Жаңа оқу жылының дайындық барысы сөз болды

551

Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қалалық Білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева және Шымкент қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алдарқұл Ахметовтің қатысуымен брифинг өтті. Брифинг барысында жаңа оқу жылының басталуы және білім ошақтарындағы санитарлық нормалардың сақталуы жөнінде сөз қозғалды.

Осы ретте Жанат Тәжиева эпидемиологиялық жағдайға байланысты тәрбиеленушілердің ата-аналарын вакцина салдыруға шақыра отырып, мектептегі дезинфекциялық заттарға ақша жинамауды өтінді. Өйткені білім ұйымдарына қажеттілік заттың бәріне қаржы бөлініп отырғанын арнайы жеткізіп, ата-ана балаларын тек бетпердемен қамтамасыз ету керектігін айтты.

Брифинг барысында Алдарқұл Райымқұлұлы білім ошақтарында санитарлық нормалардың сақталуы жөнінде сөз қозғады.

– Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының №36 Қаулысына сәйкес, білім ұйымдарындағы асханаларға рұқсат беріліп отыр. Бірақ аспазшылар вакцина (медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарды қоспағанда) салдырған болуы керек. Сондай-ақ, мектепте санитарлық талаптың бәрі сақталуы міндетті және көпшілік жиналатын іс-шара мен басқосуларға тыйым салынады. Сонымен қатар, білім ошақтарының әр қабатында санитайзерлер қойылып, қол жуу тәртібі ілініп тұруы керек және дезинфекциялық заттардың 1 айлық қоры болуы тиіс. Бұл ретте күніне екі рет ылғалды, аптасына бір рет жалпы тазалық жұмыстары жүргізілуі қажет. Ал сынып іші 25 баладан аспауы керек, – деді А.Ахметов.

Айта кетейік, қаладағы барлық білім ұйымында «Ashyq» жобасы толық қосылған. Осы орайда педагогтер мен техникалық персоналдар 100 пайыз (медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарды қоспағанда) вакцина алған.