ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА КЕШЕНДІ ОҚУ-ЖАТТЫҒУ ӨТТІ

Бүгін Түркістан қаласында азаматтық қорғау қызметтері мен төтенше жағдайларға дайындық аясында кешенді оқу-жаттығудың екінші кезеңі өтті. Арнайы бекітілген жоспар бойынша, қаламызда жер сілкінісі жағдайы симуляцияланып, барлық азаматтық қорғау органдары шұғыл түрде шатырлы қалашыққа көшірілді.
Оқу-жаттығу барысында зардап шеккен халықты қабылдау бекеттері ұйымдастырылып, медицина қалашығы құрылды. Сондай-ақ, 20 қабатты тұрғын үйде өрт-тактикалық оқу-жаттығулары мен жер сілкінісі кезінде қираған үйлердің арасынан адамдарды құтқару жұмыстары пысықталды. Бұл шаралар төтенше жағдай кезінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті дағдыларды қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды.
Құтқарушылар мен басқа да жауапты қызметтердің жұмыс үйлесімділігін тексеру үшін оқу-жаттығудың соңында барлық азаматтық қорғау қызметтерімен қорытынды жиын өткізілді. Жиын барысында алынған тәжірибе мен кемшіліктер талқыланып, болашақта атқарылатын шаралар мен жоспарлар айқындалды.