ӨТКЕН ҒАСЫР ТАРАЗЫСЫ – МУЗЕЙ ЖӘДІГЕРІ
Шымкенттен келе жатқан даңғыл жолдың Темірлан ауылына кіреберісінен солға қарай бұрылып, 1 шақырымдай жол жүрсеңіз, асфальтыңыз аз ғана төмендегендей көрінетін тұсынан «Ынталы» деп аталатын шағын ауыл басталып кетеді.
Бұрын бос жататын, бос жататын дейміз-ау, мақталық болған жерге қазір тұрғын үйлер салынып, екі ауыл біріге түскен. Оған дейін орналасқан ауыл тұрғындары темірландықтар делінсе, әрине, одан ары қарай қоныстанғандар ынталылықтар болады да. Дәл осы шекараның басталған тұсының екінші үйінде кезінде жақсы атымен елге белгілі болған Әбілдә қарияның үрім-бұтағы тұрады.
Жақында біздің музейімізге осы Әбілдә әулетінің қара шаңырағына қазір ие болып отырған немересі Төленді қажы Елібайұлының үйінен темір таразы әкелінді. Әрине, күнделікті өмірде өте көп пайдаланылатын таразыны білмейтін адам жоқ қой, сірә. Қазір дүкен мен базардың бәрінде электронды таразы, оны да жақсы білеміз. Кейбір дереккөздерге жүгінсек, тұрмыстық таразының серіппелі және иінді түрлері өте көп тараған секілді. Әрине, серіппелі таразыны қазір де көріп жүрміз.
Оны көбінесе өз бақшасының азын-аулақ өнімін базарға шығарып сататындар қолданады. Гір тасын қойып, сатылатын затты теңестіріп, грамына дейін көрсететін таразы да жәйлап қолданыстан шығып жатқандай. Себебі, технология өзгерді. Электронды таразылар көбейді, тіпті соны қою міндеттеліп те отыр емес пе?!
«Таразыдан жеу» деген де сөз бар халық арасында. Әрине сатушыға да, алушыға да ұнамайтын сөз. Базарға бара қалсаңыз, «менікі электронды таразы, бір грамыңды да жемеймін» дейтіндер де табылады.
Ал, мына таразы (суреттегі) біздің осы білетіндермізден мүлде басқаша. Көненің көзіндей болған бұл құрал өзіндік ерекшелігімен қызықтырды.
Темірден жасалған қос табақшасы бар. Оны теңестіріп отыру үшін сол табақшаға үш жерінен тесіп, жіп байланған. Сол жіптер (гір мен салынған затты көтере алатындай мықты болуы керек) түйіскен жерден жалғанып, екі табақты қатар көтере алатындай қалыңдықтағы көлденең темір таяқша орнатылған.
Сол темір таяқшаның қақ ортасына тағы да тігінен ұстап тұратын мықты темір бар. Яғни, сол темірді жоғары көтерсеңіз, таразыңыз өз міндетін атқарады.
-Есімді білгелі осы таразыны көріп өстім. Марқұм атам Әбілдә 1890 жылғы еді. Мен оң-солымды тани бастағанда атам жалғыз ұлынан тараған алты немересінің қамын ойлап, тынымсыз шапқылап жүретін.
Мал базардан уақ мал әкеліп, оны күтіп-баптап, жемдеп, бірнеше аптадан кейін қайта сататын. Орнына тағы әкеледі. Қазір ойлап отырсам, сол кезеңнің кәсіпкері екен ғой. Әйтеуір күнде демейін, апта сайын қой сойылатын десем, өтірік емес. Қара қазан бұрқылдап қайнап, ішінде ет пісіп жататын. Кейде «күнде ет асылғанша, бір мезгіл картоп қуырылса екен» деген балаң ойымыз да қылаң беретін.
Ал қысқы соғымға міндетті түрде ірі қара сойылады. Қазіргілер біле ме, жоқ па, «деңгенеге мал сойдық» деген тіркесті жиі естіп өстік. Қазір оны біз «жілікке ет алдық» деп жүрміз ғой.
Сексен жеті жыл ғұмыр кешіп, ақыл-есінен айнымай, бойын тік ұстап, кәрілікті жеңе білген атамның көзіндей болған көне таразыны музейге қойғаным орынды деп ойлаймын, — дейді бізбен әңгімесінде жетпістің үстіне шыққан ақ сақалды қариямыз.
Анықтап қарасаңыз, темір табақша тозыңқыраған, бұрынғысынан әлдеқайда жұқарғаны көрініп тұр. Темір болған соң біршама тот басқан. Бір кіләлік гір тасы да сақталыпты.
Өткен ғасырларда өлшеуіш құралы болған таразының музей жәдігеріне айналғанына біз де қуаныштымыз. Өскелең ұрпақ ата-бабасының күнделікті өмірінде тұтынған затын жәдігер ретінде сақтай білсек, болашаққа бұл да бір өнеге болмақ дейміз.
Кәусар ЖҰМАТАЕВА,
Ордабасы аудандық тарихи-өлкетану
музейінің экскурсия жүргізушісі.