Жемқорлықтың барлық түрімен ымырасыз күресу қажет

9

Түркістан қаласында сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу, оның тәуекелдерін жою және сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы дамыту бағытында түрлі шаралар өткізілуде. Осы ретте Түркістан қаласының тұрғындарының назарына аталмыш бағытта елімізде атқарылып жатқан шараларды ұсынамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сы­байлас жемқорлыққа қар­сы күрес мәселелері жөнін­де кеңес өткізіп, сыбай­лас жемқорлық жағдай­лары­ның саны әлі де азаймай тұрғанын атап көрсеткен болатын. Сондай-ақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке сыбайлас жемқорлықпен толық жойылғанша күресуді тапсырды.

“Жемқорлықтың барлық түрімен ымырасыз күрес – мемлекетіміздің одан әрі дамуының басымдығы. Парақорлық, тамыр-таныстық, қоңырау шалу арқылы мәселе шешу және тағы басқа келеңсіздіктер жылдар бойы азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сеніміне селкеу түсіргенін білесіздер. Осы орайда халықтың әділдікке деген үміті азая бастады. Сондықтан менің сайлау алдында берген уәделерімнің бірі жемқорлықты түбірімен жойғанша ымырасыз күрес жүргізу болды. Бұл істе Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі шешуші рөл атқарады. 2019 жылы маусымда құрылған сәттен бері аталған орган көптеген жұмыс атқарды. Оны мойындау керек. Жемқорлыққа қарсы күрес шараларының жүйесі белсенді дами бастады. Атап айтқанда, жаңа құқықтық институттар, өзіне бағынышты қызметкерлердің жемқорлық қылмысы үшін саяси және мемлекеттік тұлғалардың қызметтен кетуі, адалдыққа тексеріс, нормативтік-құқықтық актілерге жемқорлыққа қарсы жүргізілетін сараптама және тағы да басқа бастамалар осы санатқа кіреді. Олардың алғашқы нәтижелерін көріп отырмыз”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстанда «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңы бар. Егер Қазақстан азаматы немесе азаматшасы пара беру барысында ұсталса, жоғарыда аталған заң бойынша ауыр жазаға тартылады. Алайда, бұған қарамастан қаншама адамдар жемқорлықтың өсуіне өз үлестерін қосуда. Әсіресе, мемлекеттік қызметкерлер, жоғары лауазымды адамдар. Қаншама қарапайым халық сыбайлас жемқорлыққа қатысты жанайқайларын баспасөздерде жеткізген болатын. Бірақ өте өкініштісі сол адамдарға ақшаны өздері ұсынатындығында… Себебі, қазіргі таңда адамдардың түп санасында бұл заманды ақша билейді деген қағида қалыптасып кеткен. Бұл түсінікті алдын алу үшін ең алдымен әр жеке тұлға санасын, бұл мәселеге деген көзқарасын өзгертуі қажет. Біріншіден, адам саналы түрде пара сұрауды тоқтатуы қажет, тіпті ұсынған жағдайда қажетті органдарға дереу ескертуі тиіс. Осылайша, сол адамдар өз жазасын алады. Егер осылай жасасақ пара ұсынушы және оны қабыл алған адамдардың бойына қорқыныш ұялайды, әрі пара беремін деген ой екінші рет туындамайды. Ең бастысы, олар бұл жағдайдан сабақ алары сөзсіз. Екіншіден, тәрбие мен мәдениеттілікке тікелей қатысы бар. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев айтқандай: «Жастарды қазақстандық патриотизмге, шығармашылық жағынан дамыған жеке тұлға ретінде тәрбиелеу қажет. Бүгіннен бастап ұлттық мінез-құлық, биік талғампаздық, тәкаппарлық, тектілік, білімділік, биік талғам, ұлттық намыс қасиеттерін сіңіріп қалыптастыруымыз керек» . Бұлай ерекшелеп айтуының өзі еліміздің болашағы жастардың қолында екенін, олардың еліне адал болуы, түзу жолды таңдауы, сыбайлас жемқорлықтың орын алуын болдырмауы еліміздің өркендеуіне біршама үлес қосатынын көрсетеді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев әр Жолдауында адал еңбек пен маңдай термен тапқан әр тиын — нағыз ардың ісі екенін, өскелең жастарға да бұл қасиетті бойларына сіңіріп, тәрбие беру керек екенін жеткізеді. Осы бастан өскелең ұрпақтың бойына адамгершілік қасиетін, сыбайлас жемқорлық біздің қоғамда өмір сүріп жатқан «құбыжық» екенін түсіндіру керек.

Қазіргі таңда елімізде сыбайлас жемқорлықты алдын алу жолдары іске асырылуда. Мемлекет басшысының өкілетті органның алдына қойған талаптарының орындалуына байланысты, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұмысшылар құрылымы қайта қаралды. Экономиканың құлдырауына себепкер болып отырған лауазымды тұлғалардың әрекеттерін әшкерелеу мақсатында лауазымды тұлғалардың қаржыларын тергеу бөлімшесі құрылды. Тәулік бойы бақылау орнату үшін электронды бақылау жүргізу құралдары орнатылуда.

Біздің жауабын таба алмай жатқан ауқымды мәселенің шешімі негізі оп-оңай. Ол — Отанға деген шексіз махаббат, яғни патриотизм. Қазір жасалып жатқан шаралар болсын, алдағы уақытта қолға алынатын шаралар болсын, ұйымдар болсын әр қандасымыздың бойында Елімізге деген кішкене ыстық сезім, сүйіспеншілік болмаса, бәрі бекер екені мәлім. Отанға деген махаббат, елге адал қызмет ету, өз халқына жанашыр болу, біреуге пара беріп, пара бермеуі. Еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа байланысты заң жүйесін өзге елдердегідей қатаңдату қажет. Мысалы, жемқорлыққа қарсы ең ауыр жазалар Қытайда қолданылады. Сонымен қатар, Сингапурдың заңдар жүйесін қарауға болады. Қорытындылай келе, әр адам өз-өзімен жұмыс жасау керек, тек бас пайданың қамын емес, елдің келешегін ойлау қажет. Саналы ұрпақты тәрбиелеп, олардың бойына адал қызмет ету, заңсыз жолмен келген ақшамен шалқып өмір сүру бақыт емес, керісінше, болашағы жарқын елде өмір сүру үлкен бір бақыт екенін түсіндіруі қажет. Әрине, үкімет пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдар үнемі жағдайды қатаң түрде бақылауда ұстаулары маңызды. Еліміздің амандығы мен дамығанын, бәсекеге қабілетті мықты елдер қатарында болғанын қаласақ, сыбайлас жемқорлықты жеңуге бірге ат салысуымыз қажет. Бірлікте болсақ, заңға сүйеніп әрекет етсек алынбайтын қамал жоқ. Сананың өзгеруі адамның ішкі жан дүниесін, пейілін өзгерткенде, өзін саналы тұрғыдан өзгерткісі келсе, бәрі дұрысталары анық. Сыбайлас жемқорлық — бұл адамның көздеген мақсатына оңай әрі тез жету үшін, «Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен» жүріп, оңай жолды таңдау арқылы Қазақстан Республикасының бекітілген заңын бұзып, ақша ұсынуы және оны өз еркімен қабыл алуы. Сыбайлас жемқорлық сөзінің өзі сындыру, құрту, бүлдіру деген мағынаны білдіреді. Бұл бізге сыбайлас жемқорлық кез келген елді құртып, халықтың арасына іріткі салып, келешегіміздің бұлыңғыр болатынын түсіндіреді. Бұл тезистің мақсаты: сыбайлас жемқорлықты алдын алу. Тезистің міндеттері: көпшілікке парақорлыққа қарсы іс-қимылдарды насихаттау; ғаламдық мәселенің алдын алу және шешімін табу; қоғамға кедергі келтіретін, әлемдік дертке айналған сыбайлас жемқорлықпен күресу.