ҚАЖЫМҰҚАНҒА ЕТІК ТІККЕН ЖАУЫНГЕР
Жиырма төрт патшалықтың жерін басып, жер шарының 54 мемлекетін аралап, 48 медаль олжалап, қазақ ұлтының рухын асқақтатып бүкіл әлемге танытқан, түркі халықтарының ішінде қазақтың ғана маңдайына біткен, дүниежүзілік сайыста әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ алыбы, туғанына 150 жыл толып отырған күш атасы Қажымұқан бабамыздың ел ішін аралап өнер көрсеткеніне жұртшылық қанық болса керек.
Сондай сапардың бірі 1947 жылы шалғайдағы Созақ ауданы Созақ ауылының айналасындағы колхоздарды аралап өнер көрсетуі десек болады. Сол барған сапарында Созақта Тұяқов Әбтіқайым деген кісінің үйіне түскен екен.
Кісіге дастарқан жайып күтіп, шығарып салатын үйдің қатарының да тым аз кезі ғой. Әбтіқайым соғыста жараланып, бір аяғы жуан санынан кесілген, елге ерте оралып, шаруашылықта басшылық қызметте жүрген. Сол кездегі өлшеммен қарағанда тұрмыс-жағдайы Қажекеңді күтіп алуға лайықты деп ұйғарым жасалса керек. Көргендердің айтуынша, Қажекеңнің қасында әйелі және арбакеші болыпты. Дастарқан басында Қажекең бір етік тіктірейін деп едім десе керек. «Ол шаруаны бізге қалды-рыңыз, осы ауылда соғыстан келген Исаев Тікен (азан шақырып қойған аты Омар) деген шебер етікші бар, соған тіктіртеміз» деп кеу-кеулейді отырғандар.
«Олай болса, онда етікшіні дереу шақырыңдар» дейді. Күтушілердің бірі жүгіре басып, етікшінің үйіне келсе басын көтере алмай қатты ауырып жатыр екен. Ауырып жатса да Қажымұқан шақырып жатыр дегеннен кейін күш-жігерін жиып, Әбтіқайымның үйіне үш рет демалып, бір сағаттай уақытта әрең жүріп келсе, Қажекең төрде қос жастық жастанып, ұзынан түсіп, шөккен нардай болып жатыр екен дейді. Содан етікші келді деген дауыс естіліп қалады. Қажекең «осы маңдағы ауылдарды аралап қайтқанша етік дайын болатын болсын» дейді. Палуанның рухы күш берді ме бағанағыдай емес, кішкене қозғалысы ретке келіп Қажекеңнің аяғын, балтырын, санын өлшеп алады.
Тікен ағамыз соғысқа 1942 жылы аттанып, соғыстың басынан аяғына дейін қатысып, елге 1946 жылы бір жыл кешігіп оралыпты. 1943 жылы 14 қазанда Запорожье қаласын жаудан азат етуге қатысқаны үшін Сталиннің алғыс хатын алған. Өте сымбатты, аяқ киімді өте сұлу тігетін шебер кісі еді. «Жеңгеміз Аманды Созаққа қыдырып келген жерінен, көзі түсіп ұнатып, керемет сәнді туфли тігіп беріп, сезіміне бөленіп, өзіне қаратып алған еді» деп ауылдастары да, бірге жұмыс істеген етікшілер де айтып жүретін. Аман жеңгемізден сегіз перзент (бес ұл, үш қыз) көріп,өте тату-тәті ғұмыр кешіп, 1966 жылы 60 жасында ауыр науқастан қайтыс болды. Ағамыздың атының Тікен аталуының сыры мұрты қәдуелгі аттың қылындай болғандықтан жеңгелері «Шөңге» деп атап кетуінің салдары ма екен деген ой келеді.
Қажекеңнің аяғының өлшеміне келетін қалыптың табылмайтыны айтпаса да түсінікті, содан алдымен қалып құрастырудан бастайды. Ол кезде етік тігетін материалдың тапшы кезі. Содан сол жерде ақылдаса келе екі сегіз жасар серкені сойғызып терісін өзі өңдейді. Қысқа уақыт ішінде теріні өңдеп, иін қандырып, етік тігетін материал дайындау машақаты көп шаруа. Ауруын ұмытып, күндіз-түні тыным таппай, тапсырманы мерзімінде сапалы орындауға бар күш-жігерін жұмсап, жанкештілікпен еңбектенеді. Қажекеңнің қай ауылда өнер көрсетіп жүргенінен күнде хабар алып отырады.
Содан Қажекең Созаққа жақын орналасқан колхоздарды аралап, күнде кешке біреуінде болып, өнерін қөрсетіп, халықтың қошемет-құрметіне бөленеді. Кезек «Талапты» колхозына келгенде қарсы алушылардың алдында шоқша сақалды, басында айыр қалпағы бар, домбырасын солақай ұстап күй шертіп тұрған күйшіге назары бірден ауған Қажекең де: «Атыңа бұрыннан қанық едім, Сүгірсің ғой» деп құшағын жайып төс қағыстырып, жұртшылықтың қоршауына еніп кете барған екен. «Талапты» колхозының төрағасы Ерімбетов Тоқабай сол өңірде бұрын-соңды болмаған үлкен заманауи мектеп салғызған (сол мектепте осы жолдардың авторы да 1957 жылы төртінші тоқсанды тамамдаған, қазір «Талаптының» орны ғана жатыр), қара табақ деп аталатын 50 радиоқабылдағыш нүкте орнатып, радио торабын іске қосқан іскер азамат еді.
Сол өңірде көзін көрген, бірге жүріп дәмдес-тұздас болған көне көз қариялар Тоқаңның тапқырлығын, әзілкештігін аңыз әңгімедей ауыздарының суы құрып айтып отыратын. Белгілі ақын Жарылқасын Боранбаевтың 2007 жылы «Нұр-әлем» баспасынан шыққан «Созақ әзілкештері» кітабында Тоқаңның тапқырлық, әзілкештік қырының бір парасы қамтылған.
Өнер көрсету, күтіп алу ертеңіне «Талапты» колхозынан ары 8 шақырым жерде орналасқан 12 ауыл деп аталатын «Ынтымақ» колхозында жалғасады. «Талаптыда» күтіп алушыларлың ішінде болған «Ынтымақ» колхозының басқарма төрағасы Ысқақұлы Әділ ақсақал Қажекеңнің өнерін тамашалап, түн ауғанша қасында дастарқандас болып, палуанның Сүгір күйшіге ықыласы ауғаны сонша, тартылған күйлерге құлағын тосып, күйшінің саусақтарының қимылына мейірлене қарап, балаша мәз болған қылықтарына тәнті болған Әдекең әкеміз, Қажекеңе қайырылып: «Ертең сізді күйшінің ауылында күтеміз» деп ізет көрсетіп аттанып кетеді.
Сүгір атамыз өзі алғашқы үй салған 12 ауыл «Ынтымақ» колхозында 1956 жылға дейін тұрды. Ертеңіне қарсы алушылар арбада домбырасын ұстап, Қажекеңе қарама-қарсы отырған Сүгір күйшіні көріп, ерекше сезімге берілген үлкен-кіші, бала-шаға қаумалаған арба Әдекеңнің үйінің алдына келіп тоқтайды. Әдекең алдын ала дайындап қойған болуы керек, сол ауылдағы мықты деген 8 жігіт аяғына, қолына жармасып, демеп, Қажекеңді тік көтеріп түсіріп алады. Кешкісін Қажекең өнер көрсетіп «Талапты» колхозында өткізген полуторка машинасынан ауыр шойын ХТЗ тракторын үстінен өткізіп, білектей сом темірлерді мойнына орамал байлағандай ұштарын айқастырып ширатып қайта жазып тастайды.
Көпшіліктің ішінде Қажекең жазып тастаған сом темірді үйіне мықшыңдап ала қашқандар да болыпты. Таң атқанша көпшілік тарқамапты. Содан Қажекең Созақтан қайтқанша Сүгір күйшіні қасынан шығармай күйлерін тыңдап, күткен жерде де, кешке өнер көрсеткенде де ара-арасында күй тартқызып, жалғап жібер деп шынайы ілтипат білдіріп отырыпты. Сүгір атамыздың өтініші болу керек «Ынтымақ» колхозында тағы бір күн болып, Созаққа бет алып, «Талапты» колхозына жақындай бергенде Тоқабай бастаған көпшілік алдынан шығып, тағы бір күн арнайы қонақ болып, сыбағаңызды жеп кетіңіз деп өтініш жасайды. Көпшіліктің көңілін қимай Қажекең «Талаптыда» тағы бір күн қонақ болыпты.
Бұның сыры етікті тігіп үлгере алмай жатқан Тікен етікшінің екі күнге кідірте тұрыңдар деген өтініші болса керек. Ертеңіне қасына Сүгір күйшіні ертіп, Созаққа оралады. Сол күні кешке Созаққа кіреберісте солтүстікке бұрылған күре жолдың бойында қашан қар түсіп, үстін жапқанша көкпеңбек болып жататын «Тарса» деп аталатын сазды жерге текемет, кілем төселіп дастарқан жайылып, Қажекеңнің өнерін тағы да тамашалауға, әрі шығарып салуға халық көп жиналады. Баяғы уәде бойынша етігін көтеріп етікші Тікен де келіп сәлем береді. Қажекең жұрттың көзінше етікті аяғына киіп, көңілі толады. «Жақсы екен, Москваға киіп барып, келгесін музейге қоямын, ертең менімен бірге жүресің» дейді.
Қажекең жиналған көпшілікке дауыстап, бүгін өнерді Сүгір күйші көрсетеді депті. Сол кеште Сүкең ерекше өнер көрсетті дейтін еді, сол көріністің куәсі болған Колхоз Сағындықов, Құдірет Сүлейменов ағайлар. Күйшінің өнеріне тәнті болған Қажекең өзінің ризашылығын да, кеш кездескен өкінішін де бір ауыз сөзбен «қатар бірге жүретін жан екенсің» деп түйіндеген екен.
Содан Қажекең етікшіні өзімен бірге ертіп кетіп, бір-екі аптадан кейін ат мінгізіп, бір арба азық-түлік, керек-жарақ беріп қайырған екен (шешем Созақ көтерілісінің құрбандарының бірі Байбосынұлы Жәкененің қызы Рәштің өз аузынан естіген едім). Кейбір басылымдарда, теледидардан берілген деректерде Қажекең ішіп-жемнен тапшылық көріпті, қамқорлыққа мұқтаж болыпты дегенді оқығанда, естігенде «бұл қалай, арысын ардақтаған, жетім-жесірін жылатпаған ел едік қой» деген ойға қалып, сенгің келмейді.
Өнер көрсеткен жерлерінде Қажекеңе атаған малын бір малшы жинап, сол маңайда бағып, қайтарында он шақты ірі қара, жүз шақты майда мал айдап апарып берген екен. Баһадүрдің атын жамылып, өз пайдасын көздеп, іске асырмақ болған пысықайлардың жымысқы әрекеттерін дабыра қылудан аулақ болайық дегім келеді.
Мәди БАЙДӘУЛЕТОВ.
«Ana tili».