ҮЙДЕГІ ТӘРБИЕНІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ
Отбасындағы тәрбиенің маңыздылығы ерекше. Бала кішкентайында отбасында нені көріп өссе, есейгенде сол әрекеттерді қайталауы қалыпты жағдай екені рас.
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында «Ауылда азаматтық бастамаларды дамытуға бағытталған іс-шаралар кешенін ұйымдастыру» жобасы аясында аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы мен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің орталық кітапханасымен бірлесіп Отбасы құндылықтары, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу тақырыбындағы жиын Шұбар ауылы әкімшілік ғимаратында өтті.
Оны Шұбар ауылдық кітапханасының кітапханашысы Ешмұрат Әсем ұйымдастырды. Оған аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Тәйтелиева Гүлия, ауданның құрметті азаматы, Шұбар ауылдық әжелер алқасының төрайымы Ертай Рымкүл, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұяқбаев Батырхан, Жусансай ауылының тұрғыны, журналист Өмірұлы Абылайхан, Д.Қонаев атындағы жалпы орта мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Арыстанбек Жанат, аудандық кітапханалар жүйесінің директоры Еспенбетова Феруза, ауылдық аналар алқасы төрайымы Әлпейісова Қалампыр және Шұбар ауылының үлгілі отбасылары Оспановтар әулеті қатысты.
Бұған дейін де мұндай іс-шаралар аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Тәйтелиева Гүлияның ұйымдастыруымен бірнеше ауыл округтерінде өткен болатын.
Шұбар ауылының үлгілі отбасылары Оспанов Дұрысбек пен Оспанова Ұлбосын 2-ұл, 3-қыз өсіріп, 15-немере сүйген үлгілі азаматтар. Оспанов Дұрысбек «Шұбар» өндірістік кооперативінің төрағасы, Оспанова Ұлбосын аудандық аурухана дәріханасының меңгерушісі болып жұмыс істеген. Қазіргі таңда екеуі де зейнеткер. Ұлды ұяға, қызды құтты орындарына қондырып отырған аяулы жандар.
Іс-шараға қатысқан қонақтар отбасындағы сыйластық, тәрбие, ата-ананың міндеттері қандай екенін кеңінен әңгімелеп, өздерінің өмірден көрген, түйген ойларымен бөлісті. Интернеттің дамыған заманында қазіргі жастардың барлығы телефон көріп, соған еліктеп отырады. Жастар көп уақытын телефонға емес, кітап, газет-журналдар оқыса деген ойларын да тілге тиек етті.
Отбасының бірлігі мен ынтымағы, отбасына деген жауапкершіліктен, ерлі-зайыптылардың бір-біріне түсіністікпен, силастықпен қарауынан тұратынын айтты. Өнегелі отбасының немерелері өлең айтты, би биледі. Кітапхананың кішкентай оқырмандары да қара өлеңнен құр еместіктерін көрсетіп, ақындардың өлең шумақтарын жатқа айтып берді.
Іс-шара соңында аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы қорытынды сөз сөйлеп, ауданның құрметті азаматы, ауылдық әжелер алқасының төрайымы Ертай Рымкүл, үлгілі отбасы Оспановтар, кітапханашы Ешмұрат Әсем алғыс хатпен марапатталды.
Одан кейін бұл игі іс-шара Қараспан ауыл округіне қарасты Берген ауылында жаңадан пайдалануға берілген мәдениет Үйінде жалғасын тапты. Онда ауыл кітапханашысы Қазыбаева Роза, Сейітқұлов Құнанбай, Төлебаева Масаты және Сығаева Базаркүл отбасылармен таныстырды.
Сейітқұлов Құнанбай мен Сейітқұлова Райхан 2 ұл, 3 қыз өсіріп, 22 немере, 9 шөбере сүйген өнегелі жанұя. Сейітқұлов Құнанбай мектепте директорлық қызметті атқарса, Сейітқұлова Райхан мұғалім болған. Қазір екеуі де зейнеткер. Бұлардың отбасындағы ұстанымдары, әулеттің білім саласына сіңірген еңбектері туралы, бала тәрбиесі, үйдегі ынтымақ пен сыйластық туралы кеңінен әңгімеленді. Балаларының бәрі де жоғары білімді, әр түрлі салада еңбек етіп жүргенін айтты. Немерелері «Наз қоңыр» тобында ән айтады екен. Құнанбай Аружан мен Әмәнәлі Еркеназ «Бұлқынды жүрек» әнін домбырамен құлақтың құрышын қандыра орындап берді.
Онан кейін Қараспан ауылының әжелер кеңесінің төрайымы Төлебаева Масаты 30 жыл поштада жұмыс істеп зейнеткерлікке шыққан. Ақ жаулықты ана 1 ұл, 1 қыз өсіріп, 10 немере тәрбиелеп отыр. Бала тәрбиесіне, отбасының ауыз біршілігі, келін, қыз тәрбиесіне ерекше тоқталып, өмірде болып жатқан келеңсіз мәселелерді сөз етті. Немерелерінің жетістіктері туралы да айтуды ұмытқан жоқ. Немересі Ермекқызы Ұлданай Б.Оңтаев атындағы мектептің 4-сынып оқушысы.
Талай жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған екен. Ақтөбе қаласында өткен жарысқа жүрерде мектеп ұжымының көп көмегі тиіпті. Әсіресе мектеп директорының міндетін уақытша атқарушы Әбілдабекова Қасиетке айтар алғысым көп деп, сөз арасында оны да айта кетті. Ермекқызы Ұлданай бірнеше әндер орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Төреарық ауылының әйелдер кеңесінің төрайымы Сығаева Базаркүл 2 ұл, 4 қыз өсіріп, 20- дан аса немере тәрбиелеп отырған жан. «Балаларым ешкімнен кем болмасын деп жұмыс таңдаған жоқпын. Оларды оқыттым, бәрі де жоғары білімді, ұлды-ұяға, қызды-қияға қондырып, бейнетімнің зейнетін көріп отырмын» — дейді. Үй боламын деген адам барлық нәрсеге төзе білуі керектігін сөз етті. Бұл отбасыларда өзара сыйластықтарының зор екенін, тәрбиелі ұрпақ өсіріп отырғандарын көрсете білді.
Игі іс-шараның жалғасы Бөржар ауылдық округіне қарасты мәдениет Үйінде өтті. Ауылдық кітапханашы Бегімбет Нұрсұлудың ұйымдастыруымен
Тұңғышбаев Заманбай, Сейдуәлі Оспанның отбасыларымен кездесу ұйымдастырылды. Оған аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Тәйтелиева Гүлия, аудандық кітапханалар жүйесінің директоры Еспенбетова Феруза, Бөржар ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Абдулдаева Салима, «Нұр Отан» партиясы Бөржар астауыш ұйымының төрайымы Тұрысбекова Анар, әкелер кеңесінің төрағасы Нұрбай Арысбек қатысты. Жиынды Абай атындағы орта мектептің 9-сынып оқушылары Әбдірахым Нұрсәуле мен Тастан Ақбота жүргізді.
Келген қонақтармен таныстырып, Әбдірахим Ақсәуле «Анашым» әнімен кешті бастады.
Үлгілі отбасы Тұңғышбаев Заманбай мен Тұңғышбаева Өлмес 62 жыл бірге өмір сүріп, 27 немере, 22 шөбере көрген қариялар. «15 жасымнан колхоздың қойын бақтым. Еңбекке ерте араластым. Бірақ одан жаман болған жоқпын. Сонымен отбасымды асырадым, апаларыңмен отбасын құрып, 3 бала, 5 қыз өсіріп тәрбиеледік.
Бәрін оқыттық, үйлі-жәйлі еттік. Қазір жасым 82 де» — деп бастады әңгімесін Заманбай қария. Жастар тек еңбек ету керек. Жанұя құрған жастар алдарына мақсат қою керек. Әке-шешенің дайындап берген дүниесіне еге болып отыра бермей, алға қарай ұмтылғаны жөн. Әйел адам ерін сыйлап, соның дегенімен жүретін болса, ол отбасында ынтымақ та, бақ-береке де, сыйластық та болады. Ондай ортадан шыққан баланың да тәрбиесі жақсы болатынына сенемін деді қария.
Сейдуәлі Оспан мен Тәжібай Ұлжалғас 2 ұл, 2 қыз өсірген, 9 немеренің ата-әжесі. Отағасы жеке кәсіпкер, отанасы ұлағатты ұстаз болған, қазір зейнеткер. Абай атындағы орта мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. Бұлар да бала тәрбиесі, отбасы құндылықтары, енемен келіннің сыйластығы, қыз тәрбиесі туралы әңгімеледі. Немерелері өлең оқып, ән айтты, әже мен немеренің арасындағы байланысты сахнада көрінісетіп көрсетті.
Келген қонақтар сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды. Аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Тәйтелиева Гүлия келген қонақтарға алғыс хат тапсырып, иықтарына орамал жапты. Осындай ауылға, елге үлгі-өнеге болып отырған азаматтардың татулығы, бірлігі өзгелерге, жастарға үлгі болады деген ойдамыз.
Айнұр ҚОЖАГЕЛДИЕВА.