ТҮРКІСТАНДА «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНЫҢ ӘЙЕЛДЕР ҚАНАТЫ ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫНЫҢ БАСЫМ БАҒЫТТАРЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

0
28

Түркістан қаласында «Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалы Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттарын талқылауға арналған пікір алмасу алаңы өтті.

Іс-шараның мақсаты – Мемлекет басшысы айқындаған міндеттердің өңірлік деңгейде жүзеге асырылу тетіктерін саралау, сондай-ақ қоғамдағы әйелдердің саяси, әлеуметтік және экономикалық белсенділігін арттыру мәселелерін талқылау.

Пікір алмасу алаңына «Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі Қалыйма Жантөреева модераторлық етті.

Жиын барысында әйелдердің саяси көшбасшылығын дамыту, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті қолдау, психологиялық қызмет көрсету жүйесін жетілдіру, құқықтық теңдікті қамтамасыз ету және инклюзивті қоғам қалыптастыру мәселелері кеңінен қозғалды.

Талқылау аясында Оразкүл Қолдасова психологиялық қолдау жүйесін дамыту және оның қолжетімділігін арттыру жөнінде баяндама жасады. Ал Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Зухра Амирова ауыл әйелдерінің кәсіпкерлік әлеуетін арттыру, бизнес бастамаларын қолдау және оларды дамыту мүмкіндіктеріне тоқталды.

Сондай-ақ Арыс қалалық «Асыл жүрек» әлеуметтік орталығының басшысы, қалалық Әйелдер қанатының жетекшісі Мөлдір Сарыпбекова әлеуметтік қолдау көрсету және инклюзивті қоғам қалыптастыру бағытындағы тәжірибесімен бөлісті.

Кездесу барысында қатысушылар өзара пікір алмасып, ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, әйелдердің қоғамдық-саяси өмірге қатысуын кеңейту, ауылдық жерлерде кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, психологиялық көмектің қолжетімділігін арттыру және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін қорғау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі атап өтілді.

Жиын қорытындысында «Әділет» партиясының Әйелдер қанаты Президент Жолдауында белгіленген басым міндеттерді өңірде іске асыруға белсенді үлес қосып, әйелдердің әлеуетін арттыруға, бастамаларын қолдауға және олардың қоғамдағы рөлін нығайтуға бағытталған жұмыстарды жалғастыратынын жеткізді.

«Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі