БОКСТАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНДАРЫ АУДАН ЖАСТАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

11
Aудандық Мәдениет үйінде Түлкібас ауданы әкімдігі мен «АMANAT» партиясы Түлкібас аудандық филиалының ұйымдастыруымен ерекше кездесу өтті. Іс-шараға бокстан екі дүркін әлем чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы Махмұд Сабырхан және әлем чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы Төрехан Сабырхан арнайы келді.
Кездесу «AMANAT» партиясы Түлкібас аудандық филиалының төрағасы Жүнісов Ержан Әліұлының төрағалығымен, аудан әкімінің орынбасары Ғани Құрманбайдың қатысуымен өтті. Жиынға ауданның құрметті азаматтары, бокстан бапкерлер, жас спортшылар мен оқушылар қатысты.
Жас спортшылар қос чемпионға спорт жолындағы алғашқы қадамдары, жетістіктерге жету жолындағы қиындықтар мен жеңіске жету жолдары жайлы түрлі сауалдар қойып, Махмұд пен Төрехан өз тәжірибелерімен бөлісті. Шараға чемпиондардың әкесі, жаттықтырушысы Айдархан Сабырханұлы қатысып, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Сондай-ақ, кездесуде Түлкібас ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Келесбек Жартыбаев және ішкі істер органдарының ардагері, партия ардагері Өтепбай Маткерімов сөз сөйлеп, ел намысын абыроймен қорғаған чемпиондарға алғыстарын білдіріп, алдағы додаларда сәттілік тіледі.
Жиын соңында жас спортшылар чемпиондармен естелік суретке түсіп, бокс қолғаптарына қолтаңба алды.