Ғылым — еліміздің еңсесін биіктетеді
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Қазақстан халқына Жолдауы әлеуметтік-экономикалық және саяси күн тәртібінің өзекті мәселелеріне нақты да тұшымды жауап берді. Біз осыған орай Елбасы негізін қалаған, биыл құрылғанына 25 жыл толып отырған жетекші оқу орны – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ғалымдарын әңгімеге тартқан едік.
Асыл-Дастан БАЗАРБЕК, ЕҰУ физика-техникалық факультетінің оқытушысы, PһD докторы:
— Мемлекет басшысының әр жылғы Жолдауы тарихи құжат: қайсысын алып қарасаңыз да, стратегиялық маңыздылығы мен белгілі бір мерзімде нақты міндеттер мен мәселелердің шешілуін қамтамасыз етуге бағытталғанын көреміз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың үшінші Жолдауы да осы тұрғыдан сипатталған: ел өркендеуінің жаңа мүмкіндіктеріне жұмылдырып отыр. Өзінің мәні мен мазмұны жағынан мемлекеттік органдар, бизнес және азаматтық қоғам институттары үшін алдағы кезеңге арналған іс-қимылдардың тұтас стратегиясын айқындап, нақты міндеттер қойылды.
Мемлекет Басшысы саралап берген бастамаларға қараңызшы: мәдениет қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілері секілді қарапайым еңбек адамдарының жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіру тапсырмасы. Байыпты бастаманың игілігін тұтастай алғанда 600 мың қазақстандық көрсе, содан кейін білім саласы алдағы уақытта бәсекелестікке қабілеттілік тұрғысынан бір қадам алда жүруі керек екеніне ерекше мән берілді. Бұл тұрғыда цифрлы технологияларды терең дамыту қажеттігі айтылды.
Президент: «Білім беру жүйесіне жігерлі әрі білікті мамандар қажет. Мұғалімдерді қазіргідей 5 жылда емес, 3 жылда бір рет қайта даярлықтан өткізуіміз керек деп санаймын. Өйткені олар шәкіртінің бойына жаңа білім сіңіре алатындай нағыз ағартушы болуға тиіс.», — деп атап көрсетті. Бұл ретте, ұстаздардың курстан өту үшін өз қалтасынан ақша төлеуіне жол берілмейтіні қуантты. Міне, білім саласын биіктерге жетелейтін осындай міндеттер көш басынан көрінуге ұйтқы болып, еліміздің еңсесін биіктетіп, ғаламдық өркениет өрісіне шығаратыны сөзсіз.
Өздеріңізге мәлім, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің бұрынғы Жолдауларының бірінде әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу міндетін екі кезеңде жүзеге асыруды белгілеген болатын. Біріншісі 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтыса, 2030-2050 жылдар аралығын қамтитын екінші кезең еліміздің ғылыми қамтымды қағидаттарына негізделген-ді. Демек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті халыққа арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауы 2050-ге бастаған нық қадам десек болады. Ал, 30 дамыған елдің қатарына қосылудың басты факторы – ғылым. Өйткені экономиканың дамуы ғылыммен тығыз, тікелей байланысты. Жолдауда: «Ғылымды дамыту – біздің аса маңызды басымдығымыз. Бұл саладағы түйткілдердің шешімін табу үшін жылдың соңына дейін заңнамаға өзгерістер енгізу қажет. Ең алдымен, жетекші ғалымдарымызға тұрақты және өз еңбегіне лайықты жалақы төлеу мәселесін шешу керек» деп атап көрсетті. Бұл салада тек жетекші ғалымдардың ғана күші емес, жас ғалымдардың да күш-қайраты қажет. Олар да ғылымға қарай қадам жасап, екі ортада тығыз байланыс болуы тиіс.
Сондай-ақ Президент Жолдауында грант мерзімінің үш жылмен шектелуі іргелі ғылымды дамытуға едәуір кедергі келтіріп отырғаны айтылды. Түпкі нәтижеге қол жеткізу үшін ғылым саласын гранттық қаржыландыру мерзімін бес жылға дейін ұзарту мәселесін қарастыруды тапсырды. Жолдаудың құндылығы, міне, осында!