ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН 9 НЫСАН ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

2026 жылы қалада жалпы ұзындығы 238,0 шақырымды қамтитын жол құрылысы жұмыстары жүргізіліп, жыл соныңа дейін пайдалануға беру жоспарда тұр. Басқарманың мәліметі бойынша көлік инфрақұрылымын кешенді дамыту бағытында ұзындығы 36,3 шақырымдық 13 ірі жоба іске асырылуда. Соның ішінде, 2026 жылы 25,7 шақырымды құрайтын 9 нысанды пайдалануға беру жоспарлануда.
Атап айтсақ, Д.Қонаев даңғылының жалғасы биыл толық аяқталмақ. 8 кезеңнен тұратын А-2 автомобиль жолын қайта құру бойынша қазіргі таңда 5,7 кезеңдері, маңызы жоғары Бәйдібек би және Қ.Төлеметов көшелерінің қиылысындағы жолайырық құрылысы іске асуда.
Қаланың шығыс бөлігі мен орталығын байланыстыратын халыққа қажетті 2 ірі теміржол өткелінің құрылысы да қарқынды жүргізілуде. П.Момынов және К.Тіленшин көшелеріндегі теміржол өткелдері биыл іске қосылмақ. Маңызды жоба қаладағы аудандардың өзара байланысын жақсарту және орталық көшелердегі қозғалысты оңтайландыру арқылы көлік жүктемесін азайтуды көздейді.
Биыл жыл басында П.Момынов көшесіндегі жаңа өткелдің техникалық ашылу рәсімі өткен еді. Өткелге іргелес аумақта абаттандыру жұмыстары да жалғасуда: жаяу жүргінші жолақтары салынып, көгалдандырылуда, көше инфрақұрылымының элементтері мен жарық шамдары орнатылуда.
К.Тіленшин көшесіндегі автокөлік өткелін де биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ал, Бәйдібек би даңғылы мен Қ.Төлеметов көшесінің қиылысындағы жолайрықты да биыл пайдалануға беру назарда тұр.
Сонымен қатар, көлік кептелістерін азайту бағытында қолданыстағы жолға балама жол ретінде Ы.Алтынсарин, Ақсүмбе, Қ.Қазиев көшелерінің жалғасы, Шұбаркөл көшесі, Алатау батыр – Абылайхан көшесін қосу, Е.Исрайлов (Қапал батыр көшесіне дейін) көшесін қайта құру және 2 көшенің күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде (7,3 шақырым, Ю.Сареми, Жаңақұрылыс көшелері).
Бұл жұмыстардан бөлек, шалғай және ішкі орам көшелеріне 2026 жылы 205 шақырымға асфальт жабындысын төсеу жоспарланған. Жыл басынан бері 4 айдың қорытындысы бойынша оның 69,8 шақырымына асфальт жабындысы төселді. Атап айтқанда, Абай ауданында – 30,0 (жоспар 53,0 шақырым), Еңбекші ауданында – 15,0 (жоспар 38,0 шақырым), Тұран ауданында – 20,0 шақырым (жоспар 50,0 шақырым), әл-Фараби ауданында – 4,8 шақырым (жоспар 25,0 шақырым) жұмыстар орындалған.












