ЕСІРТКІДЕН АУЛАҚ БОЛ, ӨЗ ӨМІРІҢДІ БАҒАЛА

277

 

Шымкентте «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» және «Жастар арасында нашақорлықтың алдын алу» жобасы іске қосылды. Аталған іс-шара Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен жоғары оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушыларына есірткі заттарының, ішімдік ішу мен темекі тартудың жас ағзаға тигізер зиянды әсері, болашақ өміріне келтірер кесапаты туралы түсіндірме жұмысы жүргізілді.

Қазіргі таңда қоғамда орын алған есірткелік заттарға және оның бизнесіне қарсы күресіп, қылмыстың алдын алу шаралары қарастырылуда. Осы орайда, қаладағы 10 жоғары оқу орнының студенттерімен кездесіп, түсіндірме жүргізу жұмысы жоспарланды. Шараға Шымкент қаласының Полиция департаменті тарапынан Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция майоры Бауыржан Карбеков, психологиялық коуч тренер Көмек Ертаев, «Шаңырақ» жастар мен жас отбасыларды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Сабира Байзақова, практик-психолог Айсұлу Тұрсынбаева жетекшілік етті. Алдымен С.Байзақова отбасындағы зорлық-зомбылық тақырыбына тоқталды. Оның айтуынша, қазір елімізде отбасындағы зорлық-зомбылық көрінісі белең алуда. Осы тақырып аясында «Шаңырақ» жастар мен жас отбасыларды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Сабира Байзақова біраз мәлімет берді.

– Бұл мәселе Қазақстандағы өзекті тақырып. Сондықтан студенттерге «Отбасының бақыты – өз қолыңда» тақырыбында іс-шара өткіздік. Мұндағы мақсат – тұрмыстық, психологиялық, сексуалдық, экономикалық зорлық-зомбылық тақырыбында жастарға алдын-ала түсіндіріп, отбасын құру алдында қарым-қатынасты зерделеп алуды үйрету. Осыған байланысты өңірімізде 2017-2018 жылдан бастау алған пилоттық жоба қолға алынған еді. Соның негізінде, осындай жобалар пайда болды, – деді Сабира Байзахова.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы жолдауында есірткі мәселесіне алаңдаушылық танытып, профилактикалық жұмысты жүргізу жоспарын жандандыруды талап етеді. Ішкі істер министрлігінің тапсырмасымен арнайы бекітілген жоспар аясында барлық білім мекемелерінде есірткінің зардаптарын жүйелі түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

– Жастар арасында есірткі сату және сатып алу фактілері азаймай тұр. Оған себеп, интернет желісінің кеңінен таралуы, әлеуметтік желілер кері әсер етуде. Соған байланысты, қыркүйек айының басынан, жыл соңына дейін өңіріміздегі барлық білім беру мекемелерінің студенттері мен оқушыларына аталған тақырып бойынша толыққанды түсіндірме жұмыстарын жүргізетін боламыз,–деді Бауыржан Карбеков.

Жыл басынан бері 4 000-нан астам есірткі саудасымен айналысып келген сайтты бұғатталып, одан бөлек дәріханаларда есірткінің орнын алмастыратын препараттардың дәрігердің рұқсатынсыз сатылғанын тәркілеген. Статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша 300-ден аса есірткінің заңсыз айналыммен қоса, түрлі құқықбұзушылық анықталды. Құқық қорғау органдары жыл басынан бері 200-ден астам қылмыстық іс қозғалғанын, олардың ішінде 58-і 29 жасқа дейінгі жастарды құрайтынын айтып өтті.
Ашық форматта өткен дәріс барысында психологиялық коуч-тренер Көмек Ертаев студенттерден сұрақ-жауап алып, тақырыпқа байланысты қызықты ойын жүргізді. Студенттерге зорлық-зомбылық және нашақорлықтың алдын алу оқиғаларының болдырмау жұмысын түсіндірді. Соның нәтижесінде қылмыстың саны азайғанын айтып өтті. Қоғамдық ұйым өкілдерінен бөлек, психолог мамандары да қатысып, студенттерге аналитикалық сауалнама жүргізді.
Зорлық-зомбылық әрекеттері байқалған жағдайда ұлттық сенім желісіне 111 және 150 нөмері арқылы тегін хабарласуға болады.
Егер көру, есту және сөйлеу қабілетіңіз нашар болса www.telefon150.kz порталына немесе 8-775-435-15-18 телефонына whatsapp арқылы хабарлама жаза аласыз.
Сенім желісі 8-7252-45-03-03 және ұялы 8-775-450-54-33 байланыс желісі тәулік бойы жұмыс істейді.