ЖЕР ТЕЛІМДЕРІ МЕМЛЕКЕТ МЕНШІГІНЕ ҚАЙТАРЫЛУДА

0
22

Шымкент қаласының Бас жоспарын жүзеге асыру мақсатында Жер қатынастары басқармасы тарапынан жер телімдері мен басқа да жылжымайтын мүліктерді мемлекет мұқтажына мәжбүрлеп иеліктен шығару жұмысы жүргізілуде.

Қазіргі таңда қала аумағындағы жол инфрақұрылымын дамыту үшін Бәйдібек би даңғылына балама жол саналатын С.Бәйтереков көшесінің жалғасы – Ы.Алтынсарин көшесін (Мұстафа Шоқай көшесінен Тұран шағынауданына дейін) қайта құру нысанының құрылысына түсетін жер учаскелері толық мемлекет мұқтажына қайтарылды. Қала әкімдігінің мәліметінше, үйлер мен басқа да жылжымайтын мүліктер бұзылып, жол құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар, Таскен тұрғын алабындағы Ақсүмбе көшесін жалғастыру құрылысына түсетін 37 жер учаскесі мен жылжымайтын мүліктерді мемлекет мұқтажына алу туралы Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысы қабылданып, тиісті жұмыстар басталған.

Жол құрылысын оңтайландыру және осы аумақ тұрғындарының өтініштеріне сәйкес, Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан жолдың жобасына өзгерістер енгізілуде.

Мемлекет мұқтажына жер учаскелері мен басқа да жылжымайтын мүліктерді иеліктен шығару барысында барынша ашықтық, қолданыстағы заңда көзделген принциптер толық сақталады.

Таскен шағын ауданы арқылы Тұран шағын ауданына шығатын Ақсүмбе көшесін жалғастыру жобасы тұрғындардың ыңғайлы қатынауына, көлік ағынын тиімді реттеуге және шағынаудандар арасындағы байланысты жақсартуға бағытталған. Құрылыс 2025 жылдың қараша айында басталып, қазіргі таңда нысан аумағында тиісті инженерлік және жол құрылысы кезең-кезеңімен атқарылуда.

Жобаның жалпы ұзындығы —  1,7 шақырым. Жолдың бойында аяқжол мен түнгі жарық шамдарын орнату қарастырылған. Сондай-ақ, жол құрылысына байланысты инженерлік желілердің де орны ауыстырылады.

Нысан 2026 жылдың соңына дейін толық пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.