Шымкентте 7 айда мамандандырылған ХҚО арқылы 196 мың көлік тіркелді

395

Шымкентте «Цифрлы қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында халыққа көрсетілетін барлық қызмет түрлері цифрландырылып жатыр. Соның бірі – тұрғындар көліктерін «Азаматтарға арналған үкімет» арқылы онлайн тіркей алады.

Биыл 7 айдың ішінде Шымкент қаласындағы Мамандандырылған ХҚО арқылы 196 000 көлік тіркелді. Бұл туралы Шымкент қаласы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» филиалы хабарлады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10%-ға артқан.

Сондай-ақ қала тұрғындары көліктерін онлайн режимде Еgov.kz порталы арқылы тіркей алады. Көлікті рәсімдеу үшін төмендегі нұсқаулық көрсетілген:

1. Еgov.kz порталында «Көлік құралының сәйкестендіру нөмірі бойынша көлік құралдарының жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу, есепке алу және есептен шығару, сондай-ақ көлік құралдарын тіркеу туралы куәлік және мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерін беру» қызметін таңдап, авторизациядан өтіңіз де, «Қызметке онлайн тапсырыс беру» батырмасын басыңыз;

2. Сұранымды толтырып, көлікті сатып алушының ЖСН-ін көрсетіңіз;

3. ЭЦҚ көмегімен сұрауға қол қойыңыз;

4. Сатып алушының растауын алыңыз;

5. Жеке кабинетте қызмет көрсету нәтижесімен танысыңыз.

Өз кезегінде сатып алушы Egov-қа кіріп, барлығын растап, мемлекеттік бажды төлейді.

Сұранымды келісу үшін сатып алушының ЭЦҚ-сы болуы қажет. Содан кейін ол мемлекеттік нөмірді таңдап, порталда мемлекеттік баж салығын төлейді. Мемлекеттік баж құны — 12 545 теңге (2021 жылы), қызмет көрсету уақыты – 1 сағат.

Барлық талап орындалғаннан кейін сатып алушы мамандандырылған ХҚО-ға баруы керек. Өзімен бірге ол мемлекеттік баж төлеу және жинау туралы түбіртекті, көлік құралын тіркеу актісін, мәміленің электрондық нысан құжатын, сондай-ақ ескі нөмірлер мен техпаспортты ала баруы тиіс. Егер барлық құжат дұрыс болса, сатып алушы автокөлікті тіркеу туралы куәлікті және жаңа нөмірлік белгілерді алады.

Естеріңізге сала кетейік, пилоттық жоба аясында қала тұрғындары мамандандырылған ХҚО-ларда көліктерін бірден сақтандыру мүмкіндігін ала алды. Полисті тіркеу үшін 10 минут жеткілікті.