МЕНІҢ ӘКЕМ
Өткен жылғы 6 қыркүйекте əкеміз Ордабек Жолшыбекұлы бұл дүниеден өтіп, бақилық болды. Асқар тауымыз болған əкемізден, анам өмірлік қосағынан айрылды. Орны ойсырап қалды. Біз үшін жақсы əке, анама сүйікті жар, немеелерін еркелеткен ата, бауырларына арқа сүйер аға, қайын жұртына сыйлы жезде, туған жері мен елі үшін туылған ер бол-ды. Əкемнің қазасына келушілер: «100 жылда бір туар қасиетті жақсы адам ғой, Орекең» деген шынайы жоқтау сөздерін айтты. Бұл сөздер əкеме лайықты. Оның тұлғасы биік, бойында асыл қасиеттер көп болды. Осындай ер тұлғасының қалыптасуы мен өмір тарихына тоқталсақ.
Əкем Ордабек 1951 жылғы 20 мамырда Ұялыжар ауылында, атам — Жолшыбек пен апам — Патшайымның отбасында дүниеге келген. 1957-1967 жылдар аралығында Абай атындағы орта мектепте білім алды. Ордабек Жолшыбекұлы мектептегі ең үздік оқушылардың бірі болды, сабақты зор ынта-ықыласпен оқыды.1968 жылы Ванновка Гидромелиорация техникумына оқуға түсіп, осы аталған білім ордасын «гидромелиорация» мамандығы бойынша 1971 жылы аяқтап, техник-гидротехник біліктілігін алды.
1983 жылы Қазақтың Еңбек Қызыл Ту орденді Ауыл шаруашылығы институтына түсіп, 1988 жылы осы аталған жоғары білім ордасын «агрономия» бойынша табысты аяқтап, «Ғалым агроном» мамандығын алды.
Еңбек жолын 1967 жылы туылған ауылында, «Бөржар» кеңшарында қатардағы құрылысшылықтан бастады. 1971 жылы осы ұжымның бас инженер-гидро-технигі, ал 1972-1981 жылдар аралығында Арыс суландыру жүйесінде аға инженер, бөлімше бастығы қызметтерін атқарды.
1981 жылдан 1993 жылдар аралығында Киров атындағы қалқоздың, кейіннен «Ақ-Бұлақ» ұжымшарының бас инженер-гидро-технигі, 1993-1996 жылдар аралығында бас агроном, «Ұялыжар» өндірістік кооперативінің бас инженер гидротехнигі. «Ораз» шаруа қожалығының төрағасы, Бөржар ауыл округі əкімі аппаратының бас маман-жер инспекторы, Ұялыжар ауылдық округінде əкім орынбасары, зейнеткерлік демалысқа шыққаннан кейін “Ордабасы-құс” кəсiпорнында бас гидротехник лауазы-мында еңбек етті.
Жолшыбеков Ордабек өз еңбек жолында астық өсіру мен жинау науқандарында таң атқаннан күн батқанға дейін егіс алқабынан табылды. Қамбаға құйылған астықта оның еңбек үлесі зор еді.
Тұған ауылы Ұялыжарда жүргізілген игі бастамалардың басында жүрді. Әрдайым тұрғындар игілігі үшін қызу еңбек етті. Əсіресе оның біліктілігі арқасында мамандармен бірлесе отырып “Таза су” бағдарламасы бойынша 6 ауылдың су жүйесi ойдағыдай жаңартылды, ауыз су мəселесі шешімін тапты. Ұялыжар, Ынтымақ ауылдарына газ құбырларының тартылу жұмысын тікелей ұйымдастырушысы болды.
Қаншама жылдар шешілмеген, ауыл халқы сарыла күткен газ да дəл осы Орекең əкім орынбасары қызметін атқарған тұста пайдалануға берiледi. Өйткені ол туған ауылының мұң- мұқтажын басқалардан да жақсы білді, сондықтан шешімін табуға қолынан келгенше өз үлесін қосты.
Әкем Ордабек Қазақстан Тұңғыш Президентінің «Тəуелсіздіктің 20 жылдығы» жəне Оңтүстік Қазақстан облысы. «Qurmet-AB» қоғамдық бірлестігінің «Мінсіз қызметі үшін» төсбелгілерімен марапатталған. Аудан əкімшілігінің, облыс маслихатының, «Нұр Отан» партиясының бірнеше мадақтаулары бар. Ордабасы ауданының 55 жылдығына орай «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төс белгісі берілді.
Əкеміз еңбекке өте жас араласты. Қандай қызмет атқармасын, аса жауап-кершілікпен, зор еңбекқорлықпен жұмыс істеді.
Нағыз кəсіпқой маман, еңбексүйгіш жан. Таң атқаннан күн батқанға дейін егіс даласының басында жүріп, əсіресе, науқан кезінде үй бетін көрмейтін. Үйге келген соң сол жұмыстарының есеп-қисабын, сызба-карталарын жасайтын. Аудан бойынша жер өлшеу мен картографиясын жасау бойынша ең үздік маман болғандықтан əкемізден көмек сұрап ауданнан адамдар жиі келетін. Жұмысқа бір шағымданып, жұмысын сөккенін естімеппіз, мидай ыстықта да егіс алқабында жүретін.
Əкем қанша еңбек етсе де міндет еткенді білген емес.
Қанша басқарушылық лауазымдар атқарса да кішіпейілдігін сақтап, қарапайым болып қала берді. Қолынан келгенше көмектесіп, қолда барын бəрімен бөлісетін. Қолы да ашық, жаны да жомарт, әкемнің жерге сіңірген еңбегі, төккен маңдай тері, адал қызметі бағаланып, ауданымыздың Құрметті азаматы болғаны дамылсыз еңбегінің, адамгершілік қасиеттерінің арқасы.
1971 жылы анамыз Құралай Қадірқұл қызымен отбасын құрып, екі ұл, төрт қыз тəрбиелеп өсірді. Бəрі де жоғарғы білімді. Немерелері атасының жылы алақанымен өсті.
Жұбайы Құралай денсаулық жəне білім саласында көп жылдар қызмет атқарған. 20 жылдан астам «Бөржар» кеңшарының орталығындағы «Айгүл» бала бақшасының меңгерушісі қызметін атқарды жəне ауылдағы қоғамдық шараларға да белсенді қатысты. Биыл шаңырақ көтергендеріне 50 жыл болар еді. Алтын тойымызды жасаймыз, Құдай қаласа, 70 – жасымды атап өтерміз деген арманы болған еді.
Басқарушы, білікті маман болса да менмендік пен тəкаппарлықты білмеген, кісіні бөлмей, бірін бауыр, бірін дос көрген, үлкенге құрмет-кішіге ізет көрсетуден таймаған жан еді. Кісі сыртынан сөз айтпайтын, ұрыспайтын. Бар жақсыға тəрбиелеп, бар жақсыны беруге тырысты. Əкелік махаббатына бөленіп өстік.
Əкемнің жаны жомарт, жүрегі кең, өнерге, адамгершілікке бай болды. Сегіз қырлы-бір сырлы. Жас кезінен беташар, той, құдалықтың бəрін жүргізетін. Ағайынның, сұраған жанның көңілін қалдырмай тойларында тамада болатын жəне де сол қызметіне бір тиын, бір шапан алмайтын. Спортқа да, биге де мықты болды.
Шахмат ойнау шеберлігі бір бөлек. Үйде əкемнің бай кітапханасы бар. Бізді оқуға, өнерге баулыды. Туған үйіміздің кей бөлмелерін төбесін өзі ағаштан шеберлеп жасады, оюлар салды. Ұсталығы да бар еді. Əкем қайтыс болған соң үйге қарасам, бар бұрышы əкемді еске салады. Баяны да, домбырасы да, сансыз қағаз — папкалары да тұр, бірақ өзі жоқ.
Қайран, əкешім… қанша мақтау сөздер айтсақ та, сіз одан да мақтаулысыз!
Біз үшін, басқалар үшін қаншалықты мейірімді кең болсаңыз, Аллаһ сіз үшін одан да мейірімді, рахымды болсын, пайғамбар-дан шапағат болсын! Жаныңыз жəннаттан жай тапсын! Біз үшін жақын да болса жұмбақ жан, сағыныш пен сағым болып қалдыңыз!
Ордабекқызы Роза.