Шымкентте халықпен кері байланыс жүйелі жолға қойылған

388

Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасына сәйкес Шымкент қаласында халықпен кері байланыс орнату жүйелі жолға қойылған.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов бастаған басшылық өкілдері тұрғындармен онлайн кездесулер өткізіп, әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирде байланысып отырады.

Қала әкімі ай сайын тұрғындарды онлайн жеке мәселелері бойынша қабылдаса, апта сайын түрлі тақырыпта өзінің парақшасында тікелей эфирге шығып тұрады. Жыл басынан бері 11 рет тікелей эфирге шыққан болса, әкім және оның орынбасарлары 70 рет онлайн кездесу өткізіп, онда 555 тұрғынды қабылдаған.

Одан бөлек соңғы 2 айда аудан әкімдері мен басқарма басшылары 25 рет тікелей эфирге шығып, тұрғындар сауалына жауап берген. Атқарылған жұмыстар жөнінде есеп беріп, жоспарлармен бөлісіп отырады.

Мысалы, мегаполис басшысы өткен жұмада тұрғын үйді басқарудың жаңа түріне (ОСИ) көшудің артықшылықтарын түсіндірді. Жаңа заңға сәйкес көп қабатты тұрғын үйлер жай серіктестік немесе мүлік иелерінің бірлестігін құрып жатыр.

Ақпараттық танымдық жиекті арттыру мақсатында бүгін Абай ауданының әкімі Б.Парманов @akimat_shymkent әкімдіктің инстаграмдағы ресми парақшасында аталған тақырыпты тағы да кеңінен тарқатты. МИБ немесе ЖС құру үшін не істеу керек, кімге бару керек, қандай тиімділігі бар атап өтті. Эфир барысында қойылған 70-ке тарта сұраққа жауап берді.