Масылдық – қоғамдық дерт

93

Түркістандық оқырмандарымыздың назарына масылдық мінез-құлықтан арылу жолдары туралы мәліметтерді ұсынамыз. Еліміздің мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындап берген «Отандық патриотизмнің формуласы анық: ел тарихын білу, мемлекетке үлесін қосу, ылғи да өзін дамытып отыру, адалдық, еңбекқорлық, жұмысқа қабілеттілік. Демек, қоғамды ірітуші масылдық мінез-құлықтан ада, ұлтжанды, мемлекетшіл болу үшін замандастарымыздың санасында жаңа патриотизмді қалыптастыру – уақыт талабы. Ол үшін кез-келген қазақстандық ұлттық тарихқа жете көңіл аударып, күнделікті ұрпақ тәрбиесінде де бірінші орында тұруы керек. Ұлттық тарих – ұлттық рухты күшейтуші ұлы күш.

Дегенмен де көп дінді, көп тілді демократиялық зайырлы қоғамда өмір сүріп жатқанымызбен жер мен елдіктің темірқазығы болып отырған байырғы тұрғылықты жұрттың барлық салада басымдық қасиеті сақталатындығы баршаға мәлім. Бұл орайда жаңа бір белеске қадам басқан дербес еліміздің тарихындағы қазақ халқының мемлекет, ел тұрғысындағы ұғымдары мен қасиетті дәстүрлері аясы өз қалпын сақтап, сол бағытта ұдайы дамытылып отырғаны абзал. Себебі, біздің қоғамдағы жаңа бетбұрыс кезеңінде төл тарихымызға деген қызығушылықты арттырып, санамызды оята білу, сол арқылы өзімізді-өзімізді тануымыз біз үшін де, келешек ұрпақ үшін де маңызы зор болмақ. Шығар қортынды – тарихи санасы оянған кез-келген азамат өзінің ісімен мемлекеттің толысып дамуына бар күш-жігерін жұмсап, аянбай еңбек етері сөзсіз. Ол осы еңбек пен ізденістің арқасында өзін де рухани, біліми тұрғыда тоқтаусыз дамытады. Адал еңбек пен зердесіне тоқыған біліми тәжірибесін ұштастыру арқылы тапқан нанның қадірін біліп, айналасына да өнеге, үлгі болады. Жалпы, біздер енді Жаңа Қазақстанға қадам басқан соң тарихи, саналық және тұтастай рухани тұрғыда болсын жақсылыққа бейімделіп, жамандық пен масылдық атаулыдан іргемізді аулақ салғанымыз жөн.

Яғни, Кеңес дәуірінде қалыптасып қалған «өкімет өлтірмейді, өкімет өзі бағады» немесе «жәрдемақыны көбейтіп, тауарды арзандатсын» деген қарабайыр түсініктен мүлдем арылуымыз керек. Ол заманда барлық дүние-мүлік: зауыт, фабрика, мал шаруашылығы, егіншілік, құрылыс пен бүткіл техника т.б. үкімет меншігінде болып, әлеуметтік мәселелер жоғарғы жақта қаралып, шешілетін. Енді Тәуелсіздіктен кейін қоғам мүлдем өзгерді. Бұрынғы социалистік құрылыс келмеске кетіп, капиталистік қоғамға аяқ басқанымызға да отыз жылдан асты. Үлкен қалалар мен аудан орталықтарынан шалғайдағы ауыл-аймақтардағы халықтың әлеуметтік мәселелерінің негізгі өзегі болған «колхоз», «совхоздар» тарады. Иә, экономикалық небір қиындықтарды да бастан өткердік. Салыстырмалы көзқараспен қарағанда Кеңес одағы құрамында болған барлық республикаар да осы этаптан өтті емес пе. Сөйтіп, замана өзгерді, демек біздің де «ескі түсініктен арылып» жаңа қоғамға бейімделетін уақытымыз келді. Өйтпеске лаж жоқ, себебі, мемлекет қоғамында үлкен бетбұрыс болып, дамудың мүлдем басқа, қарсы бағыттағы жолына түсті. Ендігіде нарықтық экономика өз заңдылығымен жүретінін түсінуіміз керек.