіндігі шектеулі жандардың реабилитациядан өтуі үшін қалаға келуі қажет болмайды.
Оған қоса, мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандарға шипажайларға да жолдама берілмек. Бұған дейін тек облыстық деңгейдегі шипажайларға барса, енді Республика бойынша қалаған шипажайға бару мүмкіндігі бар. Ол әлеуметтік портал арқылы шешіледі.2024 жылы мүгедектігі бар адамдар Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 145 мыңнан астам қызмет алды. 2024 жылдың басынан бастап Әлеуметтік қызметтер порталы (бұдан әрі – Портал) арқылы шамамен 110,9 мың мүгедектігі бар адам оңалтудың техникалық құралдарын (бұдан әрі – ОТҚ), 6,4 мың – ымдау тілі қызметін, 24,1 мың – жеке көмекшінің, 3,8 мың – санаторлық-курорттық емдеу қызметін алды.
Портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс берілген оңалтудың техникалық құралдарын жеткізу немесе өз бетінше әкету арқылы алуға болады.Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар беруді қамтиды.