ҚАЛАЛЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ РЕФЕРЕНДУМДЫ ҚОҒАМДЫҚ ҚОЛДАУ ШТАБЫ ҚҰРЫЛДЫ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ҰЛАН ҚАРЖЫГЕРЛЕРІНІҢ ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК ЖИЫНЫ БАСТАЛДЫ

600

Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің алқа мәжілісі өтті. Ардагерлер кеңесінің мүшелері, қалалық қоғамдық штаб өкілдері және медиаторлар тобы қатысқан жиында референдумды қоғамдық қолдау мәселелері талқыланып, бірқатар шешімдер қабылданды.
Іс-шарада қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың мән-маңызын түсіндіріп берді.
– Референдумның мақсаты – жаңа қоғам, Жаңа Қазақстан құру. Алдағы референдум республиканың әрбір азаматына еліміздің болашағын айқындайтын тарихи оқиғаға қатысуға тікелей мүмкіндік береді. Конституциялық өзгерістер мен толықтырулар елдің саяси жүйесін қазіргі заман талабына сай түбегейлі өзгертеді. Сондықтан, баршаңызды қоғамдық-саяси мәні зор іс-шарада белсенділік танытуға шақырамын, – деді ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Референдумды қалалық қоғамдық қолдау штабының төрағасы Еркін Сатқанбаев штабтың атқарған жұмыстарының нәтижелерін баяндап, алдағы жұмыс жоспарларынан хабардар етті.
Жиын соңында Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің Референдумды қоғамдық қолдау штабы құрылды. Президент бастамасын жалпыхалықтық референдум шеңберінде талқылауды іске асыру жөніндегі Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің іс-шаралар жоспары түзілді. Әр аудан бойынша үгіт-насихат тобының мүшелері бекітілді.
Сондай-ақ, қалалық ардагерлер Кеңесі төралқасының үндеуі қабылданды.


«Шымкент келбеті» – Тағабай Қасымов

 

ҰЛТТЫҚ ҰЛАН ҚАРЖЫГЕРЛЕРІНІҢ ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК ЖИЫНЫ БАСТАЛДЫ

Бүгін Шымкент қаласында Ұлттық ұлан өңірлік қолбасшылықтарының қаржы қызметі бастықтарының оқу-әдістемелік жиыны басталды. Бұл туралы 6506 әскери бөлімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жиынға құқықтық тәртіп әскерінің 45 әскери қызметшісі қатысуда. Іс-шара әскери бөлімдердегі қаржы қызметтерінің жұмысын пысықтап, атқарылған жұмыстарына қорытынды жасау мақсатында ұйымдастырылды.
Айта кетерлік, Ұлттық ұлан әскери бөлімдерін қаржыландыру мәселесі 1992 жылы Ішкі әскердің (қазіргі Ұлттық ұланның) құрылған күнінен бастап 30 жыл көлемінде айтарлықтай оң сипат алды. Мәселен еліміздің қай қаласында болмасын, әр әскери қызметшіге жеке айлық көрсеткішінің, өзіне және отбасы мүшелеріне тағайындалатын пәтер ақысының мемлекет тарапынан төленуі жүйеленіп, уақытылы жүзеге асырылуда.
Оған қоса, арнайы құралдар, қару-жарақ, әскери киім үлгісін жаңарту мәселесінде де қаржы қызметкерлері қаражаттың заңды түрде толық қамды бөлінуін аса назарда ұстап тұратыны да жайлы айта кеткен жөн. Жиын қорытындысы мамыр айының 21-не жоспарлаған.