ЖЕТПІС БЕСІНДЕ ДЕ ҚАЙРАТЫ ҚАЙТПАҒАН ЕДІ

781

Аты аңызға айналған палуан Қажымұқан Мұңайтпасов жайлы ел ішінде әңгіме көп. Бабаның қарашаңырағында туып-өскен соң ес білгелі палуанның үйіне бас сұққан ғалымдардың, шырақшы болған марқұм Есболған атам мен Науат әжемнің әңгімелеріне қанықпын.

1946 жылдың күзінде Қажымұқан атамыз Түлкібас ауданының Үрбұлақ ауылына қонаққа барып, өнер көрсетеді. Сонда палуан бірнеше адам әрең көтеретін нән тасты кеудесіне қойдыртып, дәу балғамен ұрғызып, қиратқанда да былқ етпейді. Үстінен автокөлікті жүргізеді. Ең қызығы, төртбұрышты 300 келідей гранит тасты құшақтап, бірнеше қадам жүріп барып, бір жағына лақтырып жібереді. 75 жастағы палуанның алапат күшіне таңданған ауыл адамдары шуласып қала береді. Осы көрініске бала кезінде куә болған Бердіқұл Әуелбеков ақсақал 2001 жылы сол алып тасты Темірландағы Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейіне тапсырды. Салмағы 350 келі екен. Мұндай тастар музей қорында жыл өткен сайын көбейіп келеді.

Меруерт ЕСКЕРМЕС, Қ.Мұңайтпасов атындағы облыстық спорт музейінің экскурсия жетекшісі, палуанның шөпшегі.