ТҮРКІСТАН: «ЭКОБАЗАРДАҒЫ» ЖӘРМЕҢКЕДЕ АЗЫҚ-ТҮЛІК АРЗАН БАҒАДА САТЫЛЫП ЖАТЫР

334

Бүгін Түркістандағы «Экобазарда» ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік жәрмеңкесі басталды. Басты мақсат – әлеуметтік маңызы бар азық түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру, тұрғындарға сапалы өнімдер ұсыну. Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұрбол Бекмұратовтың айтуынша, жәрмеңкеге Түркістан облысының барлық аудан, қаласынан тауарөндірушілер қатысып жатыр.

– Жәрмеңкеге облыс диқандары мен тауарөндірушілері 500 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдерін алып келді. Тауарлар 15-20 %-ға төмен бағада сатылуда. Бұл жәрмеңке үш күнге созылады. Егер тұрғындар тарапынан сұраныс жоғары болса, мұндай іс-шараларды жалғастырамыз. Диқандарымыз бен кәсіпкерлеріміз «Экобазарда» жұртшылыққа сапалы өнімдерін ұсынуға дайын, – дейді ол.

«Экобазардағы» жәрмеңкеге 89 тонна ет және ет өнімдері, 157,5 тонна көкөніс, 23 тонна картоп, 68,5 тонна сүт өнімдері, 59 тонна бақша өнімдері, 51 тонна жеміс-жидек, 3 тонна бал, 26 тонна жеміс шырындары мен консервіленген өнімдері, 3 тонна балық, 20 мың дана жұмыртқа және 15 тонна нан өнімдері әкелінген. Сонымен бірге «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының Тұрақтандыру қоры арқылы да шекер, ұн және өзге де өнімдер арзан бағада елге ұсынылуда.

«Экобазарға» келген тұрғындар мен қала қонақтары жәрмеңкені ұйымдастырған ауыл шаруашылығы басқармасына, сапалы әрі арзан бағада өнім ұсынған кәсіпкерлер мен тауарөндірушілерге, диқандарға ризашылықтарын білдірді. Сондай-ақ тауарөндірушілердің басқосуында Астанада өткен жәрмеңкеге үлес қосқан Түркістан облысының кәсіпкерлеріне елорда әкімінің Алғыс хаттары тапсырылды.

Жәрмеңке қыркүйек айының 26-нан 28-іне дейін үш күнге жалғасады.

Түркістандағы «Экобазар» біраз уақыттан бері елге қызмет көрсетіп келеді. Мұнда кәсіпкерлер мен Түркістан тұрғындарына және туристерге барлық жағдай жасалған. Базар аймағында тауар сақтауға арналған 300 микроклиматтық қойма бар. Қауіпсіздікті сақтау үшін күзет қызметкерлері жұмыс істейді, бейнабақылау камералары орнатылған. Барлық санитарлық нормалар сақталған. Заманауи «Экобазарда» диқандар өз өнімінін бір қолдан, делдалдарсыз, тікелей ұсынып келеді.