ШЫМКЕНТ: БИЫЛ ҚҰРБАН АЙТ НАМАЗЫ 9 ШІЛДЕ КҮНІ ТАҢҒЫ САҒАТ 6:40 ҚАЛАНЫҢ БАРЛЫҚ МЕШІТТЕРІНДЕ ОҚЫЛАДЫ ЖӘНЕ КЕЗДЕСУДЕ БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ ЗАҢНАМАЛЫҚ ӨЗГЕРІСТЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

291

Бүгін  Шымкент қаласы Ақпарттық-коммуникациялық орталығының брифинг алаңында  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет  Абдрахманов пен  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Шымкент қаласының бас имам орынбасары Мұхамеджан  Естеміров  қасиетті Құрбан айт мейрамына байланысты БАҚ өкілдеріне брифинг берді.

Шымқаламыздың Бас имамы биылғы жылы Құрбан айт намазы Шымкент қаласында орналасқан барлық мешіттерде 2022 жылы 09 шілде күні таңғы сағат 6:40  оқылатынын мәлімдеді.

«Қаржылай мүмкіндігі бар, əрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – уəжіп, мұсылмандық міндет. Ал шамасы келмеген адамға Алла Тағала мұндай міндет жүктемеген. Айт күндері аз да болса садақа беріп, қараусыз қалған қарттарға, жетімдер мен көпбалалы отбасыларға көңіл бөлу – сауапты іс болып табылады.

Құрбан айт намазын оқу, қатысу ер мен әйелге уажіп амал болып саналады. Мұсылман қауымын мейірімділік пен бірлікке үндейтін мерекеде барынша жақсылық жасауға тырысайық», -деді спикер.

Сондай-ақ, мереке күндері құрбандық шалушылар мен көмек алушыларға барынша ыңғайлы және ашық болуы үшін  ҚМДБ-ның https://www.qurban2022.kz/ru/ сайты арқылы онлайн және офлайн құрбандық шалу рәсімдері мен  мешіттерде қайырымдылық шаралары ұйымдастырылатын болады.

Үш күн бойы санитарлық талаптардың барлығына сәйкес келетін арнайы «Бозарық» қасапханасы мен қаланың төрт мешітінде бекітілген адамдар қызмет жасайтын болады.

Толық ақпарат алу үшін Шымкент орталық мешіті жанындағы «Құрбан айт «Call-Center»   орталығы мен  +7708 478 48 72 ұялы телефонына хабарласуларыңызға болады.

 

КЕЗДЕСУДЕ БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ ЗАҢНАМАЛЫҚ ӨЗГЕРІСТЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін М.Әуезов атындағы ОҚУ-да  ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Н. Бекназаров пен А.Қапбарова білім саласының қызметкерлерімен кездесті.

Жүздесуде білім саласындағы заңнамалық өзгерістер талқыланып, ұсыныстар айтылды. Айгүл Қапбарова өз сөзінде жұмыс тобында қаралып жатқан «Ғылым туралы» заң жобасы жайлы ақпарат беріп, ондағы негізгі қағидаларынан құлағдар етті. Атап айтқанда, «ғылыми атақ алу үшін шетелдік басылымда жарияланым болуы керек» деген қағидаға өзгеріс енгізу бастамасы көтерілгені, отандық ғылыми басылымдардың беделін арттыру назарда екенін атап өтті. Және ЖОО оқытушы-қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шаралары ойластырылып жатқанын да жеткізді. Бұл үшін ғылым саласы қызметкерлеріне арнайы әлеуметтік пакет қарастырылып жатқанын тілге тиек етті.

–Мемлекеттің ғылымға деген көзқарасы түбегейлі өзгеруде. Халықтың жағдайын жақсартып, әлеуетін арттыруға бағытталған заңдар дайындалып жатыр, — деп түйіндеді сөзін Айгүл Жарылқасынқызы.

«Ғылым министрлігінің дербес мекеме болып құрылуы қазақстандық ғылымды дамыту үшін жасалған шара. Ғылым академиясы қайта түлеп, оны қаржыландыру механизмдері қаралып жатыр», — деген сенатор Нұрлан Құдиярұлы жаңа Қазақстанды құру жолында білім саласы мамандарын бірлесіп амал етуге шақырды.

М.Әуезов университеті ұжымы тарапынан айтылған ұсыныстар арасында ОҚУ-не Ұлттық университет статусын беру жайы назардан тыс қалмады. Тұрғындар саны миллионнан асқан мегаполисте Ұлттық университеттің болуы өңірдегі зиялы қауым өкілдерінің құрамын сақтап қана қоймай, жаңа дәуір интеллигенциясының қалыптасуына ықпал етіп, жасампаз интеллектуал тұлғалардың шоғырлануына мол септігін тигізетіні айтылды.

«Шымкент келбеті» — Болатбек ӘБДІОРАЗ

Фото Серік Қосаев