ЖЫЛДЫҢ ҚОРЫТЫНДЫ СЕССИЯСЫ ӨТТІ

296

Сегізінші шақырылымдағы Шымкент қаласы мәслихатының кезекті он үшінші сессиясы өтті. 2023 жылды қорытындылаған сессияның күн тәртібінде Шымкент қаласы әкімінің оған жүктелген функциялары мен міндеттерін орындау туралы есебі қаралды.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков инвестиция тарту, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы, жалпы қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін баяндады.

– 2023 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша қалаға 622 млрд теңге инвестиция тартылды. 2023 жылы жалпы 721,7 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған. Оның ішінде, жеке инвестицияның үлесі – 80 пайыз. Қаланың инвестициялық тартымдылығы жылдан-жылға арты келеді. Өнеркәсіп саласында өндірілген өнім көлемі – 952 млрд теңге. Қалада 2023-2027 жылдар аралығында жүзеге асырылатын құны 1,6 трлн теңге 224 инвестициялық жобаның пулы жасақталды. Онда жаңа 33 мың жұмыс орны ашылатын болады. Қазіргі таңда қалада жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерінің саны 130 мың бірлікке жетті. Онда жұмыспен қамтылғандардың саны 220,4 мың адам, – деді қала әкімі.

Сондай-ақ, қала әкімі халықты жұмыспен қамту, тұрғын үймен қамту, көлік инфрақұрылымы, инженерлік-инфрақұрылымды дамыту, абаттандыру, әлеуметтік салада атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарлардан хабардар етті. Халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында депутаттарды бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Сессия барысында мәслихат депутаттары қалада қауіпсіздікті күшейту, елді мекендерде саябақтарды көбейту, тағы басқа мәселелер бойынша сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Депутаттар тарапынан қала әкімінің есебі оң бағаланып, бірауыздан бекітілді. Сонымен қатар, күн тәртібіндегі бірқатар мәселелер депутаттар тарапынан қолдау тапты.

Сессия соңында бокстан жасөспірімдер арасында әлем чемпионы Нұрасыл Төлебекті және оның жаттықтырушысын марапаттау рәсімі өтті. Шаһар басшысы Нұрасыл Төлебекке алғыс хат және 1 млн теңге қаржылай сыйақыны табыс етті.

Жеке бапкері Думан Байтелиевке қаржылай сыйақы берілді. Сонымен бірге, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков ҚР Туризм және спорт министрлігінің «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.

«Шымкент келбеті»