ФИЗИКА ПӘНІ ӨМІРДЕ КЕЗДЕСЕТІН ПРОБЛЕМАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУГЕ КӨМЕГІ ТИЕТІНДЕЙ ОҚЫТЫЛУЫ ТИІС

610

Физика — түсіну және қабылдау өте күрделі пән. Физика саласы үнемі жаңа мәліметтермен толықтырылып отыратындықтан, физика мұғалімі де білімін үздіксіз жаңартып отыруы заңдылық. Сол себепті физика мұғаліміне оқушыларға тақырыпты түсінуге көмектесу үшін осы күрделілікті жеңіп өтуге, оны оқушыларға жеңілдетілген немесе тиімді түрде жеткізуге айтарлықтай жүк артылары сөзсіз. Осы орайда 33 жылдан астам физика пәнінен ұстаздық етіп жүрген №15 Мағжан Жұмабаев мектебінің мұғалімі Ешмуратова Зере Сейітханқызымен жүргізген сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

 

— Зере Сейітханқызы, эксперименттік ғылым — физика пәні игерілуі өте қиын сала екені белгілі, мектеп қабырғасында жүрген 30 жылда мамандығыңыздың қиындықтары, физика пәнін меңгерудегі ерешеліктері жайлы айта кетсеңіз.

— «Ұстаз болу жүректің батырлығы, ұстаз болу сезімнің ақылдығы»  дегендей жалпы ұстаздық қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандық. Физика пәнінің мұғалімі болып ұстаздық еткен осынау жылдар аралығында қаншама шәкірт тәрбиелеп өсірдік, мол тәжірибе жинақтадық.

Қазіргі таңда қоғам мен мемлекет сұранысын қанағаттандыруда оқушыларға жекелеген пәндер бойынша білім, білік және дағдыны ғана меңгерту жеткіліксіз. Қазіргі оқу үдерісіндегі жылдан-жылға талап күшейіп «баланы қалай оқыту керек?» деген сұрақ туындайды. Ал физика кез келген баланың игеріп кетуі үшін қиындық туғызатын пәндер қатарында. Себебі   физикалық заңдылықтар формулалар мен теңдеулер арқылы математикалық амалдарға сүйене отырып физикалық құбылыстар мен табиғат құбылыстарын   жан-жақты түсіндіреді және шешеді. Баланың математикалық білімі жеткіліксіз болса, қиындықтар туындайды. Сондықтан оқушының қызығушылығын  арттыру мақсатында 7 сыныптан бастап физиканы оқытуда   мультимедиялық презентацияларды, анимацияларды, әр алуан көрнекі және техникалық құралдарды (модельдер, кестелер, тірек сызбалар, суреттер, жаңа технологиялар) жиі қолданамын. Бейнероликтер – оқу құралы ретінде қиялды, абстрактілі ойлауды, пәнге деген қызығушылықты арттырады. Кейбір оқушылар жазбашаға, кейбірі ауызшаға бейім болып келеді. Сондықтан жеке тұлғаны дамыту үшін, алдымен оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттырудың да маңызы өте зор екенін айтқым келеді. Осы ретте жаңа инновациялық әдіс–тәсілдердің ең тиімдісін пайдалану айтарлықтай нәтижеге қол жеткізеді. Функционалды сауаттылықты арттыру барысында оқушылар өзіндік ойларын қалыптастырып, оны ашық жеткізе білуге, пікірталас жүргізуге, өз қөзқарасын дәлелдеуге, өзге пікірлермен санасуға үйренеді. Жоғары сынып оқушылары мамандық таңдау мәселесі туындағанда физика пәніне байланысты техникалық мамандықтарға  жиі тоқталады. Нәтижесінде шәкірттерің оқуға түсіп, қуанышымен бөлісіп жатқанда қаншама жылғы еңбегіңнің  ақталғанын сезінгенде өзіңнен бақытты адам жоқтай болып тұрады.

 

— Ия, әрине, шәкіртіңнің жетістігін көргеннен артық мұрат бар ма ұстаз үшін. Зере апай, әлгі айтқан функционалдық сауаттылық терминіне кеңірек тоқтала кетіңізші.

— Бүгінде адамның білімі мен біліктілігіне қойылатын жоғары талап тарихи заңдылық. Функционалдық сауаттылық – адамның сыртқы ортамен қарым- қатынасқа түсе алу қабілеті және сол ортаға барынша тез бейімделіп, тіл табыса алу деңгейінің көрсеткіші. Оқушының ақпараттық мәдениеттілігін, сауаттылығын, алгоритмдік ойлауын қалыптастыру және эмоциялық қабылдау түрлері мен есте сақтау қабілетін дамыту. Өйткені қазіргі кәсіби білім беру жүйесі ұстаздардан жоғары кәсіби шеберлік пен белсенділікті, түрлі шығармашылық қызмет пен өзін-өзі басқару, өзін-өзі ұйымдастыру сияқты біліктіліктерді қажет етеді. Демек, функционалдық сауаттылық тұлғаның белгілі бір мәдени ортада өмір сүруі үшін қажетті деп саналатын және оның әлеуметтік қарым-қатынас жасауына керек болатын білім мен дағдылардың жиынтығынан құралады.

Сондай-ақ ескеретін жәйт, теория мен практиканы ұштастыруда әрбір пән бойынша берілетін білімнің мазмұны мен көлемін анықтағанда теориялық қағидалардың, заңдылықтар мен ережелердің, яғни ұғымдық-ақпараттық материалдардың бала өмірінде кездесетін түрлі проблемалық мәселелерді шешуге көмегі тиетіндей, бала оны қолдана алатындай практикалық маңызы ескерілуі тиіс.

 

— Ия, жазушы Уильям Артур Уорд «орта мұғалім анықтайды, жақсы мұғалім үйретеді, тәжірибелі мұғалім түсіндіреді, ұлы мұғалім қызықтырады», — деп айтқандай, өзі физика-химия пәндері десе үнжырғасы түсетін оқушыларды қызықтырып оқытатындай арнайы тәсілдер бар ма?

— ХХI ғасыр – бұл ақпараттық қоғам, технологиялық өркениет дәуірі. Ал бұл технологияны меңгеруде, ғылымды өркендетуде жаратылыстану пәндері  ішінде физиканың орны ерекше. Себебі ғылым мен техниканың үнемі дамып отыруы техникалық мамандардың біліктілігіне байланысты. Физика сабағында жаңа сабақты сапалы меңгерту үшін оқыту мен жазу арқылы сыни тұрғыдан ойлауды дамыту технологиясы арқылы және топтық жұмыс түрлерін, деңгейлік тапсырмаларды орындату, тірек сызбаларды, ойын түрлерін қолданып, логикалық және эксперименттік мазмұнды сапалық есептер шығарту — білім беру жүйесінде әлемдік жоғары деңгейге қол жеткізген, алдыңғы қатарлы оқыту әдіс-тәсілдерінің қатарына жатады. Математикалық, химиялық немесе географиялық т.б. есептерді шешу барысында оқушылар физикалық ұғымдар мен заңдылықтарды анағұрлым түсініп, сонымен қатар кәсіби даярлықтың негіздерін меңгереді. Соның ішінде физиканы оқыту барысында сабақтас пәндерден және нақтылы өмірден оқушыларға ұғынатындай етіп берілген мәліметтер ғылыми білімдердің пайда болу негізін, қоршаған ортаның табиғат құбылыстарын, физиканың ұғымдары мен абстрактілі жағдайларын тиімді жеткізеді. Физика – эксперименттік ғылым болғандықтан, онда теорияны практикамен ұштастыру мақсатында кейбір тақырыптардан кейін зертханалық жұмыстар өткізудің пайдасы мол.

 

— Оқушы жоғары оқу орнына түсерде міндетті түрде физикаға тереңірек дайындалу үшін ақылы репетиторларды іздей бастайтыны дәстүрге айналғандай. Сонда мектептегі алған біліміне көңілі толмағаны ма?

— Мектеп оқушысы жоғары сыныпта мамандық таңдап, алдына мақсат қойып білімін шыңдауға кіріседі. ҰБТ-дан жоғары ұпай жинап,өзі таңдаған мамандыққа оқуға түсуге талпынады. Ал білімнің іргетасы жылдар бойы алған білімнің негізінде қаланады. Егер сол білімді игеруде олқылықтар жіберілген болса, оны қосымша сабақтар арқылы толықтырып дайындық жасайды. Оны өз пән мұғалімімен мектепте өткізу немесе жеке мұғалімнен сабақ алуды оқушы мен ата-ана өздері таңдайды.

 

— Физика мамандығын бітіріп, жаңадан жұмысқа орналасып жатқан жастардың қадамын байқадыңыз ба?

— Қазіргі кезде физика пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасып жатқан жас мамандар жан-жақты білімді. Білім саласында болып жатқан өзгерістерді тез меңгеріп, жаңа ақпараттық–коммуникациялық технологияларды білім беру үдерісінде үйлесімді қолданады. Тәжірибелі ұстаз ретінде тағы айта кетейін, бiлiм беруде шәкiртке тек дайын бiлiмдi меңгертiп, оны қайталаумен шектеліп қоймай оқушының өзiндiк iзденiсiне, қызығушылығына бағдар берiп, олардың білімін өздігінен бағалай білу дағдыларын қалыптастыру қажет. Нәтижесінде оқушының дүниетанымы кеңейіп, өзіндік пікірі мен көзқарасы қалыптасады. Оқушылардың жоғарыда атап өткен функционалдық сауаттылықтарын дамыту үшін оқушылардың сапалы есептерді өз бетінше шығаруына мейлінше көңіл бөлген абзал. Мұндай тапсырмалар оқушының логикалық ойлау қасиетін шыңдайды және пәнге деген қызығушылығын арттырады. Сабақта әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, оқушылардың ой-өрісін дамытуға, есептер шығару кезінде қызығушылығын арттыруға, теориялық білімдерін практикада қолдана білуге үйретеді. Осындай жәйттарды ескерген жас мұғалімдер әлбетте білікті ұстаз болып кететініне сенемін.

-Сұхбатыңызға рахмет! Білімді оқушылар, білікті ұстаздар білім ұясының ар-ожданына айналсын!