ЖОЛ САПАСЫ ЖАҚСАРЫП, ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫН АЛҒАН
Қазіргі уақытта Шымкентте жол салу құрылысы қарқын алған. Ірі жолайрықтар, теміржол өткелдері, магистралды көшелер, қала орталығынан шалғай елді мекендердегі жол салу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Одан бөлек, ішкі орамдық көшелер, аяқжолдар салу, оны күтіп ұстау іс-шаралары да басты назарда тұрған мәселелердің бірі. Айталық, әуежайдың жаңа ұшу-қону жолағының құрылысының бүгінде 20 пайыз жұмысы орындалған. Өткен айда ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жаңа нысанда болып, құрылыс барысымен танысқан еді.
Мемлекет басшысының әуежайды халықаралық заманауи мультимодальды хабқа айналдыру бойынша берген тапсырмасына сәйкес, Шымкент әуежайының жаңа ұшу-қону жолағын салу жұмыстары қарқынды атқарылып жатыр. Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимовтың айтуынша, ондағы жолақтың ұзындығы — 3,9 шақырым, ені — 75 метр. Мұнда кез келген көлемдегі ұшақтарды қабылдауға мүмкіндік бар. Бүгінде әуежайдың аумағы мемлекет мұқтаждығына алынып, арнайы экономикалық аймақ құру жұмыстары да басталған. Жалпы, жаңа ұшу-қону жолағының құрылысын келесі жылы аяқтау жоспарланып отыр.
Аталған ұшу-қону жолағы (3300*75 м) ІСАО-ның 3-ші санаттағы халықаралық стандартына ие бола отырып, ұшақтарды шектеусіз қондыру/ұшыруға және транзиттік әлеуетті едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа ұшу-қону жолағының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, 2025 жылғы қазан айында құрылысы бастау алды.
Қазіргі таңда мегаполисте қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың тапсырмасымен кешенді бағдарлама қарқынды жүзеге асырылуда. Осы орайда, шаһарда өткен жылы іске асырылған жобалар, биыл құрылысы жүріп жатқан нысандарға тоқталып өтсек. Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, шаһарда 2025 жылы 1 059,2 шақырым жол салынған. Көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында ұзындығы 21,1 шақырым 6 жоба іске асырылыпты. Мемлекет басшысының өңірге іссапары барысында берген тапсырмасына сәйкес, өткен жылы А-2 айналма жолының негізгі бөліктері қайта құрудан өтіп, 6 және 8 кезеңдері тапсырылды. Яғни, жұмыстар 90 %-ға орындалды. Қаланың орталығын Ташкент – Алматы тас жолымен байланыстыратын Д.Қонаев даңғылының жалғасы 85 % орындалып, 2-ші кезеңі тапсырылды.
Сонымен қатар, О.Жандосов көшесінің жалғасы, Асар-Шымсити шағын аудандарын қосатын жол, Қызылсай шағын ауданынына кіреберіс жолдың асфальт қабаты салынып, пайдалануға берілген. Сондай-ақ, жалпы 17,1 шақырым 6 көшені және 1 көпірді күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде, 4 көше мен 1 көпір пайдалануға тапсырылды (Юсупов, Тамшыбұлақ, Жаңа қоныс, Ізенді, Қойкелді батыр көшесіндегі көпір пайдалануға берілді).
Қонаев даңғылы жалғасы құрылысының ұзындығы –16,3 шақырым. 2025 жылға дейін 1, 3, 4-кезеңдер пайдалануға берілген еді. Қазіргі таңда 2-кезеңі құрылысы аяқталып, 5-кезеңі құрылысы атқарылып жатыр. Жалпы нысанды 2026 жылы аяқтау жоспарда тұр.
А-2 автомобиль жолын қайта құру жобасының жалпы ұзындығы –31 шақырым, 8 кезеңнен тұрады. 2025 жылға дейін 1, 2, 3, 4 кезеңдер толық орындалған. Қазіргі таңда 6, 8-кезеңдері аяқталып, 5 және 7 кезеңдерінің құрылысы жүзеге асырылуда. Жалпы, нысанды биыл бітіру жоспарланған.
2025 жылы қалада жалпы ұзындығы 201 шақырым 323 көше орташа жөндеуден өткен еді. Бұдан бөлек, шалғай және ішкі орам көшелерге 2025 жылдың қорытындысы бойынша 820 шақырымға асфальт жабындысы төселді (Абай ауданында – 319 шақырым, Әл-Фараби ауданы – 60 шақырым, Тұран ауданы – 152 шақырым, Еңбекші – 127 шақырым және Қаратау ауданында – 162 шақырым).













