ҚАЛА ТАЗАЛЫҒЫ – ӨРКЕНИЕТТІЛІГІМІЗДІҢ ӨЛШЕМІ 

251

«Тазалық – саулық кепілі» деген сөз ешқашан өзектілігін жоймақ емес. Әсіресе, қазіргідей адамзаттың тұтынушылық деңгейі артып, тұрмыстық қалдығы көбейіп тұрған заманда өзіміз өмір сүріп жатқан ортаның, елді мекеннің тазалығын сақтауға әрбіріміз мүдделі болуымыз керек. Олай болса, Шымкент қаласының тазалығы әр тұрғынның ішкі мәдениетінің көрсеткіші, өркениеттілігіміздің өлшемі деуге болады.

Өкінішке қарай, соңғы кездері Шымкент қаласында тұрмыстық қатты қалдықтың уақтылы шығарылмауына қатысты проблема туындап отыр. Көп қабатты үйлердегі қоқыс жәшіктері уақтылы тазаланбай, жеке секторда да кесте бойынша аптасына кемінде 1-2 рет шығарылып отыруы тиіс тұрмыстық қатты қалдық әкетілмей қалған. Бұл жағдай аулалар мен көшелердің ластануына әкеп соғуда. Мұндай проблеманың неден туындағанын түсіну үшін мәселеге сәл тереңірек үңіліп көрсек…
Ең алдымен, Қазақстанның құқықтық-демократиялық мемлекет екенін, бәріміздің заң үстемдігі бар құқықтық қоғамда өмір сүріп жатқанымызды түсінуіміз керек. Қоғамдық қатынастардың мұндай формасында мемлекеттің, оның ішінде жергілікті биліктің де, азаматтардың да, қала берді, бизнестің де құқықтары мен міндеттері заңмен белгіленетіні түсінікті. Тіпті, қоқыс тазалау секілді бір қарағанда ұсақ-түйек болып көрінетін мәселенің өзі заң және өзге де құқықтық-нормативтік актілермен регламенттеліп отырады. Егер біреу міндетін орындамаса, оның жауапкершілігі де заңда қарастырылған.
Қош, енді қолданыстағы заңнамаға назар аударсақ, мамандардың түсіндіруі бойынша, онда қаланың тазалығы екіге бөліп қарастырылған. Бірінші бөлігі – алаңдардың, көшелердің, аяқ жолдардың, аялдамалардың, саябақтардың, жалпы, барлық қоғамдық орындардың тазалығы. Бұған жергілікті билік тікелей жауапты. Мемлекеттің қазынасынан осы мақсатқа қаржы бөлініп, оны мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы мердігер компания ұтып алады.
Мәселен, Шымкент қаласындағы Қаратау ауданы — шағынаудандар мен тұрғын алаптары көп аудандардың бірі. Оған әкімшілік-іскерлік орталықтан бастап Нұрсәт, Қайтпас, Тассай, Таскен, Мәртөбе, Тұран, Ақжайық, Нұртас 1,2,3, Шымкент сити, Бозарық, Қайнарбұлақ, Достық шағынаудандарының аумағы кіреді.
Биыл аталған аймақтың тазалығы мен көгалдандыру жұмыстарына «Жасыл жер» ЖШС-нің Шымкент филиалы жауапты екен. Яғни, тендерде жеңіске жеткен бұл компания Қаратау ауданына қарасты 96 ірі көше және 504 ішкі орам көшесінің, аяқ жолдардың, аялдама мен ондағы қоқыс жәшіктерінің тазалығын сақтап, ағаш пен жасыл желекке жыл бойы күтім жасауға жауапты. Алда-жалда бұл компания өзінің келісімшартта көрсетілген міндеттемелерін орындамай жатса, Қаратау ауданының әкімдігі тапсырыс беруші ретінде одан талап етуге, тіпті, сотқа шағымдануға құқылы.
Қаладағы тазалықтың екінші бөлігі – тұрмыстық қатты қалдыққа қатысты. Яғни, сіз бен біздің күнделікті үйімізден шығарып жатқан қалдығымыз. Заң бойынша тазалықтың бұл бөлігіне тұрғындар, яғни, өзіміз жауаптымыз. Жауапты болған соң күнделікті қоқыс контейнеріне апарып салып жүрген қалдығыңыздың одан әрі уақтылы тазаланып, қаланың сыртындағы полигондарға дейін тасымалдануы үшін коммуналдық қызмет көрсететін жекеменшік компанияларға ақы төлеп жүрсіз.

Шымкент қаласында бұл қызметтің бекітілген тарифі бар. Көп қабатты үйлерде жан басына – 170 теңге, ал жеке секторда жан басына – 200 теңгеден. Яғни, бұл жерде отбасыңыздағы 5 адам үшін ай сайын 1 000 теңге төлеп жүрген Сіз қызметке тапсырыс беруші болып саналасыз. Ал сол қаржыны алып, арнайы техникасымен келіп, тұрмыстық қатты қалдықты тазалап, әкетіп жүрген жеке компания қызмет көрсетуші мердігер болып есептеледі. Демек, тұрмыстық қатты қалдықты тазалау және тасымалдау жұмысы Сіз бен мердігер компанияның арасындағы келісімшарттың негізінде жүзеге асып жатыр.
Ал енді Шымкенттегі проблема неден туындады? Осы сұраққа жауап беріп көрейік.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан дерек бойынша, қала аумағында 2 294 көп қабатты үй мен 4 268 көше бар. Соның ішінде 1 643 көп қабатты үй (71,6 пайыз) мен 1 058 көшенің (24,7 пайыз) тұрғындары шығаратын тұрмыстық қатты қалдықты тазалауға бір ғана компания жауапты екен. Яғни, бұл компания нарықтың үлкен бөлігін иеленіп, кішігірім монополия орнатқан деуге болады. Міне, сол компания соңғы бірнеше апта бойына өз жұмысын дұрыс атқармай қойған.
Оның себебі ретінде, біріншіден, дизель отынының тапшылығын айтқан. Қала әкімдігі тарапынан дер кезінде тиісті жұмыстар жүргізіліп, дизель отынына қатысты мәселе оң шешімін тапқан. Соған қарамастан, мердігер компания өз міндетін толық әрі уақтылы орындамай отыр. Ендігі сылтауы – тұрғындардың тұрмыстық қатты қалдықты шығарғаны үшін төлейтін ай сайынғы төлемдерін уақтылы төлемеуі. Ал тұрғындардың кейбірі болса, аулалар мен көшелердегі қоқыстың уақтылы тазаланбайтынын алға тартып, қызмет ақысын төлеуден бас тартып отыр. Тараптардың арасындағы осы келіспеушіліктің салдарынан қалада уақтылы тазаланбаған қоқыс көбейе бастады.
Бұл жағдайда көптеген тұрғын жергілікті әкімдікке шағымданып, наразылығын білдіріп жатыр. Алайда, бұл – жеке тұлға мен мердігер компанияның арасындағы мәселе. Тұрғындар қоқыс контейнерлерінің уақтылы тазалануын әкімдіктен емес, өздері келісімшартқа тұрған компаниядан талап етуі тиіс. Егер бұл талабы ескерусіз қалып жатса, келісімшартта көрсетілген міндеттемесін орындамағаны үшін тұрғындар әлгі компанияны сотқа беруге құқылы.
Мәселен, қазіргі таңда Еңбекші ауданында 630 көп қабатты үй мен жеке секторда 42 мың үй бар екен. Аудан әкімінің орынбасары Александр Малаховтың айтуынша, ауданның орталық бөлігіндегі тұрмыстық қалдық тасымалына «САТ» ЖШС жауапты. Ал Базарқақпа, Тұрдабад, Абдулабад, Бадам 1, 2 тұрғын алаптарының тазалығын «Весалидзе» ЖШС жүргізіп отыр. Айнатас, Жыланбұзған, Тоғыс, Елтай, Маятас аумағы – «Нұролжа» ЖШС-нің қадағалауында.
Көп қабатты үйлердің санына қарай арнайы қоқыс алаңшалары ұйымдастырылып, тұрғындардың санына қарай контейнер қойылған екен. Ол тәулігіне бір рет тұрақты түрде тазаланады. Жеке секторларда аптаның бір күні белгіленген. Яғни, сол күні әр үйден 3 қаптан аспайтын көлемде тұрмыстық қалдық алынады.
– Бүгінде қоғамда тазалық мәселесіне байланысты ағат пікір дендеп барады. Қаланың «белсенді», «жанашыр» тұрғындары көшеден немесе ауладан қоқыс көрсе, мәселенің байыбына бармай жатып «Әкімдік қайда қарап отыр?» деп әлеуметтік желіні шулатқанды жөн көреді. Алайда, қайталап айтатын жағдай, әкімдіктер көше тазалығымен айналысатын фирмалармен мемлекеттік тапсырыс аясында келісімшартқа тұрады. Ал тұрмыстық қатты қалдықтың тасымалы бойынша тұрғындар өздері мердігер компаниялармен келісім жасайды, – дейді А.Малахов.
Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде шаһардың әр ауданында экологиялық полиция жұмыс істеп келеді. Мәселен, биылғы 7 айда ҚР «Қазақстан Республикасындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодексінің 505-бабы бойынша қоғамдық орынды ластағаны үшін 261 азаматқа хаттама толтырылып, 690 720 теңге айыппұл салынған. Нәтижесінде 227 орын ретке келтіріліп, тазаланған.
Алайда, жоғарыда айтқанымыздай, біз құқықтық қоғамда өмір сүріп жатқандықтан, барлық нәрсенің заңдық тәртібі бар. Тұрмыстық қатты қалдықты шығару қызметі жөніндегі келісімшарт жеке тұрғын мен мердігер компания арасында жасалған. Келісімшартта көрсетілмеген үшінші тараптың, яғни, жергілікті әкімдіктің бұл мәселеге араласып, шара қолдануға немесе сотқа шағымдануға заң бойынша құқығы жоқ. Есесіне, жауапсыздық танытып, өз міндетін орындамаған компанияны тұрғындардың өздері сотқа беріп, оған айыппұл салдыра алады. Тіпті, бір ауланың немесе бір көшенің тұрғындары біріге отырып, жауапсыз компаниямен арадағы келісімшартты бір жақты тәртіппен бұзып, басқа компаниямен жаңа келісімшарт жасауына да болады.
Тұрғындар тап осылай өз құқықтарын заң шеңберінде қорғай бастаса, Шымкенттегі тұрмыстық қатты қалдықты тасымалдау нарығында бір ғана компания үстемдік етпей, бәсекелестік орта қалыптасар еді. Бұл өз кезегінде қызмет сапасының жақсаруына ықпал етері сөзсіз.

«Шымкент келбеті»