ШЫМКЕНТТЕ 30 ОҚУШЫ «ЖАС САҚШЫ» ҚАТАРЫНА ҚАБЫЛДАНДЫ

14

Шымкент қаласындағы Т. Рысқұлов атындағы №25 мектеп-гимназиясында «Жас сақшы» сыныбының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл сыныпқа қызметтік борышын атқару барысында ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкері Жолдасбек Бөкенбаевтың есімі берілді.

«Жас сақшы» атанғандар – тоғызыншы сыныптың 30 оқушысы. Арнайы сынып ашу бастамасы жасөспірімдерге патриоттық тәрбие беру және олардың болашақ мамандыққа бағдарлануына бағытталған.

Іс-шараға III дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, Ұлттық ұланның әскери қызметшісі Ербол Отарбаев арнайы шақырылды. Жиынға Жолдасбек Бөкенбаевтың әпкесі де қатысып, шараның маңызын арттыра түсті және батырдың рухына деген құрметті айшықтады.

Құқық қорғаушылар жас өрендерге жетістіктер тілеп, тәртіптің, жауапкершілік пен білімге ұмтылудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ, шарада полиция қызметкерлерінен құрылған «ПолиАрт» тобы ән шырқап, жедел қимылдайтын арнайы жасақ даярлық элементтері мен жаттығулар көрсетіп, оқушыларға үлкен әсер қалдырды.

Кадеттер үшін полиция формасының үлгісіне сай арнайы киім тігілген, ал оқу бөлмесі тақырыптық стендтермен және қажетті оқу-әдістемелік материалдармен толық жабдықталған.

Ұйымдастырушылар қазіргі жас сақшылардың болашақта қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға өз үлестерін қосатынына сенім білдірді.

Жас сақшы – бұл мектеп оқушылары мен жастар арасынан құралған, қоғамдық тәртіпті нығайтуға, қауіпсіздікті сақтауға және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған ерікті жасақ. Жас сақшылар түрлі тәрбиелік іс-шараларға қатысып, кәмелетке толмағандар арасындағы тәртіпсіздіктің алдын алуға көмектеседі.

Жас сақшының негізгі міндеттері:

  • Мектеп пен қоғамдық орындардағы тәртіпті бақылауға көмектесу
  • Қауіпсіздік мәдениетін насихаттау
  • Темекі, алкоголь, құқық бұзушылық сияқты зиянды әрекеттердің алдын алу
  • Көшедегі мәдениеттілік пен жол қауіпсіздігі ережелерін түсіндіру
  • Полиция қызметкерлеріне профилактикалық іс-шараларда жәрдемдесу

Маңызы

Жас сақшы қозғалысы жасөспірімдерді жауапкершілікке, азаматтық белсенділікке, қоғамға пайда әкелуге тәрбиелейді. Олар болашақта құқық қорғау органдарында қызмет етуге қызығушылық танытып, ел қауіпсіздігіне үлес қосуға ұмтылады.