ЖАСТАРДЫ ЭЛЕКТРОНДЫ ТЕМЕКІГЕ ТӘУЕЛДІЛІКТЕН АРЫЛТУ КЕРЕК

19

Түркістан қаласында соңғы жылдары мектеп жасындағы оқушылар мен студент жастар арасында электронды темекі шегу үрдіске айналды. Өйткені, жасанды темекі шегу қазіргі жастар мен жасөспірімдер арасында кеңінен танылып сәнге айналғалы қашан. Жастар электронды темекіні әдеттегі темекіге қарағанда зиянды емес деп ойлайды. Алдымен статистикалық мәліметтерге жүгінуді жөн санадық. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жер шарында 1 млрд-тан астам адам шылым шегеді екен. Темекі тұтынушылар жылына 5,7 млрд дана табак өнімдерін пайдаланып, 1 млн тонна тұқыл тастайтын көрінеді.

Осы ретте Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік Универсиететінің профессоры, журналистика факультетінің оқытушысы, белгілі сазгер Бекжігіт Сердәлі өз пікірін білдірген болатын. Бекжігіт ағамыз күнделікті жастардың ортасында. Университеттегі жастармен етене араласып, олардың қоғамдағы рөлі, жұрыс-тұрысын, тәрбиесін үнемі бақылап жүреді. Оның айтуынша, соңғы 2-3 жылда электронды шылым жасөспірімдерді желіктіріп, түтінімен еліктіріп барады. Алаңдатары сол, Вейп темекінің жарнамасы жарқырап, шылымның бұл түрі еркін сатылымда, балаға қолжетімді бағада. Сорақысы сол тәтті буға тәнті болған мектеп оқушылары мұны сәнге айналдырып алғандай. Тіпті, кейбір темекі тұтынушылары бұл өнім адам денсаулығына зиянды емес деген болжам айтып, сәуегейлік танытып жүр. Өзгелер иісі сасық деп өкпе айтпайтын болғандықтан, сыртты былай қойғанда, оны ғимараттың ішінде, үйде шегетіндер көбейген.

«Бұл құтылы темекіні біреулер ермек үшін қолданса, өзгесі кәдімгі шылымды тастауға көмектеседі деп ойлап ермек қылып жүр. Дәрігер мамандардың пайымдауынша, электронды темекінің негізгі бөлігі ол – никотинді улы зат. Ол қанға өтіп, психологиялық тәуелділікке алып барары сөзсіз», – дейді Бекжігіт Кенжебекұлы.

Қазіргі жастардың басым бөлігі темекіге тәуелді болып қалған. Адам құтылы темекіні шекпесе ашуланшақ болады. Жүрек-қан тамырларына әсер етеді. Жеткіншектерді хош иісімен елітіп тұрған Вейп өнімдердің де зияны ұшан теңіз екен. Құрылғының құрамында резина өндіруге арналған токсинді формальдегид атты химиялық заттар бар. Бұл қосылыстар адам ағзасына түскеннен кейін, бауырда жиналады. Ал, стиктердегі хош иістер шылым шеккеннің ғана емес, жанындағы адамдардың да ағзасында аллергия тудыруы мүмкін. Сондай-ақ, өкпе мен бүйрекке зиян тигізеді. Ұзақ уақыт бұл құрылғыны пайдалану тіпті қатерлі ісікке әкелуі мүмкін. Құрамы белгісіз құнықтырғыш құтыдағы темекіге қатысты тыйым күшейсін деген қоғам белсенділері оны еркін саудаға шығармау керек деп шырылдауда.

Соңғы кезде электронды темекіге қатысты ата -аналар шағымы жиілеген. Бүгінде электронды темекілер бұл — Альп, Эйкос, Вейптар елімізге сертификатсыз кіргізіліп жатыр екен. Оның құрамын ешкім зерттеп жатқан жоқ. Ал дәрігерлер, электронды темекі құрамында психобелсенді заттар, ауыр металдар бар екенін айтып дабыл қағуда. Қазірде электронды темекілер мектеп оқушылары арасында аса танымал. Бұл темекіні дүкенде еркін сатып алуға немесе әлеуметік желі арқылы еш қиындықсыз тапсырыс беруге болады. Қысқасы, қаршадай ұл мен қыздың бәріне оңай әрі қолжетімді. Бүгінде біз айтып отырған осы электронды шылымның ағзаға аса қауіпті болуы ескеріліп, әлемнің 27 мемлекеті бұл темекі қолданысына тыйым салған.

Қазіргі таңда темекі өнімдерін дүкен сөрелерінде жауып сатуда. Алайда, электронды темекі өнімдерінің жарнамалары әлеуметтік желіде жүктеліп, сайтта сан түрі самсап тұр. Түтіні тәтті темекіге тым үйір келетіндердің көп бөлігі мектеп оқушылары екен. Мұндай оқушылар саны ер балалар арасында 3 есе, қыздар арасында 2 есе өскен. Никотинді тауардың түтініне түрлі жағымды иістер қосқандықтан жасөспірімдер ағзаға зияны жоқ деп есептейді. Алайда қарапайым темекінің өзі адам денсаулығына ауыр зиян келтірсе, электронды шылымнан келер зиян шаш етектен,- дейді дәрігерлер.

Кәдімгі темекі — жану өнімдерінің қалдықтары. Ал, электрондық темекінің құрамында еріткіштер бар, бұл өте қауіпті. Олар өкпе мембранасына, өкпе жасушаларына әсер етеді. Сонымен қатар ғалымдар адамның жүрегі мен миына әсер ететінін анықтады. Онда глицерин қоспалары да бар. Олар өте қауіпті, өкпеде қан ұйығыштарын тудырады. Қолда бар деректерге сүйенсек, электронды темекі ең алғаш рет 2003 жылы пайда болыпты. Оны патенттеген адам қытайлық фармацевт көрінеді, аты-жөні – Хон Лик екен. Бір жылдан кейін, яғни 2004 жылы Хон электронды темекіні Қытай нарығында сатқан алғашқы адам болып тіркелген. Іле-шала ол өз өнімін халықаралық айналымға шығарып, жұртқа жаппай тарата бастаған.

Бұл темекіге жастар неге қызығады? Психологтар мен педагогтардың айтуынша, электронды жасанды темекінің құтысы кішкентай ғана. Содан кейін, жағымсыз иіс шықпайды. Әдеттегі шынайы темекінің иісі қолға, адамның киіміне, деміне сіңіп қалады. Электронды темекіде ондай жағымсыз исітер жоқ. Керісінше, әртүрлі тәтті, шырынды иістер қосылып жасалады. Жастардың қызығуының бір себебі сол. Сонда электронды темекі зиянсыз ба? Енді осыған тоқталсақ, «Вейпингтің» кең таралуының салдарынан АҚШ азаматтарының өкпесі жаппай зақымданған. Тіпті, өкпе зақымдануынан адам өлімі де тіркелген. Коронавирус пандемиясына дейін АҚШ-та вейп темекі тұтынған 2500 адам өкпенің ауыр дертіне шалдығыпты. Осы жағдайлардан кейін АҚШ Президенті электронды темекілердің барлық түріне тыйым салыпты. Бұл 2019 жылғы жағдай. Іле-шала 2020 жылдың алғашқы айларында Америкада электронды темекілерге арналған жұпар иісті картридждердің сатылуына жаппай шектеу қойылды. Ал Қазақстанда ше? Бізде бұл темекі еркін сатылып, еркін пайдаланылып жатыр.

Әдетте темікіні адамдар үйде немесе кеңседе отырып шекпейді. Ал электронды темекіні үйде, кеңседе, мейрамханаларда отырып та шеге береді жастар. Оның себебі сол – иісі жағымды деген желеу ғана. Жастар «мода» үшін шексе, үлкен кісілер темекі тастау үшін электронды темекі тартып жүрміз деп ақталады. Мамандардың айтуынша, электронды темекі шынайы темекіні тастауға көмектеспейді. Өйткені, оның құрамында никотин мөлшері өте көп. Жастар көп жағдайда мұны әуестікпен тартып үйренеді. Осы арада бір құпия деректі айтайық, мамандардың айтуынша, электронды темекі тартып жүрген оқушыны немесе студентті ата-анасы еш байқамайды екен. Оның себебін айттық. Мұндай темекі шеккен адамның үстінен жағымсыз иіс шықпайды. Уақыт өте келе бұл тәуелдікке әкеліп соғады екен. Тәтті дәмі мен хош иісіне елітудің ақыры – шылымқұмарлықпен ақталмайды, денсаулықты құртып тынады. Электронды темекі Қытайда пайда болып, өзге елдерден келген, қазақ жастарына шетелден келіп сіңген, жаттың қаңсығы. Еліктегіш жастар сол біреудің қаңсығын таңсық қылып жүр.