«DIVALUXE» ЖИҺАЗ ФАБРИКАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

0
28

Үгіт-насихат науқаны аясындағы кездесулер Сауран ауданындағы өндіріс орындарында да жалғасын табуда. Осы орайда штаб мүшелері «Divaluxe» жиһаз фабрикасының қызметкерлерімен жүздесті.

«Divaluxe» – жиһаз өндірісіне маманданған отандық кәсіпорын. Фабрикада заманауи технологияларды пайдалана отырып, жатын бөлме, қонақ бөлме, ас үй жиһаздары мен түрлі үлгідегі шкафтар өндіріледі. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 25 мың данаға дейін жетеді. Бүгінде мұнда 250 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Кездесу барысында штаб мүшелері «Әділет» партиясының бес жылдық сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, экономиканы дамыту, отандық өндірісті қолдау, кәсіпкерлікті өркендету, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелеріне тоқталды.

Сонымен қатар жергілікті өндіріс орындарының әлеуетін арттыру, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау және еңбек адамдарының әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытындағы партияның басымдықтары түсіндірілді.

Жиын соңында кәсіпорын қызметкерлерінің ұсыныс-пікірлері тыңдалып, өзекті мәселелер төңірегінде ашық пікір алмасу өтті.