КӨКСАЙ ЖАҢҒЫРУДА: ҚАЛА ӘКІМДІГІ ТАҒЫ 8 ОТБАСЫН БАСПАНАМЕН ҚАМТЫДЫ

50
Шымкент қаласында Көксай шағынауданын кешенді жаңғырту тұжырымдамасын жүзеге асыру жалғасуда. Қаланың тарихи бөлігінің бірі саналатын бұл шағынауданның іргетасы 1915 жылы қаланған. Аталған аумақта алғашқы тұрғындар теміржол құрылысына байланысты қоныстана бастаған.
Бұған дейін ел арасында «Зеленая балка» немесе «Нахаловка» деп аталып кеткен Көксайда тұрғын үйлердің басым бөлігі құжатсыз әрі өз бетінше салынған. Сәйкесінше, бұл аймақта бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелер қалыптасқан. Көптеген көппәтерлі үйлер апатты жағдайда, ал кейбір тұрғындар ұзақ жылдар бойы тұрмыстық қиындықтарды бастан өткеріп келеді.
Көксайды жаңарту жобасы алғаш рет нақты іске асуда. Бұған дейін қала әкімінің тікелей араласуымен тұрғындармен кездесу өтіп, олардың пікірлері мен ұсыныстары ескерілген болатын.
Тұжырымдаманың негізгі кезеңі – апатты жағдайдағы тұрғын үйлерден азаматтарды жаңа, жайлы пәтерлерге көшіру. Жоба аясында алғашқы кезеңде 9 үйдің 83 отбасы жаңа баспанамен қамтамасыз етілген.
Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Көксай шағынауданындағы Нұрлыбаев көшесінде орналасқан 8 отбасыға жаңа пәтер кілттерін табыстады. Қала басшысы тұрғындарды қоныс тойымен құттықтап, әр отбасыға амандық, бақ-береке және жаңа баспаналарында жайлы өмір тіледі. Жаңа пәтерлердің бөлме саны бұрынғы тұрғын үйлермен сәйкестендірілген.
Көксай тұрғындары толықтай жаңа үйлерге көшірілгеннен кейін, шағынауданда әкімшілік ғимарат, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, әлеуметтік инфрақұрылым нысандары, саябақтар мен жаңа мектеп ғимараттары бой көтеретін болады. Сондай-ақ көпфункционалды сауда-логистикалық орталық салу да жоспарланған.
Жаңғырту тұжырымдамасы кезең-кезеңімен іске асырылып, Көксай шағынауданына заманауи келбет беріп қана қоймай, тұрғындардың өмір сапасын едәуір арттыруға бағытталған.