AIU-ДА  «ИРАН ӨРКЕНИЕТІ, МӘДЕНИЕТІ МЕН ӨНЕРІ» АТТЫ КӨРМЕ,   КОНЦЕРТ ӨТТІ

120

 Аstana international university/AIU V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны аясында Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасы Елшілігінің мәдени өкілдігімен бірлесіп, «Иран өркениеті, мәдениеті мен өнері» атты көрме, концерт ұйымдастырды.

Іс-шараға Қазақстан Республикасындағы Иран Ислам Республикасы Елшілігінің өкілдіктері, оқытушылар мен студенттер қатысты.

Аstana international university/AIU вице-президенті Қайрат Абдрахманов арнайы сапарлап келген шетелдік қонақтарға AIU мен Қазақстанның жас астанасының қалыптасу тарихы, университеттің ерекшеліктері мен мүмкіндіктері туралы айтып, білім, ғылым және мәдениет  саласындағы өзара тиімді ынтымақтастыққа есік әрқашан ашық екендігін білдірді.

«Сіздерді Астана халықаралық университеті қабырғасында қарсы алып отырғаныма  қуаныштымын, — деп бастады сөзін вице-президент.

— Университетімізді қысқаша таныстырып өтейін.Астана халықаралық университеті 2018 жылы білім мен құзіреттіліктің жоғарғы деңгейін қамтамасыз ету, жоғары адамгершілік құндылықтары бар жаһандық азаматтарды тәрбиелеу миссиясымен құрылған. Академиялық жетістіктер, зерттеулер және инновациялар арқылы біз тек өз ұлтымызға ғана емес, елімізге қызмет етуге ұмтыламыз. Біздің мақсатымыз – Еуразия кеңістігінде білім мен иновацияны тарататын заманауи жаһандық университет болу.

Сонымен қатар Қазақстандағы Иран Ислам Республикасының елшілігімен белсенді ынтымақтастық ерекше қуантады және бүгінгі таңда бұл маңызды мәдени шараның біздің университетіміздің қабырғасында өтіп жатқанына қуаныштымыз. Бүгінгі шара білім мен мәдени дәстүрлер алмасу үшін тамаша алаң болатынына сенімдіміз және бүгінгі сапарларыңыз үшін алғыс айтамыз. Сондай-ақ  бүгінгі көрме мен концерт ғалымдарымызға, студент-жастарымызға рухани ләззат сыйлайтынына және елдеріміз арасындағы тәжірибе алмасуды одан әрі дамытуға негіз болатынына сенімдімін»,деп атап өтті Аstana international university/AIU вице-президенті Қайрат Абдрахманов.

Вице-президенттің сөзін жоғары оқу орнының Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің деканы Айгерім Ибраева  жалғап, оқытушылар мен студенттерді жаңа оқу жылымен құттықтады. Жаңа оқу жылының басында осындай игі шараның өтуін жақсылыққа балаған ғалымның ақ тілекке толы сөзі шетелдік қонақтарды да бір марқайтып тастады.

Өз кезегінде Иран Елшілігі мәдени өкілдігі басшысы Али Акбар Талеби Матин жылы лебізін білдіріп, университетпен қарым-қатынас жасауға және өзара әріптестік қатынастар жалғаса  бертініне сенім білдірді.

-Иран Ислам Республикасы 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынына толық құраммен қатысты. Елуден астам спортшылар алып келдік, олардан бөлек 8 адам әртүрлі мәдени бағытта қатысып отыр. Дүниежүзілік көшпенділер ойынына арнайы келіп отырған музыкалық топ өздерінің бағдарламасын дайындаған екен. Бағдарламасының атауы «Көш» деп аталады.Сол тақырыпта кілем тоқып келген. Бұл музыкалық топ ұйымдастырушылар көмегімен екі концертке шықты. Иран Елшілігінің мәдени өкілдігі де осы V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына ерекше ықыласымен қатысып, бар күшін салды. Иранның мәдени өнерін тек көшпенділер ойынында ғана емес, Астананың түрлі ұйымдарына да көрсетуге тырыстық. Сапар шеңберінде музыканттар мен шеберлеріміз  Астана халықаралық университетінен бөлек Қазақ ұлттық өнер университетінде болды. «Хабар» телеарнасының таңғы тікелей «Оян» бағдарламасына шығып, көрермендермен емен-жарқын әңгімелесті, мектептерде болып, Елшіліктің мәдени орталығында өз өнерлерін көрсетті. Қуанышқа қарай, музыкалық бағдарлама студент-жастардың көңілінен шығып, ұнап жатыр. Алдағы уақытта осы жұмыстарымызды жалғастырып, Қазақстан халқына Иранның мәдениеті мен өнерін таныстыруға бар күшімізді саламыз. Астана халықаралық университетінің басшылығына тамаша кешті ұйымдастырғаны үшін шын көңілден рахметімізді айтамыз және алдағы уақытта арамыздағы байланысымыз одан әрі арта түсетініне сенім білдіремін.Біз ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайынбыз, деп атап өтті Иран Елшілігі мәдени өкілдігі басшысы.

Жиналған қауым концерт, каллиграфия және қолжазба шеберлік сабақтарын көріп қана қойған жоқ, сонымен қатар Иран мәдениетінің бірегей элементтерін көрсетуді қамтитын бай бағдарламаны тамашалады.

Шара аясында бейнелеу өнері бойынша шеберлік сыныптары мен миниатюралар және бейнелеу өнері туындыларының көрмесі ұйымдастырылды.

Жалпы бұл көрмеде ирандық шеберлердің 100-ге жуық жұмыстары қойылып, «Солук» музыкалық тобының жетекшісі, композитор Мехди Заренің орындауында Иранның ұлттық әндері шырқалды. Олардың орындалу  техникасы, жанрлары әртүрлі. Ал көрмеге қойылған сөредегі суреттерде көшпенділер өмірі, туған жер пейзажы, портреттер бейнеленген.

Келушілерге көне заттардың тарихы, өз заманының қажетті заттары қатарына жатқызылған аталмыш жәдігерлер жайлы, сондай-ақ, әр бұйымның маңыздылығы мен қолданылу аясы жайында түрлері таныстырылды. Оған Иран Елшілігі мәдени өкілдіктің аудармашысы Балзия Бейсенғалиқызы ерекше үлес қосты. Тілі қандай жатық болса, үні де сондай  биязы, тыңдарман үшін жаралғандай жағымды дауысы бар екен.

«Ұлттың ұлт болып қалыптасуы ең алдымен ұлттық құндылықтарды дәріптеуден бастау алады. Ұлттық құндылықтарын ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған көрмеде ұлттық стилдегі эксклюзивті қолдан жасалған бұйымдар, күмістен жасалған зергерлік бұйымдар, көшпенділер өмірі  кестеленген кілемше, ыдыс-аяқтар, әртүрлі рәсімдерге арналған бұйымдардың кең түрлері бар», — дейді кілем тоқу шебері Фатеме Резаии.

Мина МОХТАРИАН, парсы миниатюрасы шебері, университет оқытушысы:

-Қазақстан халқына сәлемімді жолдай отырып, қазақ еліне келген сапарымды өте жақсы өтті деп есептеймін. Маған көшпенділер ойындарына арнайы дайындалған көрмелер, әсіресе қазақ халқының салт-дәстүрлері мен ұлттық киімдері ерекше әсер етті. Бұл менің Қазақстанға алғаш келуім және Астана маған қатты ұнады. Қаланы барынша араладым, күндіз де, түнде де жүрдім. Біз бірнеше университетте болдық, өнеріміз студенттер тарапынан жақсы қабылданды, жастар ықылас-тілектерін тоқтаусыз жаудырды. Соған қарағанда Қазақстан жастарына Иранның төл өнерін таныстыра алдым ғой деп ойлаймын. Өздеріңіз білесіздер, өнерге аударма жүрмейді, тіпті қажет те емес. Мен сол өнердің арқасында  әлемнің көптеген жерлерін шарлаған жанмын және барған жерлерімнің бәрінде байланыс орнатып жүремін. Өнер деген халықтар арасында достық байланысты арттырып, адам баласын мейірімділікке баулиды ғой.

Бүгінгі концертіміз өтіп жатқан жерді қараңызшы,  аты қандай әдемі – Аstana international university! Астана халықаралық университеті болғандықтан студенттерінің де басқа елдердің мәдениетіне қызығушылығы зор екен, мен соны байқадым. Және  осындай керемет университет қабырғасында өнер көрсеткенімді мақтан тұтамын әрі қуаныштымын. Әлемдік рейтингте өзіндік орны бар оқу орны екен, өзім университетте оқытушы болғандықтан сөзімді «AIU-дың алдағы уақытта жетістіктері көбейе берсін!» деген ақ тілекпен аяқтағым келеді.

Айдар ХАМИТ, AIU әлеуметтанушы-ғалым:

-Бүгінгі концерт пен көрмеден керемет әсер алдым, нақтырақ айтсам, екі ел арасындағы байланыстың сәулелі сәтінің куәсі болдым. Бұл қазіргідей дүрбелең-дүние кезеңде өте-мөте қажет-ақ. Жастардың әлемдік жағдайда болсын, өңірлік, аймақтық деңгейде болсын,  мәдени алмасуы өте маңызды. Халықтар бір-бірін өнерлерімен байытады, мәдениетімен алға озады. Қазіргі ақпарат алға шыққан заманда жастарға мәдени байланыстар өте керек еді, бүгінгі Иран Елшілігінің іс-шарасы соның орнын толтырды деп есептеймін. Осындай мәдени шаралар көп болсын, сонда жастарымыз ата-бабаларымыз аңсаған біліммен қоса  тәрбиені де қатар алады.

 

Айгерім ИБРАЕВА,

AIU Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің деканы