Мүгедектерге берілетін жәрдемақы: қазақстандықтар нені білуі тиіс?
Түркістан облысының тұрғындарының назарына мүгедектер мен оларға күтім жасайтындарға республикалық бюджеттен қарастырылған жәрдемақы туралы ақпараттарды ұсынамыз. Ересектер арасында мүгедектіктің кең тарауының негізгі себептері:қан айналым жүйесі аурулары,онкологиялық аурулар, жарақат. Соңғы жылдары Қазақстанда балалар мүгедектігі өршіп барады. Негізгі себептері:туа біткен аномалия, жүйке жүйесі аурулары, психикалық ауытқулар. Қазақстанда мүгедектер мен оларға күтім жасайтындарға республикалық бюджеттен жәрдемақы қарастырылған. Мүгедектігі бойынша мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақының мөлшері мүгедектік тобына, ауру себебіне және ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты белгіленеді. Ең төменгі күнкөріс шегінің өсуіне қарай жәрдемақы мөлшері де жыл сайын ұлғайып отырады. Мүгедектігі бойынша берілетін мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақының мөлшері ең төменгі күнкөріс шегін тиісті коэффициентке көбейту арқылы есептеледі. Қазір елімізде ең төменгі күнкөріс деңгейі – 28 284 теңге.
Жалпы және кәсіби аурулардан, еңбекте мертiгуден мүгедек болғандарға: I топ – 54 306 теңге (1,92 коэф), II топ – 43 275 теңге (1,53), III топ – 29 416 теңге (1,04). Он алты жасқа дейінгі мүгедек балаларға – 39 598 теңге (1,4). Бала кезінен бері мүгедек жандарға: I топ – 54 306 теңге (1,92), II топ – 44 972 теңге (1,59),III топ – 33 941 теңге (1,20)
Мүгедектерге қандай жағдай жасалып жатыр?
2010 жылдан бастап бірінші, екінші топтағы, өздігінен қозғала алмайтын, арбаға таңылған мүгедектерге көмек ретінде «Инватакси» қызметі енгізілді. Қазіргі таңда инватакси қызметі паркінде мүгедектерді тасу үшін арнайы жабдықталған 280-нен астам көлік бар. «Инватакси» мүгедектерді жұмыс немесе оқу орнына, медициналық мекемелерге, әлеуметтік сала нысандарына, әуежайлар мен теміржол, автовокзалдарға және тағы басқа орындарға жеткізеді; Жұмыс берушілерді мүгедектерді жұмысқа алуға ынталандыру үшін биылдан бастап жұмыс берушілердің мүгедектігі бар адамдар үшін арнайы жұмыс орындарын жабдықтауға жұмсаған шығындары субсидияланады; Жергілікті атқарушы органдар (әкімдіктер) ауыр, зиянды, қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарын есепке алмай, мүгедектер үшін жұмыс орындары санының 2-4 проценті мөлшерінде жұмыс орындарының квотасын белгілейді; Жеке кәсіпкерлікті, шағын және орта бизнесті дамыту арқылы мүгедектер үшін қосымша жұмыс орындары, әлеуметтік жұмыс орындары құрылуда; 26 өңірлік телеарнада жаңалықтар сурдо-аудармамен қамтамасыз етілген;Мүгедектерді міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету нормасы екі есе (360-тан 730 данаға дейін) ұлғайтылды;Есту қабілеті нашар 4 мың адам үшін ымдау тілі маманының қызмет көрсету уақыты екі есеге (30 сағаттан 60 сағатқа) өсті; Мүгедектігі бар 55,2 мыңнан астам адамды қазіргі заманғы гаджеттермен қамтамасыз ету үшін оңалтудың техникалық құралдарының тізбесі 32-ден 55-ке дейін кеңейтілді; Әлеуметтік қызметтер порталын енгізу жұмысы басталды. Портал мүгедектерге оңалту қызметі мен құралдарын жеткізушілерді өз бетінше таңдау мүмкіндігін ұсынады; Мүгедектер кез келген медициналық ұйымда амбулаторлық және стационарлық көмек алуға құқылы;