САУРАН: АУДАН ӘКІМІ МАЙДАНТАЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ЖҰРТШЫЛЫҒЫМЕН КЕЗДЕСТІ

333

Бүгін Сауран ауданының әкімі Ғ.Рысбеков 2022 жылдың 9 айы бойынша атқарылған жұмыстарымен және алдағы уақытта жүзеге асырылатын жұмыс жоспарлары туралы бекітілген кестеге сәйкес, Майдантал ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін. Олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін» деп тапсырма берген болатын.

Майдантал ауылдық округіне барған аудан әкімі Ғани Құрмашұлы алдымен жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың өтініштеріне құлақ асты. Ауыл тұрғындары Е.Мұштаев тұрақты жұмысқа орналасуды сұраса, А.Шаймерденов, С.Баймаханов жайылымдық жер, ағын су мәселелерін көтерді. Тұрғындардың мәселелерін мұқият тыңдаған аудан әкімі тиісті бөлім басшыларына орындау бойынша нақты тапсырма берді.

Бұдан соң әдеттегідей кездесуде аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап өтті. Сонымен қатар, бұған дейін 3-ші тоқсанда өткен кездесу барысында тұрғындар тарапынан айтылған мәселелер бойынша атқарылған және атқарылатын жұмыстарға тоқталды. Майдантал ауылдық округінде бүгінгі күннің басты мәселесі шаруалардың ағын су болып отыр. Кездесуге «Тұран су» мекемесінің өкілі Қ.Үсенбаев арнайы келіп, ағын су мәселесі бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Майдантал ауылдық округінде алдағы жылдары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Жайлы мектеп» жобасы аясында жаңа мектеп салынатын болады.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары тарапынан сұрақтар қойылып, оған толымды жауаптар берілді. Ауыл тұрғындары аудан әкімі Ғ.Рысбековтің атқарып жатқан жұмыстарына алғыстарын білдіріп, алдағы жұмыс жоспарына табыс тілесті.