Түркістан жастары – елдік рухтың, патриоттық тәрбие мен болашақтың тірегі

33

Қазіргі таңда еліміздің кемел келешегі – жалынды жастардың қолында. Осы орайда мемлекетіміз жастарға зор сенім артып, олардың тәрбиесі мен даму жолында нақты бағыттар ұстанып келеді. Әсіресе тарихи және рухани орталық саналатын Түркістан қаласында өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру жұмыстары ерекше маңызға ие. Түркістан – ел бірлігінің символы ғана емес, бүгінгі жас ұрпақтың жүрегіне елжандылық дәнін себетін қасиетті шаһар. Қазақстанның жастары – мемлекеттің қозғаушы күші.  Мемлекет басшысы жастарға әрдайым үлкен үміт артып келеді. Осы сенімнің үдесінен шығу – әрбір жастың азаматтық борышы. Түркістан қаласының жастары осы жауапкершілікті терең түсініп, түрлі бағыттағы қоғамдық, әлеуметтік, мәдени жобаларға белсенді қатысып келеді. Бұл – нағыз патриотизмнің жарқын көрінісі. Жастар ұйымдары, волонтерлік топтар, шығармашылық және спорттық бірлестіктер арқылы жас буын ел дамуына үлес қосуда. «Жас Отан», «Жастар Ресурстық Орталығы», «Жасыл ел», «Студенттік парламент» сияқты құрылымдар Түркістан жастарының елге, туған жерге, ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілігін арттыруда үлкен жұмыс атқаруда.

Түркістан қаласының мектептері мен жоғары оқу орындарында, колледждерінде ұйымдастырылатын тәрбие сағаттары, форумдар, пікірсайыс алаңдары, патриоттық форумдар арқылы жастар өз ойларын ашық білдіріп, ұлттық рух пен мемлекетке деген сенімді нығайтып келеді. Сонымен қатар, тарихи орындарға саяхаттар мен танымдық экскурсиялар өтіп, жастар Түркістанның ел тарихындағы маңызды рөлін тереңінен танып жатыр. Қасиетті Түркістан топырағында тұрған әрбір жас азамат – Тәуелсіз Қазақстанның тірегі. Олар Елтаңба мен Ту алдындағы жауапкершілікті сезіне отырып, ел дамуына өз үлесін қосуға ұмтылуда. Әрбір әнұран орындалған сәтте, мемлекеттік мерекелерде, қоғамдық шараларда жастардың шынайы отаншылдық сезімі ерекше байқалады. Патриоттық тәрбие беру тек бір бағытпен шектелмейді. Ол – күнделікті өмірде, жастардың өзін-өзі дамыту жолындағы таңдауларында, әлеуметтік бастамалар мен еріктілік жобаларында көрініс табады. Түркістан жастары өңірдегі экологиялық сенбіліктерге, қайырымдылық акцияларына, ұлттық спорт пен мәдени іс-шараларға белсенді атсалысып, өздерін елінің шынайы патриоттары ретінде көрсетіп келеді.

Сонымен қатар, жастар арасында ұлттық сана мен мемлекеттік рәміздерге деген құрметті қалыптастыру – басты басымдық. Түркістандағы Жастар ресурстық орталығының бастамасымен өткізілген «Менің туым – менің мақтанышым», «Ел рәмізі – елдігім» атты акциялар мен челлендждерге жүздеген жас қатысып, рәміздердің мәнін жаңа форматта ұғынып, өзгелерге үлгі көрсетті.  Түркістан қаласының жастары – ел ертеңінің жарқын иелері. Олар тек білім алып, дамып қана қоймай, қоғамға қызмет етуді, туған елінің тарихын ардақтауды, ұлттық рухты сақтауды мақсат етеді. Мұндай жастар барда Қазақстанның болашағы баянды боларына сенім зор. Түркістан – жастардың елдік сана мен патриоттық рухтың мектебі бола отырып, ұлт болашағы үшін қызмет етіп келеді.

Сан ғасырлар бойы Қазақстан тарихында патриотизм ұғымы ерекше мәнге ие болып келеді. Сол замандардан бері қазақ халқының бойыны сіңген, елін-жерін сүю, қорғау, қызмет ету, ынтымақтастықты ту етіп ұстау, дәстүрге құрмет көрсету мәдениеті қалыптасты. Осы тұрғыда өсіп келе жатқан ұрпақтың да бойына патриотизм құндылықтарын сіңіріп, оның жалғастығын үзбеу маңызды мәнге ие. Патриоттық тәрбиенiң барлық жүйесiн ұйымдастырып, оның жұмыс iстеуiн және бақылауды қамтамасыз ететiн негiзгi институт мемлекет болып саналады. Жастарды патриотизмге тәрбиелеу  Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді перспективалы мемлекеттік жастар саясаты бағыттарының бірі болып табылады. Президент Қасым­Жомарт Тоқаев: «Еліміздің әрбір азаматы жұртшылықтың алдына шыққанда ұлттық мүдде мен қазақстандық пат­риотизм қағидаттарын басшылыққа алуы керек», деген болатын. Патриотизм – Отанға, туған жерге, өзінің мəдени ортасына деген сүйіспеншілік. Адамның бойындағы күш-қуаты мен білімін Отан игілігі мен мүддесіне жұмсау, туған жерін, ана тілін, елдің əдет-ғұрпы мен дәстүрін құрмет тұту сияқты патриоттық құндылықтар тал бесіктен бойымызға сіңе бастайды.