«ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫП, ЖАҢА ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ АШЫЛАДЫ

0
43

«Әділет» партиясының Түркістан облыстық мәслихаты депутаттығына кандидаттарының сайлауалды штабының мүшелері Отырар ауданына қарасты Шәуілдір ауылында тұрғындармен кездесті. Жиынға партияның облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Алмас Салимов, штаб мүшелері және облыстық, аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттар қатысты.
Кездесу барысында партия бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, Отырар ауданында жүзеге асырылатын жобаларға ерекше назар аударылды.
Сайлауалды бағдарламаға сәйкес, алдағы жылдары Түркістан облысында ауқымды инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланған. Соның ішінде Отырар ауданында да бірқатар жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады. Бұл бастамалар аудан экономикасын жандандыруға серпін бермек.
«Отырар ауданының ауыл шаруашылығын дамытуға, кәсіпкерлік пен шағын өндірісті өркендетуге әлеуеті зор. Біздің мақсатымыз – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, нақты жобаларды жүзеге асыру. Инвестициялық бастамалардың іске қосылуы аудан үшін жаңа жұмыс орындары мен қосымша табыс көздерін қалыптастыруға ықпал етеді. Ең бастысы, тұрғындар туған жерінде еңбек етіп, өз кәсібін дамытуға мүмкіндік алуы керек», – деді Алмас Салимов.
Партия бағдарламасында ауыл кәсіпкерлерін қолдау да қарастырылған. Облыс көлемінде кәсіпкерлерге жүйелі қолдау көрсетіліп, ауылдық жерлер мен шағын қалаларда бизнесті дамытуға басымдық берілмек. «Іскер аймақ» бағдарламасы аясында да шағын және орта кәсіпкерлікті өркендетуге бағытталған бастамалар жүзеге асырылады.
Кездесу барысында тұрғындар өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп, ауданның дамуына қатысты мәселелерді көтерді. Штаб мүшелері партия бағдарламасындағы бастамаларды түсіндіріп, Отырарда жоспарланған жобалардың маңызын атап өтті.

«Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі