Бірлік – біздің болашағымыз

Түркістан қаласының тұрғындарының назарына ақпараттық сайтымыз арқылы бірлік пен тұрақтылық, әділдік пен ынтымаққа бағытталған сұхбатты ұсынамыз.
Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Бұл айтулы дата елдің бірлігі мен қоғамдық келісіміне негізделген маңызды кезең екенін көрсетеді. Бүгін осы тақырып төңірегінде Түркістан облысы Ассамблея жастарының белсенді мүшесі, жастар көшбасшысы Захро Ирисматовамен сұхбаттасып отырмыз. Захро ханым, алдымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы сіз үшін нені білдіреді?
– Рахмет! Бұл – мен үшін ғана емес, барша қазақстандықтар үшін үлкен тарихи меже. Қазақстан халқы Ассамблеясы – еліміздің бейбіт дамуының, татулығы мен тұрақтылығының символы. 30 жыл ішінде Ассамблея ел ішіндегі барлық этностардың басын біріктіріп, ортақ мақсатқа жұмылдыру арқылы қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің берік іргетасын қалыптастырды. Осы ұйымның арқасында біз – әртүрлі ұлт пен ұлыс өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеміз.
Түркістан қаласы – еліміздің тарихи, рухани орталығы ғана емес, этностық әралуандылықтың да жарқын үлгісі. Осы өңірде Ассамблея жастарымен қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
Захро Ирисматова: Түркістан – тек түркі жұртының ғана емес, әлемге әйгілі бейбітшілік пен руханият мекені. Біздің облыста 20-дан астам этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олардың жанында жастар қанаты да белсенді қызмет атқарады. Өзім Түркістан облыстық күрді этномәдени бірлестігінің жастар қанатының мүшесімін. Ассамблея жанындағы жастар ұйымдары арқылы біз түрлі бағыттағы іс-шараларды жүзеге асырамыз: қайырымдылық акциялары, этностар мәдениетін насихаттау кештері, еріктілік қозғалыстар, патриоттық және экологиялық жобалар – мұның бәрі жастардың бастамасымен іске асып жатыр. Осы жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Қазақстандағы этностардың құқығын қорғап, олардың мәдениеті мен дәстүрлерін дамытуға үлкен үлес қосты. Қазақстан халқы Ассамблеясысының бастамасымен жүздеген этномәдени бірлестіктер құрылып, ұлттық мерекелер, форумдар, фестивальдар мен ғылыми конференциялар ұйымдастырылды. Қазақстан халқы Ассамблеясы сондай-ақ қайырымдылық шаралар мен қоғамдық жобаларды жүзеге асырып, жастар саясатын қолдауда белсенділік танытып келеді.
Сіз жастармен тығыз жұмыс істеп жүрсіз. Өзіңізде сол жастардың бірісіз бүгінгі жастар қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты қалай қабылдайды деп ойлайсыз?
Захро Ирисматова: Қазіргі жастардың санасы сергек, көкжиегі кең. Олар Қазақстанның басты байлығы – тұрақтылық пен бірлік екенін жақсы түсінеді. Әсіресе Ассамблея құрылымдарында жүрген жастар басқа ұлттың дәстүріне, тіліне, мәдениетіне құрметпен қарауға үйренеді. Біз түрлі этностардың өкілдерімен бір командада жұмыс істейміз, бірге ән шырқап, би билеп, жобалар жасаймыз. Мұндай қарым-қатынас адамның дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, толеранттылық пен шынайы достықты қалыптастырады. онымен қатар қазақта достасып-бауырласу немесе тамыр болу әдет-ғұрпы бар. Бұл рәсім куәлардың көзінше салтанатты жағдайда өткізіледі. Рәсім кезінде дос болуға ниеттескен екі адам қылыштың не қанжардың жүзін сүйіп, адал дос болуға серттесіп, ант ішіседі. Мен мұны не үшін айтып отырмын десеңіз, «Қазақтану» жобасы қазақты тану, қазақты білу дегенді білдіреді ғой, ал менің ұсынысым соны этноволонтер арқылы жүзеге асыру.Ассамблея жастар үшін тек ұйым емес, бұл – өмір мектебі. Бұл ортада жүрген әрбір жас өз бойынан көшбасшылық, мәдени сауаттылық, азаматтық жауапкершілік қасиеттерін дамытады.
Қазақстан халқы Ассамблеясының алдағы болашағына қандай баға бересіз?
Захро Ирисматова: Ассамблея – бұл өміршең құрылым. Оның болашағы – жарқын. Себебі оның негізі – бірлік, бейбітшілік, татулық. Қоғам алмасып, заман өзгергенімен, ел ішіндегі келісім мен тұрақтылыққа деген сұраныс ешқашан төмендемейді. Қазіргі таңда Ассамблея жастарға ерекше көңіл бөліп отыр. Бұл – дұрыс шешім. Өйткені келешекте осы ұйымды біздер, бүгінгі жас ұрпақ жалғастырамыз. Біз бір-бірімізді түсіне отырып, Қазақстанды мәдениет пен өркениет тоғысқан, бірлік пен бауырмалдық орнаған ел етіп сақтап қалуға күш саламыз. Қоғамдық келісім – бұл жай ғана ұлттар мен ұлыстар арасындағы бейбіт өмір сүру емес, бұл – ортақ мақсат, бірлік, ортақ құндылықтар жүйесі. Қазақстанда тұратын әрбір этнос өкілі өзін осы мемлекеттің толыққанды азаматы ретінде сезінуі тиіс. Бұл үшін мемлекет тарапынан тең құқық, мәдени дамуға жағдай, тіл мен дәстүрді сақтауға қолдау көрсетілуде.
Өте әсерлі ойлармен бөлістіңіз. Сұхбатыңыз үшін рахмет. Соңғы сауал – Түркістан өңірінің жастарына не айтқыңыз келеді?
Захро Ирисматова: Түркістан қаласы – тарихы терең, рухы биік өлке. Осы өңірде дүниеге келіп, әртүрлі ұлт пен ұлыстың өкілдерімен бір шаңырақ астында тату өмір сүріп жатқанымыз – бізге берілген үлкен мүмкіндік. Жастарға айтарым – әрдайым елдің тыныштығын, қоғамның келісімін бағалаңыздар. Кішкентайдан патриот болыңыздар, қайырымды болыңыздар. Себебі қоғамдық келісім дегеніміз – әрбіріміздің жүрегімізде басталады.
Жалпы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясындағы «Бірегей бірліктің баянды жолы» атты сөзінде әр азаматтың көкейінде тұруы тиіс – ел тұтастығы, татулық пен ынтымақ, береке мен бірлік сияқты – қоғам дамуының тұғыры болып табылатын тағдыршешті мәселеге қайырыла мән берген. Қазіргі алмағайып заманда елдің ішкі тыныштығы мен жұдырықтай жұмылған рухани тұтастықтың құны күн сайын қымбаттап барады. Сондықтан да Мемлекет басшысы осыны әр қазақстандықтың берік есте ұстап, айнымайтын өмір салтына айналдыруы қажет екендігін оқтын-оқтын қайталаудан жалыққан емес. Кеңес өкіметі бізге Қазақстан қоғамын құрайтын қауымның әртектілігін мұраға қалдырды. Олар тегі ғана емес, тілі жағынан да екі алуан ел болды. Міне, осындай әртекті ортаны бір мемлекеттік мүддеге ұйыстырып, біртұтас ұлттық мақсатқа бағыттап сара жолға салу әрқашанда зор күш-жігерді, саяси сара жолды қажет ететіні белгілі. Президенттің бұл мәселені үнемі назарында ұстайтыны да сондықтан. Бұл орайда, мемлекеттік саясаттың алтын өзегін құрайтын қазақ халқының сабырлы, салиқалы, сарабдал даналығы ел тәуелсіздігінің алтын тұғыры болып келе жатқандығын атап айтпасқа болмайды. Президент осы тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктерді, соның ішінде тілдік теңсіздікте болған олқылықтардың толған орнын пайыздық көрсеткіштермен өрнектеді. Бірақ бұған тоқмейілсуге әлі ерте. Ең алдымен, отыз жылдан астам төзімділікпен жүргізіліп келе жатқан тауқыметті шаруаның берекесін де көздің қарашығындай сақтай білуіміз қажет. Оған төніп тұрған ішкі де, сыртқы да қауіп-қатер жоқ емес. Ондай жағдайлардың құқықтық тұрғыдан қатаң жазаланып, әділетті түрде айыпталатынын ескертеді.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттік тіл мәселесімен қоса жастар тәрбиесіне де ерекше назар аударды. Оның пікірінше, болашақ ұрпақ тек білімді ғана емес, рухани-мәдени тұрғыдан да білікті, елжанды азамат болып қалыптасуы тиіс. Мемлекеттік тілдің біріктіруші рөлін арттыру – барлық этнос өкілдерінің ортақ міндеті екенін де атап көрсетті.
Президент елдегі ақпараттық қауіпсіздікті сақтау, арандатушылық пен жалған ақпараттарға қарсы тұрудың маңызын да айтты. Бұл – қоғамдық сананы уытты әсерден сақтау арқылы бірлікке бастайтын жол. Сөз барысында Президент қазіргі заманның жаңа сын-тегеуріндеріне бейімделу қажеттігіне назар аударды. Әсіресе, этносаралық қарым-қатынастарда ашықтық пен әділеттілік қағидаларын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау маңызды екені, этностардың әлеуметтік өмірге тең қатысуы мен олардың мәдени ерекшеліктерін сақтау арқылы ғана елде тұрақтылық пен сенімді орта қалыптастыруға болатынын баса айтты. Қазақстан қоғамының тату-тәтті өмір сүруі – тек тарихи ерекшелік емес, сонымен бірге мемлекет жүргізіп отырған сындарлы саясаттың да нәтижесі. Осы орайда, Мемлекет басшысы Ассамблеяны елдегі тұрақтылық пен татулықты сақтау жолындағы жұмысын жаңғырту қажеттігін алға тартты. Бұл толғамды сөзді ел болашағына бағытталған нақты ой-пікірлер мен терең сараптамаларға негізделген тұжырымдамалық көзқарас деп қабылдауға болады.